Биылғы жылдың сәуір айының 23-і күні Қостанай облысынан шығып қалған депутаттың орнына Парламент Сенатының депутатын сайлау өтетін болады. Бұл саяси үдерістің ерекшелігі мен барысы жөнінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Хатшысы Бақыт МЕЛДЕШОВКЕ жолығып, білген едік.
– Бақыт Сәрсенбайұлы, 23 сәуірде өтетін сайлауға барлығы қанша кандидат ұсынылды? Олардың ішінде қаншасы үміткер ретінде тіркелді?
– Сайлау заңнамасына сәйкес, Сенат депутаттығына кандидаттарды мәслихаттар ұсынады. Бұған қоса, азаматтардың өзін-өзі ұсынуға құқы бар. Ал олар кандидат ретінде тіркелу үшін барлық мәслихаттар депутаттарының жалпы санының кемінде 10 пайызының қолдауына ие болуы тиіс.
Орталық сайлау комиссиясы бекіткен Сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес, Қостанай облысынан Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну биылғы жылдың 12 ақпаны мен 22 наурызы аралығында жүрді. Ал тіркеу сәуірдің 2-сі күні аяқталды.
Сайлауға екі кандидат тіркелді. Мәселен, Асқар Мұратов деген азамат өзін-өзі ұсыну тәртібімен, ал Жеңіс Нұрғалиев деген кандидатты Қостанай облыстық мәслихаты ұсынды. Қостанай облыстық сайлау комиссиясы бұл екі кандидатты да сәуірдің 1-і күні тіркеді.
– Сайлауға дайындық барысы туралы не айтар едіңіз?
– Бүгінде Сенат депутаттығына кандидаттардың екеуі де сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл үгіт-насихат жұмыстары күнтізбелік жоспарға сәйкес, сәуірдің 21-і күні сағат 24.00-ге дейін жүретін болады. Кандидаттардың үгіт жүргізуіне тең жағдай жасалған. Мемлекет те үгіт-насихат жұмыстары үшін тең көлемде қаржы бөліп отыр. Бұған қоса, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға да қаржы қарастырылды. Бұл дұрыс. Себебі, депутатты сол өңірдегі азаматтар сайлайды ғой. Тағы бір атап өтерлігі, сайлауға түскен кандидат республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына шығуға да толықтай құқылы. Алайда, мұндай жағдайда БАҚ-тың қызметі үшін төлемдерді үміткерлер өздерінің сайлау қорлары есебінен жүргізеді.
– Ал сайлауды ойдағыдай өткізуге жалпы қанша көлемде қаржы бөлінді?
– Сайлауды өткізуге республикалық бюджеттен 2 714 500 теңге бөлінген.
– Түсінікті. Бұл шаралардың барлығы сайлауалды науқанды кең ауқымда ұйымдастыруға мүмкіндік береді дейсіз ғой.
– Әрине. Сенат депутаттығына сайлау науқанын жүргізуге барлық мүмкіндік қарастырылған. Мәселен, Қостанай облыстық сайлау комиссиясы, жергілікті мемлекеттік басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен, жергілікті халықпен кездесулер өткізу үшін үй-жайларды шарт негізінде және тең жағдайда ұсынып отыр. Сол себепті, кандидаттар өз кезегінде бұл мүмкіндіктерді өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі мазмұнын тек таңдаушыларға ғана емес, тұтас халыққа жеткізу үшін пайдаланады ғой деп үміттенемін. Бұл ретте кандидаттың рейтингі, яғни оның сайлану мүмкіндігі сол азаматтың өңірдегі беделіне де байланысты болады дер едім.
– Сайлаудың қорытындылары қашан жарияланбақ?
– Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындыларын биылғы жылдың 29 сәуірінен кешіктірмей шығарады. Ал мамырдың 2-сінен кешіктірмей БАҚ-та жариялайтын боламыз.
Бұл жерде менің айтарым, ол – мәслихаттар депутаттарына үлкен жауапкершіліктің жүктелетіні. Себебі, екі үміткердің біреуіне дауыс беру кезінде алдымен жалпымемлекеттік мүддені басшылыққа алу керек.
Әңгімелескен Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.