• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 20 Қаңтар, 2021

Сегізінші маусымдағы тың серпін

139 рет
көрсетілді

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сегізінші маусымы премьералармен ғана емес, сондай-ақ айтулы халықаралық байқаулар мен фестивальдерде қол жеткізген толайым табысымен есте қалмақ. Қазірдің өзінде балет солистері, оркестр музыканттары мен концертмейстерлер елеулі нәтижелерімен қуантып, қанжығаға байланған жүлде саны 28-ге жетті.

– Әртістеріміздің халық­ара­­лық деңгейде өнер көр­се­туіне барлық жағдай жа­салған. Пандемия кезінде бай­қ­ау­лар­дың бір бөлігі онлайн-фор­мат­та өткеніне қарамастан, белгілі музыканттар өз өнерін бейне­жазбалар арқылы жолдап, халықаралық қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болды. Сонымен қатар дода­ның басым бөлігі дәстүрлі үлгіде өтіп, өнер сахнасы нағыз шың­далу мектебінің рөлін атқарды. Театрдың күнделікті тыныс-тіршілігіне қоса, ха­лық­аралық ірі байқауларға қа­тысып, өнер көрсету оңай болған жоқ, әри­не. Дегенмен солистеріміздің жо­ғары кәсіби деңгейлерін жыл сайын үлкен додаларда растап жатқандығы қуантарлық жайт. Театр мау­сы­мының екінші жар­тысы да жемісті деуге то­лық негіз бар, классикалық өнер­сүйер қауымды алдағы уақытта да труппа әртістерінің жарқын жеңістерімен, жағымды жаңа­лық­тарымен қуантамыз деген үміттемін, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Оркестр музыканттары Да­­миля Махпирова (гобой), Алексей Косырев (флейта), Алмас Тоқпанов (кларнет), Әсет Нелдібаев (фагот), Ма­рат Қонысбаев (валторна) «Бес­сарабия дарындары» халық­аралық фестивалінде (Бел­го­род қ.), «Поволжьенің кү­міс кернейлері» 24-фести­ва­лін­де, сонымен қатар Golden star (Одесса қ., Украина) ха­лық­­аралық байқауында бірін­ші орынды иеленсе, Әй­ге­рім Дәуітбаева (флейта) «Мұра» І халықаралық орын­дау­шы­лар байқауында (Прага қ., Чехия) Гран-приді же­ңіп ал­ды. Оркестр музыкант­та­ры Әйгерім Дәуітбаева, Мақ­сат Сүлейменов, Ерболат Тәш­кенбаев «Дарындардың жаңа жылдық калейдоскопы» (Мәс­кеу қ., Ресей) халықаралық көп­­жанрлы байқауында Гран-при­ге қол жеткізді.

Шернияз Назаров (фагот) Должиков атындағы ІХ х­­а­лық­аралық фестиваль-бай­қауы мен Халилов атындағы «Во­ронеж үрлемелі аспаптар ас­самблея­лары» халық­ара­лық фестивалінде (Воро­неж қ., Ресей) бірінші орын­ды иеленді. Әсет Нелдібаев (фагот) Camerton competi­tion ­халықаралық байқауында (Мәскеу қ., Ресей) жеңімпаз атанса, тромбоншы Фархад Болатов П.И.Чайковский атын­дағы ММК, Grand Music Art VIII халықаралық байқауы мен П.И.Чайковский атындағы ММК, Р.М.Глиэр атындағы IV халықаралық музыкалық байқауында (Мәскеу қ., Ре­сей) I дәрежелі лауреат атанды. Төрт рет Гран-при иегері атанған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, балет труп­пасының жетекші соли­сі Бақтияр Адамжан Dance Open халықаралық балет фес­тивалінде (Санкт-Петербург қ., Ресей) Үлкен театрдың соли­сі Анастасия Сташкевичпен керемет дуэт орындады. Әлемдегі ірі балет фестивальдерінің бар­лығы дерлік Бақтияр Адам­жанның қатысуынсыз өт­пей­тіндігін айта кеткен абзал.

Сондай-ақ басқа да көптеген әртістер түрлі халықаралық бай­қауларда жүлделі орындар­ды иеленді. Олар мұндай же­ңістер жаңа мақсаттарға қол жеткізуге ынталандыратынын, сон­дай-ақ құрамында танымал музыкалық халықаралық агенттіктер мен опера үйле­рінің өкілдері бар кәсіби қазы­лардан шарт бойынша шақырту алуға тамаша мүмкіндік екенін баса айтты.