• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 20 Қаңтар, 2021

Алдағы бағытымызды айқындап тұр

177 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ойлар халқымыз үшін аса маңызды. Бәріміз біліп отырғандай, көрші елдегі бірқатар азаматтар Қазақстанның территориясына, жер аумағына қатысты орынсыз пікір білдіріп, бұрыс көзқарас қалыптастырған болатын. Ел Президенті осы мәселені жан-жақты шешу, ақ-қараны ажырату мақсатында нақты саяси ұстанымын жеткізді.

Расында, Қазақстанның ауқымды территориясы ешкімнен сый ретінде берілген жоқ. Яғни ата-бабаларымыз кезінде бұл ұлан байтақ даланы найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, өз ұрпақтарына аманаттаған болатын. Бұл аса маңызды мәселе. Сондықтан бұл мақала алдағы уақытта ел мен жерімізге көз тігемін деушілердің барлығына нақты жауап болды деп есептеймін. Мұндай жайттар қайталана бермеуі тиіс. Бірлігіміз бен тұтастығымызға, иелік етіп отырған жерімізге ешкімнің де көз тігуіне қақысы жоқ.

Әрине, біздің сөзі мен ісінде, әре­ке­тінде алалығы жоқ көршілеріміз көп. Бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Алайда кей елдердегі ниеті бұрыс некен-саяқ саясаткерлер мемлекетаралық достық пен ынтымақтастыққа нұқсан кел­тіріп жатады. Оған осы күні көзіміз анық жетіп отыр. «Аумақтық тұтас­ты­ғымызға күмән келтіріп, тату көр­шілік қатынастарға сына қаққысы келе­тін кейбір шетел азаматтарының аран­да­тушылық іс-әрекеттеріне ресми және қоғамдық деңгейде тойтарыс бере оты­рып, ағартушылық жұмыстарын ұстам­ды­лық­пен жүргізген жөн. Біз ұлт­тық мүд­дені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуымыз қажеттігін тағы да баса айт­қым келеді», деді Президент.

Қ.Тоқаев айтып отырғандай, ұлт­тық мүддені қорғауға халқымыз дайын. Оған ешкім де күмән келтірмейді. Мемлекет басшысының сөзімен айта­тын болсақ, «Қазір кім не айтса да, біз­дің екіжақты келісімдермен бекітіліп, ха­лық­аралық деңгейде танылған шекара­мыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмай­ды».

Қасым-Жомарт Кемелұлы бір сөзінде мем­­лекеттік тілдің алдағы уақытта ұлт­аралық тілге айналатыны анық екенін айтқан болатын. Президент осы ойын біз айтып отырған мақалада тағы да айқындап көрсетті. «Бүгінде мемле­кеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айнал­дырудың барлық құқықтық тәсіл­дері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты», деді Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік тілді білу әрбір отандасымыз үшін үлкен міндетке, қастерлі парызға айналуы тиіс. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азама­ты­ның парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақ­стандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек», деді.

Расында, біздің жастарымыз шет тілін бір, бір жарым айдың көлемінде ер­кін меңгеріп кетеді. Сондай ұмтылыс, тілек пен ниет қазақ тілін үйрену кезінде де болуы керек. Мемлекеттік тіліміз ха­лықты біріктіруші факторға айналатын күнге де бірте-бірте жақындап келеміз. Осы мақсатта түрлі қадамдар жасалынып жатыр. Әлі де жасалынатын болады.

 

Геннадий ШИПОВСКИХ,

Мәжіліс депутаты