Кәдімгі бәріміз білетін цементтің тампонажды деп аталатын түрі бар. Мұнай-газ ұңғымаларына пайдаланылатын сапасы аса жоғары осы өнімнің әлемдегі басты өндірушісі Қытай мемлекеті. Шиелі ауданында ашылған осындай өндіріс орны қазір табысты жұмыс істеп келеді.
Қазақстандық «Данаке корпорациясы» мен Қытай мемлекетінің «Гежуба групп цемент» компаниясы бірлесіп қолға алған 64 млрд теңгелік жоба бойынша құрылысты «Чайна Триумф Интернэшнл» салып, жергілікті әкімдік мемлекеттік қолдау ретінде өндірістік аймақтан 50 гектар жер телімін бөлді. Құрылыс бітпей тұрып болашақ өндіріс орны мамандарын даярлау үшін бір топ жас Қытай мемлекетіне жіберілді. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2018 жылдың 12 желтоқсаны Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде лентасы қиылған кәсіпорында жұмыс істейтін жергілікті мамандар сақадай-сай тұр еді.
Әу баста өндіріс орны жылына 1 млн тонна өнім шығарады деп жоспарланған. Бірақ «Үйдегі көңілді базардағы нарық бұзадының» керін келтірген пандемия кесірінен кәсіпорын ол межеге әлі жете қойған жоқ. Осы жылы аз ғана уақыттың ішінде 400 мың тоннаға жуық өнім шығарып, оны еліміздің бірқатар өңірі мен шетелге экспорттап үлгерді.
Өндіріс орнының жетекшісі У Чжень Хуа зауыт салынатын өңір ұзақ уақыт таңдалғанын айтады. Шикізаттың түрі мен қоры, оны жеткізу мәселесі талқыланғанда серіктестер бірауыздан осы Шиеліге тоқтапты. Оған инвесторларға барынша мүмкіндік жасаған жергілікті әкімдік қолдауы да әсер етсе керек.
Аудан әкімдігі мемлекет-жекеменшік әріптестігі шеңберінде зауыт орналасқан аймаққа электр, газ және теміржол желілерін тарту жұмыстарын да үйлестіріп, жаңа кәсіпорынның ешқандай мәселеге алаңдамауына барынша жағдай жасады.
Жаңа технологиямен жабдықталған бұл зауыттың ерекшелігі – қоршаған ортаны ластамайтындығы. Мұржалардан бөлінетін көмірқышқыл газы арнаулы сүзгіден өтіп тазаланады.
– Біз үшін ең әуелі қоршаған ортаны ластамау, осы бағыттағы заңдылықтарды толық сақтау маңызды. Осыған байланысты облыстық экология департаментімен келісімге отырып, соған сай ай сайын эколог мамандар тексеріп отырады. Өндіріс орнына Қытайдағы зауыттарда тұрған ең соңғы үлгідегі жабдықтарды орнаттық. Біз жұмыс істеген 1 жыл ішінде ешқандай экологиялық талап бұзылған жоқ, – дейді У Чжень Хуа.
Бірлескен кәсіпорындардағы тағы бір таласты мәселе – шетелдік пен жергілікті жұмысшылар санының үлесі екендігі белгілі. Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, Қытайдан маман тасымалдау тиімсіз. Сол елде оқып келген жергілікті жігіттер қазір өндірістің әр саласында тәжірибе жинақтады. Одан бөлек жергілікті индустриялы-аграрлық колледжде мамандар даярлау да қолға алынған. Қазір зауыттың өзінде жиырмаға жуық ҚХР азаматы, 240-тан астам жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Болашақта шетелдік мамандарды қазақстандықтар алмастырады. Кәсіпорынға күзет, шикізат тасымалдау, тазалау қызметтеріндегі жұмысшыларды қосқанда ұзын-саны 400-ден астам адам осы өндіріс орнынан нәпақа айырып отыр.
Компания пандемия кезінде іргеден енген індетпен күресіп жүрген дәрігерлерге бар жағдайы жасалған жатақхананы босатып беріпті. Жұмыс тоқтаған сәтте де осында еңбек ететіндердің жалақысының 50 пайызын төлеп отырды.
– Біз осында жұмыс істегендіктен, жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға үлес қосуға мүдделіміз. Сондықтан да біздің серіктесіміз, қазақтың даңқты балуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұсынысымен пандемия кезіндегі қашықтан оқуға қиналған балаларға көмек көрсету үшін «Менің елім – менің тірегім» қорына 150 планшет табыстадық. Осы қыста жағатын отын таппай қиналған «Төңкеріс» ауылы тұрғындарына көмір түсіріп бердік. Елдің әлеуметтік мәселелерін шешуде жергілікті компаниялардан қалыс қалмауға тырысамыз. Өйткені қиналғанға қамқорлық танытқанның әрдайым жолы ашық болатынын білеміз, – дейді У Чжень Хуа.
Қызылорда облысы