Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті соңғы 4 жыл ішінде парақорлыққа қатысы бар деген күдікпен 54 азаматты жауапкершілікке тартқан. Бұлардың ішінде 23 азамат бас бостандығынан айыру жазасына кесілсе, парақорлықпен ұсталған 31 адамға 200 млн теңге айыппұл төлеу жазасы қарастырылған. Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Бауыржан Балғабеков хабарлады.
Төрт жылда құқық қорғау органдарының 32 қызметкері пара алған кезде ұсталған. Өткен жылы ІІМ қарасты Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе облысы бойынша басқарма басшысының 49 млн теңге пара алып жатқан жерінде қолға түсуі үлкен резонанс тудырған еді. Дәл осындай қылмысқа барды деген күдікпен ұсталған осы басқарманың тергеушісі 2,3 млн теңге айыппұл төлеп, абақтыда отырудан құтылды. Сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін істі болғандардың қатарында 18 мемлекеттік органның, 7 квазимемлекеттік сектордың басшысы бар. Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды. «ҚТЖ» ҰК қарасты Ақтөбе магистральды желі бөлімшесінің Шалқар жол дистанциясының бастығы пара алып жатқан жерінде ұсталып, сот оған 36 млн теңге көлемінде айыппұл салу жазасын тағайындады.
Елімізде лауазымды тұлғаларды пара алуға итермелеп, делдалдықпен айналысатын, заңсыз сыйақы беруші тұлғалардың жауапкершілігі де күшейтілді. Өңірлік көліктік бақылау инспекциясының бас маманы «Самара-Шымкент» тасжолының бойында рұқсат етілген салмақтан асып кеткені үшін жүк көлігінің жүргізушісіне айыппұл толтырғанда, жүргізуші инспекторға 20 мың теңге пара ұсынған. Артық қарбыз тиегені үшін 20 мың теңгемен құтылмақ болған транзиттік көлік жүргізушісі ақыры мемлекетке 200 мың теңге айыппұл төледі. Карантиндік талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктен қашып, айыппұл төлегісі келмеген жергілікті тұрғын полиция қызметкерінің банктік карточкасына 10 мың теңге аударып жіберген кезде, пара ұсынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, соттың шешімімен 100 мың теңге айыппұл төледі.
2020 жылдың желтоқсан айының соңында Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы бірқатар заңнамалық өзгеріске қол қойды. Заңдағы соңғы өзгерістер бойынша парақорлыққа қатысты заң талаптары күшейіп, пара алушылар мен пара берушілерге жаза мерзімі ұзартылды. Егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғарғы жаза – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылып, бұл орташа ауыр қылмыс санатына жатқызылған болатын. Биылдан бастап осы бап бойынша айыпталғандар ауыр қылмыс жасаған санатқа енгізіліп, сот оларға 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайтын болды. Сондай-ақ биылдан бастап пара алғаны немесе бергені үшін сотталғандар шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыға алмайды әрі олар жаза мерзімін қауіпсіздігі төмен қоныс-колонияда өтей алмайды. Пара бергені және парақорлыққа делдал болғандарға айыппұл мөлшері де бірнеше есе өсті. Биылғы жылдан бастап пара бергені үшін сотталғандар айыппұлдың 20 еселенген сомасын төлейді. Егер 100 мың теңге пара ұсынғаны үшін сотталған азамат мемлекетке 2 млн теңге айыппұл төлейді. Бұған дейін ең төменгі айыппұл көлемі 1 млн теңгені құраған еді. Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне де жауапкершілік қатаңдады. Қылмыстары дәлелденсе, құқық қорғау органдарының қызметкерлері 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осы бап бойынша бұрынғы заңнамада 2 жылға дейін ғана бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген болатын. Ал кәсіпкерлердің жолына кесе көлденең тұрған құқық қорғау органдары басшылары немесе судьялар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптары күшейтілгенімен, қоғамның дамуын артқа тартатын жемқорлық атты жағымсыз құбылысты тоқтатуға мүмкін бола ма, жоқ па, мұны алдағы уақыт көрсетеді.
АҚТӨБЕ