Парламент Мәжілісінде VII шақырылымның бірінші сессиясы ашылып, алғашқы жалпы отырыста жаңа сайланған депутаттар ант берді. Жиын барысында Палатаның Төрағасы, Мәжіліс комитеттерінің төрағалары сайланды. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды.
Заңға сәйкес, VII сессияның алғашқы жалпы отырысында депутаттар халық алдында ант қабылдайды. Осыған байланысты жиын барысында жаңадан сайланған депутаттар бірінен кейін бірі мінберге шығып, «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», деді.
Бір сағаттан аса уақытқа созылған бұл рәсімнің қызығы мен шыжығы көп болды. Мінберге шыққан кей депутаттар анттың мәтінін ұмытып, қағазға қарағандары да кездесті. Енді бірі екі жастағы бала секілді, мемлекеттік тілде былдырлап, бірдеңені айтып шықты. Осындайда, төрт ауыз сөзді жаттап айта алмаған, ана тілімізде сақауланып сөйлеген депутаттарға қарап отырып, алдағы бес жылда Мәжілістегі мемлекеттік тілдің жайы тағы да мәз болмайтынын көруге болатын секілді.
Заңнамаға сәйкес, жалпы отырыс барысында депутаттар ең алдымен Мәжілістің жаңа төрағасын жасырын дауыс беру арқылы сайлады. Депутаттар Палата Төрағасы қызметіне Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын ұсынды.
Депутат Дархан Мыңбай Нұрлан Нығматулиннің зор кәсіби тәжірибесін, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау жөніндегі нәтижелі жұмысын, сондай-ақ Мәжілістің өткен шақырылымдарында барлық парламенттік фракциялармен сындарлы диалог орнатқанын атап өтті.
Айта кетерлігі, Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәжілістегі партия фракциясына ұсынған болатын. Nur Otan фракциясының депутаттары Елбасының бұл ұсынысын бірауыздан қолдады.
Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов ұсынылған кандидат туралы өз пікірін ортаға салды.
«Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің бұл қызметке ұсынылған кандидатурасын ол кісі тіпті осыған дейін Мәжілісті басқарып көрмесе де қолдар едім. Өйткені, Нұрлан Нығматулин қалада да, министрлікте де, облыста да, әкімшілікте де басшы қызметте болып, олардың қай-қайсысында да өмірдің үлкен сынағынан өтті. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сынына шыдас беріп, қазақша айтқанда от пен судан өткен тұлға», деді депутат С.Абдрахманов.
Жиын барысында «Ақ жол» демократиялық партиясының атынан сөз сөйлеген Азат Перуашев ұсынылған кандидатураны қолдайтынын жеткізді.
«Нұрлан Нығматулин келгелі біз кез келген мәселе бойынша өз пікірімізді ашық айтуға мүмкіндік алдық. Содан бері микрофонды өшіру тәжірибесі бұрынғы уақыттың еншісінде қалды. Оның үстіне, Нұрлан Зайроллаұлы 2016 жылы қайта төраға болғаннан кейін Палата регламентіне «партия фракциясының, депутаттық топтың атынан сөз сөйлеу үшін міндетті түрде сөз беріледі» деген түзету енгізу бастамасын көтерді», деді Азат Перуашев.
Қазақстан Халық партиясы атынан Айқын Қоңыров та кандидатқа қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Мен қарапайым депутат ретінде, содан кейін фракция жетекшісі ретінде Нұрлан Зайроллаұлымен Парламент Мәжілісінің V және VI шақырылымдарында жұмыс істедім», деді. А.Қоңыров.
Сонымен қатар депутат өз сөзінде Нұрлан Нығматулиннің елімізде парламентаризмді дамыту жолында бар күш-жігерін салған нағыз халық таңдауы екенін, сондай-ақ жоғары заң шығарушылық органдағы өте білікті басқарушы екенін айтты. Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын Мәжіліс депутаттары Снежанна Имашева мен Бақытбек Смағұл да қолдап, сөз сөйледі.
Жалпы отырыста Мәжіліс Төрағасы қызметіне басқа кандидаттар ұсынылған жоқ. Осы орайда Н.Нығматулиннің кандидатурасы жасырын дауыс беру бюллетеніне енгізілді.
Конститутцияға сәйкес, Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгеруі тиіс. Спикерді Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс беру арқылы сайлайды. Көпшілік дауыс жинаған кандидат Төраға болып сайланады.
Осыған байланысты, дауысты санау үшін жеті депутаттан тұратын санақ комиссиясы құрылып, оның төрағасы – Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман, хатшысы депутат Айгүл Нұркина болып белгіленді.
Мәжіліс депутаттары жасырын дауыс беру арқылы Нұрлан Нығматулиннің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасын сайлау туралы Мәжілістің Қаулысы қабылданғаннан кейін Нұрлан Нығматулин сөз сөйледі.
«Ең алдымен, мені тағы да осы жоғары лауазымды қызметке, Мәжіліс Төрағасы ретінде сайлағандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер. Ең біріншіден, бұл мен үшін өте үлкен жауапкершілік. Сондықтан, әрқашанда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіме жүктеген міндеттерін жоғары деңгейде орындау үшін, сіздердің және біздің сайлаушылардың сенімдерін ақтау үшін мен барлық жинаған білімімді, жинаған тәжірибемді жұмсаймын», деді Нұрлан Нығматулин.
