Мәжілістің комитеттерінде Премьер-Министрдің орынбасарымен және министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды келісуге арналған кеңестер өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Төменгі палатаның Қаржы және бюджет комитетінің мүшелеріне Премьер-Министрінің бірінші орынбасары етіп тағайындау үшін Әлихан Асханұлы Смайыловтың кандидатурасы ұсынылды. Ал Үкімет басшысының орынбасарлары қызметтеріне ұсынылған Роман Васильевич Скляр мен Ералы Лұқпанұлы Тоғжановтың кандидатуралары Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетіне енген депутаттарға таныстырылды.
Үміткерлер қалыптасқан рәсім бойынша депутаттардың сұрақтарына жауап беріп, Мемлекет басшысының Парламенттің VII шақырылымдағы I сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асырудағы басымдықтар, сондай-ақ өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша жұмысты одан әрі ұйымдастыру жайлы баяндады.
Мәселен, Әлихан Смайыловқа салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге, салықтар мен төлемдер санын қысқартуға, бюджеттің мұнайлық емес тапшылығының мөлшерін азайтуға және жаңа салық саясатына қатысты басқа да сұрақтар қойылды.
Роман Склярға депутаттар көліктің барлық түрімен транзиттік жүктерді тасымалдау көлемін ұлғайту, экономиканың басым салаларында ірі стратегиялық инвестициялық жобалар пулын қалыптастыру, сондай-ақ отандық тауарлар өндірісін арттыру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету туралы сұрақтар қойды. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуды қаржыландыру, ауылдық елді мекендерді газбен қамтамасыз ету мәселелері де көтерілді.
Ералы Тоғжановқа депутаттар тарапынан ауылдық жерлердегі медициналық және педагогикалық кадрлардың тапшылығы, жаңа мектептер салу және жұмыс орындарын құру сияқты әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерга қатысты сұрақтар қойылды.
Мәжіліс депутаттары министр лауазымына алғаш рет ұсынылған үміткерлерге көбірек сұрақ қойды. Атап айтқанда, Ұлттық экономика министрі лауазымына ұсынылған Әсет Ерғалиевтің кандидатурасын келісу кезінде шағын және орта бизнестің үлесін арттыру, мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және өңірлердегі бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жайлы мүдделі әңгіме болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымына ұсынылған Серік Шапкенов зейнетақы жүйесін дамыту, ең төменгі базалық әлеуметтік стандарттарды жетілдіру, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар қажеттілігін болжау әдістемесі және басқа өзекті мәселелер хақында өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Мәжілісмендер өз сөздерінде іске асырылып жатқан барлық бағдарламаны аяғына дейін жеткізу және елдің дағдарыстан кейінгі дамуы үшін сабақтастықты қамтамасыз ету маңызды екенін атап айтты.
Мәжіліс комитеттері отырыстарының қорытындысы бойынша жоғары лауазымдарға тағайындау үшін ұсынылған кандидатураларды мақұлдау туралы шешімдер қабылданды.