Орталық сайлау комиссиясы 10 қаңтарда сайланған Парламент Мәжілісінің 7-шақырылым депутаттарын тіркеді.
Отырысқа Парламент Мәжілісінің сайланған депутаттары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссиялары қатысты. ОСК төрағасы Берік Имашев «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңға сәйкес Парламент депутатының өкілеттігі Орталық сайлау комиссиясы Парламент депутаты ретінде тіркеген сәттен басталатынын атап өтті.
Отырыста қабылданған қаулы бойынша Парламент Мәжілісіне 107 депутат тіркелді. Оның ішінде Nur Otan партиясының партиялық тізімі бойынша 76 депутат, «Ақ жол» демократиялық партиясынан – 12 депутат, Қазақстан Халық партиясынан – 10 депутат, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған 9 депутат бар.
ОСК төрағасы Берік Имашев тіркелген депутаттарға куәліктер мен кеудеге тағатын белгілерді табыс етіп, оларға Республиканың заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді органында табысты жұмыс тіледі.