Бұдан кейін Палата жетекшісі «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес, Палатаның вице-спикерлері қызметіне Балаим Кесебаева мен Павел Казанцевтің кандидатураларын талқылауға ұсынды.
Мәжіліс депутаттары кандидаттарды бірауыздан қолдады. Балаим Кесебаева – заңгер, Әділет министрлігінде қызмет атқарған. Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы Әділет департаменттерін басқарған. Сонымен қатар Мәжілістің VI шақырылымында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды.
Павел Казанцев – Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамында қызмет етті. Nur Otan партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетін басқарады. Сондай-ақ П.Казанцевтің әкімшілік және партиялық жұмыста үлкен тәжірибесі бар.
Жалпы отырыс барысында депутаттар Палата комитеттерінің төрағаларын сайлады. VII шақырылған Мәжілістің жаңашылдығы – заңнамаға сәйкес, парламенттік оппозицияның депутаттарына Палатаның тұрақты комитетінің төрағасы, сондай-ақ екі комитеттің хатшылары лауазымына сайлану құқығы кепілдендірілген.
Осыған сәйкес, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Палата депутаттарына фракция басшыларының парламенттік оппозиция өкілдері Палатаның екі комитетін басқаратындығы туралы бірлескен шешімі туралы хабарлады. Атап айтсақ, Аграрлық мәселелер комитеті мен Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеттерін оппозиция өкілдері басқармақ. Оған «Ақ жол» партиясынан Ерлан Барлыбаев және Қазақстан Халық партиясының партиялық тізімі бойынша сайланған Александр Милютин ұсынылды.
Тұрақты комитеттердің төрағалары ашық дауыс беру арқылы Аграрлық мәселелер комитетіне – Ерлан Барлыбаев («Ақ жол»), Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне – Жәмилә Нұрманбетова (Nur Otan), Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетіне – Қанат Мусин (Nur Otan) тағайындалды. Қаржы және бюджет комитетін Марат Құсайынов (Nur Otan), Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін Айгүл Құспан (Nur Otan) басқармақ.
Ал Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетіне – Александр Милютин (ҚХП), Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетіне Альберт Рау (Nur Otan) сайланды. Комитет төрағаларының баяндамаларынан кейін Палата Мәжіліс комитеттерінің құрамын бекітті.
Бұдан кейін Мәжіліс үзіліс жасап, қайта жиналғанда жаңа Премьер-Министрді тағайындауға келісім беру туралы мәселені қарады. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғарады. Осыған байланысты, Президентке елдің Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру туралы мәселе Мәжілістің алғашқы жалпы отырысының күн тәртібіне енгізілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылап, атқарушы билік тармағының пандемия салдарынан болған жаһандық дағдарыс жағдайындағы іс-әрекетіне баға берді.
«Үкімет дағдарысқа қарсы жоспарды тиімді жүзеге асырды. Соның арқасында жұмыссыздықтың көбеюіне, халық табысының жаппай төмендеуіне жол берілген жоқ. Бұл шаралар тиімді болды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің тұрақты және қаржы жүйесінің орнықты екенін атап өтті. Қазақстан Президенті Үкімет пен Мәжілістің жаңа құрамы экономиканың ұзақ мерзімді өсімін қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлуі тиіс екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа Үкіметтің тиімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ел Конституциясының 44-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі лауазымына тағайындауға келісім беруі үшін Асқар Маминнің кандидатурасын Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынды. Мемлекет басшысы өзінің шешімін түсіндіре келе, Асқар Маминнің білікті әрі тәжірибелі, еңбекқор, талапшыл және парасатты мемлекеттік қызметші екенін атап өтті.
«Ол алдымызда тұрған мақсат-міндеттерді жақсы түсінеді. Оның Үкіметтегі нәтижелі жұмысы – соның айқын дәлелі», деді Президент.
Мәжіліс депутаттары Мемлекет басшысына Асқар Маминді Премьер-Министр етіп тағайындауға келісім берді. Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс депутаттарына өзі ұсынған кандидатураны қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, Асқар Маминді жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтады.
Депутаттар алдында сөз сөйлеген Асқар Мамин көрсетілген сенім үшін алғысын білдіріп, одан әрі де тиімді де нәтижелі жұмыс істейтінін айтты.
«Ең алдымен маған көрсеткен сенімдеріңізге алғыс айтамын. Бұл мен үшін зор мәртебе және үлкен жауапкершілік. Алдымызда Қазақстанның тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылған. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің дамуының басым бағыттарын жариялады. Соның ішінде ең бастысы – халықтың табысын арттыру», деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы бұл міндеттерді экономиканы қарқынды дамыту арқылы орындауға болатындығын айтты.
«Осы мақсатта экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, инвестициялар тарту, жаңа технологияларды енгізу, жаңа жұмыс орындарын құру және тағы да басқа бағыттар бойынша тиімді шаралар іске асырылады. Осы стратегиялық міндеттерді іске асыруда Үкімет Парламентпен бірге үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істейтін болады», деді Асқар Мамин.