• RUB:
    5.31
  • USD:
    479.03
  • EUR:
    523.39
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Қаңтар, 2021

Тәуелсіздік тірегі – ұлт бірлігі

220 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіз­дік бәрінен қымбат» мақа­ласында тәуелсіздіктің қадірі мен құндылығын, оны сақтаудағы бағдар-белестерді айқындап берді.

Президент Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуындағы Елбасының дара көшбасшылығының маңызына айырықша тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы соңғы уақытта аумақтық тұтас­ты­­ғы­мызға күмән келтіріп, тату көр­ші­лік қаты­настарға сына қаққысы келе­тін кей­бір шетел азаматтарының аран­дату­­шылық іс-әрекеттеріне де жауап бере отырып, біздің екіжақты келі­сім­­дер­мен бекітіліп, халықаралық дең­гей­де та­ныл­ған шекарамыздың бар екенін баса айтты. 2018 жылы Каспий теңі­зінің құқық­тық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойыл­ғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқын­далып, түпкілікті шешілгені де белгілі.

Сондай-ақ Президент азаматтарымызды көптен мазалап жүрген жер мәселесі бойынша да сөз қозғап, қазақ­тың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейтінін тағы да растады.

Бірлікті ел бұзылмас, сондықтан мемлекетімізді біртұтас деп білуіміз және танытуымыз қажет. Ол үшін аймақ­тарымызды солтүстік, оңтүстік, батыс, шығыс деп бөле бермей, тарихи, мәдени маңызды атауларды енгізу де маңызды. Әрине, оны Мемлекет басшысы айтқандай, байыппен, ойланып жүзеге асыру керек.

Әр қазақ үшін аталарымыздың қаны мен тері тамған бір уыс топырақтың өзі – есебі жоқ байлық. Алайда бұл жерді дұрыс пайдалану, қадірін біліп қастерлеу, шынайы отансүйгіштікті қалыптастыру –  кезек күттірмейтін үлкен жұмыс.

Жаһандану мен ақпараттық даму заманында елдің жат жұрттың идеоло­гиялық ықпалына тез ілесіп кетуі белең алуда. Әсіресе жастар бұл қауіптің алдын­­да тұрғаны анық. Бұған төтеп беру­­дің жолы – жаңа заманға сай білім мен бәсе­кеге қабілеттілікті, артық­шы­лықтар­ды бойға сіңірумен қатар, тамырымызды, ұлттық болмысымызды берік сақтау.

Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі және кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформа­ларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейім­делген ұлттың жаңа болмысын қалып­тас­тыруымыз қажет.

Ұлттың жаңа болмысы өткенді білу­ден, дәріптеуден басталады. Тәуел­сіздік құндылығы халқымыздың жадында мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бұл ретте, тарихи жадының орны ерекше. Тәуелсіздігіміздің 30-жылдығымен қатар, егемендікке жеткізген қайғы-қасі­рет­ке толы тарихи оқиғаларды ұмыт­паған жөн. Миллиондаған адамды қа­заға ұшыратып, тірі қалғанын жан сау­ға­лап босып кетуге мәжбүр еткен ала­пат ашаршылықтың алғашқы кезеңі  1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. 1986 жылы ұл-қыздары­мыз­ды Кеңес Одағының қаһарынан қайм­ық­пай, ұлт намысы үшін алаңға шы­ғар­ған Желтоқсан оқиғасына да 35 жыл толады. Бұның бәрі – біздің тарих. Мем­ле­кеттілігіміз туралы бөтен пікір айтып жүргендердің аузына құм құю үшін мыңдаған ғасырларға созылған тарихымыздың, әлемнің жартысына ие болған алып мемлекеттік құрылыстың, азат­тық үшін соғыстардың, батырлар жыр­ларын, Алаш қозғалысының бағдар­ламаларын, жалпы ұлт шежіресін жаппай қайта қарап, оны өз елімізбен қатар бүкіл әлемге жаңа ақпараттық тетіктер арқылы паш ету – маңызды міндет.

Ел бірлігінің, ұлт намысының ажырамас бөлігі – ол тіл. Мемлекет басшысы қазақ тілінің мәртебесін ерекше айтып, мем­лекеттік тілді көпшіліктің үйренуі жөніндегі өз үндеуін нақты жеткізді. Мем­лекеттік тілді білу – әр азамат үшін парыз. Ол үшін елде барлық жағдай жасалуда, қалғаны әр адамның өз ниетінде. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.

Қазақстанның асқақ болашағы үшін елдік саясат, жасампаз патриотизм, мемлекеттің игілігі үшін күнделікті еңбек пен ұлт бірлігі өте маңызды.

 

Мәдина БЕКТЕНОВА,

Президент жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері