Дүр етіп тұмаға түсіп, қабыршық мұзды тұмсықтарымен түртті. Түкті мүйіздерін жазға салым кесіп алса да кербез. Төңірекке тәкаппарлана қарайды. Бұғылардың бабы бөлек қой шіркін! Түбі түздікі болғанымен, Катонқарағай өңірінде 1792 жылдары қолға үйретіле бастаған.
Алтайда қыс ерте түсіп, көктем кеш келеді. Биігіндегі қар еріншектене еріп, мамырдың соңына дейін жатады. Тұяқтылардың қыстан тебінмен шығуы екіталай. Қараша болмай шөпке тұрады әдетте. Сол үшін де малмен жан бағып отырған катондықтар үшін жаздың әр күні қымбат. Ала жаздай шетел шығып, жағажайда жату – олар үшін жат. Келте жаздың шуақты күндері шөбін шабады, бақшасын баптайды.
Пішендеме басудың машақаты
2000 жылдың шілдесі еді. Маралға пішендеме (көк шөпті кептірмей сақтау әдісі) дайындауға Ақтомар жайлауына шыққанбыз. «Он күн істесеңдер, жиырма мың теңге төлейміз» деген соң ауылдың бір топ балалары бірден келістік. Ол тұста ондай ақшаны ауылдың қара сирақ баласын қойып, қызметтегілерге төлемейтін. Сөйтіп «Уазикпен» Тасшоқының иек тұсындағы Ақтомарға тура тартқанбыз. Жете сала, қарағайдан қиылған төрт-бес барақтың біріне жайғастық. Маңайы ну самырсын, беткейлері біткен шұғынық гүл. Түбін қазсаң, алтыннан қымбат құрт шығатынын кейін білдік қой. Бұғы-маралы ұшы-қиыры белгісіз қоршаудың ішінде өріп жүр. Біразының мүйізін кесіп, кептіріп қойыпты. Кепкен мүйізді қызықтап көргеніміз болмаса, оның пайдасына аса бас қатыра қоймадық. Естуімізше, Кореяға өткізетін. Бұл қожалықтың иесі де кәріс десетін ел.
Біздің келгендегі жұмысымыз пішендеме басу еді. Маралдың қыстайғы азығы да сол, шырыны кеппеген Алтайдың мың түрлі шөбі. Күн ұзақ қолымыздан айыр түспейтін. Жаңа ғана шабылған жас шөпті трактор тіркеп жүрген сүйремеге тиейміз (Сүйреме деп отырғаным, волокуша. Тілімізге икемдеп, бәләкөшке дейтінбіз). Трактор өгіз аяңмен жүріп отырады, біз шөпті екі жағынан жүгіріп жүріп, лақтырамыз. Бір қылтанын қалдырмауға тырысатынбыз. Шалалығыңды бригәдір көрсе, «ақ-ала айран қылмай дұрыс жинаңдар» деп айғай салатын. Жас шөптің салмағы да баршылық. Екі-үш күннен кейін білектегі тамырымыз білеуленіп шыға келді. Сүйреме толған соң тракторшылар төмендегі траншеяға апарып төгеді. Оны шынжыр табанды трактор әрі-бері шырынын шығарып, таптайды. Ерте кезде атпен де нығыздаған деседі көнекөздер. Сондағы деймін, шөптің иісін айтсаңшы, құшырлана тыныстар едік. Жаңағы траншея толған соң бетін шыммен қымтап, жауып тастайды. Кейін, марал шөпке тұрғанда шетінен кертіп, күнделікті рационына қосады.
Түске қарай барақ жақтағы асуға елеңдейтінбіз. Асудан ат-арба көрінсе, «Төйтө ғой» деп қуана жүгірер едік. Төйтө – аспазымыз. Бізге деп жыққан маралдың етін бір күні асып әкелсе, бір күні қуырдақ қуырады. Бәріміз бір үйдің баласындай тамаққа тыңқия тойып алып, самырсынның көлеңкесінде бес-он минут мызғитынбыз. Ақтомардың ауа райы да тым құбылмалы. Қазір күн шақырайып тұрса, әп-сәтте аспан түнеріп, жаңбыр сіркірейді. Шатыр-шұтыр найзағай ойнайды. Найзағайдың құдіретін сонда көргенмін. Көз ұшындағы қарағайды қақ айырғанда, тығылатын жер таппай сасқанбыз.
Түскі астан соң керзі етігімізді сүйрете басып, қайта трактористің соңынан ереміз. Басында қызық сияқты көрінген, күн санай бастайтынымызды кім білген. Кешкі алтыда құрал-сайманыңды тастай салып, қайтып кету деген жоқ. Көз байлана ғана трактордың тіркемесіне отырып, барақты бетке алатынбыз. Кешкі қызығымыз – керосин шамның жарығымен карта ойнаймыз. Төйтө «әй, ұйықтаңдар» дегенше улап-шулап отыра берер едік. Ол өзі сәремізді дайындап, түн ауғанша жүретін...
Содан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Ауылшаруашылық техникаларының түр-түрі шығып жатқанымен, ауылда пішендемені әлі осы әдіспен әзірлейді.
Бұғының бабы
Маралдың бабы бөлек. Жаздай азығын дайындау өз алдына, қыстайғы күтіп-баптауы және бар. Шөпті қойға шашқандай шаша салмайды, уақытымен, мөлшерімен береді. Төлдегенде қозықасына да ерекше күтім керек. Мүйіздің қып-қызыл қаны қып-қызыл ақша болғанымен, табан ет, төккен тер арқылы келеді. Былайғы жұрт бұғы баққандар ақшаның астында қалады деп ойлайтын шығар. Жо-жоқ, бұл маусымдық кәсіптің көзі. Туристер жылдың үш айы ағылады, болды. Марал шаруашылығын дөңгелетіп отырған Дариға Исабаеваның айтуынша, субсидия ірі қараға бөлінген сияқты, пайызы өте аз екен.
– Маралды ірі қарамен салыстыруға келмейді. Шындап келгенде, жабайы жануар. Мысалы, Ресейдің Алтай республикасында «Марал шаруашылығы» деген жеке сала, оған қатысты заң жобасы бар. Бас-басына жеке субсидия бөледі. Тіпті он-он бес марал ұстап отырған шаруалар да субсидиядан қағылмайды. Бізде ше? Субсидия алу үшін үлкен қожалығың болуы керек. Оның өзінде субсидия мөлшері тым аз. Қысқасы, туристерден түскен қаржының басым бөлігі маралдың күтіміне, жұмысшылардың жалақысына кетеді. Қосымша кәсіп көзі болмаса, өзін өзі бәлендей ақтамайды. Айта берсек, мәселе көп, – дейді марал шаруашылығының жетекшісі.
Иә, маралшыларға мемлекеттен қолдау болмаса, қолдағы киелі жануардың саны азая бермесіне кім кепіл?! Онсыз да кеміп бара жатқан жоқ па? Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданындағы 11 марал шаруашылығында жалпы саны 3 260 марал мен теңбіл бұғы бар. Кеңес өкіметі ыдыраған соң маралдың сатылғаны сатылды, сойылғаны сойылды. Әлі де өзге өңірлер сатып алып, пантысын табыс көзіне айналдырмақ. Табыс тапқанымен, пантының емдік құрамы Алтайдағыдай болмайды. Бұл анық. Өйткені сол өңірде маралдың мүйізіне қажетті шөп бар ма? Мысалы, марал алтын тамыр, қызыл тамыр, щетка шөп секілді дәрілік өсімдіктермен қоректенеді. Алтайдағыдай 500 түрлі дәрілік қасиетке бай өсімдік өзге өңірде жоқ. Демек, пантының да емдік қасиеті жоғалады. Маралдың мекені Алтай ма, сонда өсіп-өнуі керек. Марал шаруашылығының бүге-шігесін жақсы білетіндер де осы пікірде.
Пантының пайдасы
Жергілікті әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, аталған шаруашылық өнімнің үш түрін береді: мүйіз, ет және жанама өнімдер. Аудан бойынша кесілген шикі пантының орташа салмағы 4-4,5 келі. Жыл сайын ауданның марал өсіру шаруашылықтарында 4 тонна шикі немесе 2 тонна консервіленген панты өндіріледі екен. Мүйізі мен жанама өнімдері түсінікті делік, ал маралдың сатылып жатқан етін көрмеппіз. Оны әнеугүні Катонқарағайдағы белгілі бұғышы Аманжол Аяғанов та айтқан.
– Қазір маралды көп соймайды. Әйтпесе, еті дәмді. Бұрын ішек-қарнына дейін тамақ қылатын, – дейді бұғышы. – Маралға уақытымен қарау керек. Қыстың күні шөбін шанаға тиеп қойып, таңертең бесте шашамыз. Бір сағат бұрын, кейін деген жоқ. Шөп қана емес, тәртібімен пішендемесін, жемін береміз. Дәл қазір ағаштың бүрі пайдалы, мүйіздің өсуіне жақсы көмектеседі. Сәлден кейін мүйіздің түбіндегі тұқысы түсіп, жаңа мүйіз көрінеді. Кәдімгі баланың сүт тісі түскен сияқты. 72-75 күнде ұшы қызарып, бабына келеді. Содан кейін бұл бар ғой, жазға салымғы жаңбырдан кейін бұрқырап көтеріледі екен, – дейді Аманжол күректей алақанымен мүйіздің пішінін көрсеткендей болып.
– Осы бұрын, колхоз-совхоздың кезінде марал шаруашылығы шалқып тұрды емес пе?! – деймін ғой әңгімесін жалғамақ болып.
– Тү-у-у, ол кезде Вверх Катуньның (қазіргі Ақшарбақ) марал совхоздары шулап тұрған. Кеңес өкіметі кезінде күн аралатып кесетін. Бір кескенде, 20-30 басқа дейін барады. Күн аралатып кесетіні, алдыңғы кескендерді қайнатып үлгермейді. Мүйіздің салмағы да баршылық, 17-18 килоға дейін баратын. Бір қызығы, қазіргідей саулап жатқан турист жоқ еді, – дейді таңдай қағып.
– Қазір ше?
– Қазір әрі кетсе 12 кило. Мүйіздің салмағы, сапасы күтіміне қарай. Ал енді мұның пайдасы көп. Отыз жылдың ішінде көз жетті. Бәлем бар ғой, ішінде жүріп ваннасына түсіп көрмеппін. Түскен соң оранып жату керек. Оған бізде шаруа бастан асады. Мүйіздің буын қабылдадық. Тамаша. Терің бұршақ-бұршақ болып шығады, – дейді сөзін нығыздап.
– Мүйіздің буы дегеніңіз қалай?
–70-75 градус моншаға мүйіздерді тастайды. Қызуды одан асырса, мүйіз жарылып кетеді. Отты сырттан жағады. Содан ыстығында отырасың. Әсері керемет. Буын-буының демалып, рахаттанып қаласың. Мүйіз бір күн жатса, ертеңінде шығарып, демалтып, басқа мүйізді әкеледі, – дейді Аманжол Аяғанов. – Ал қайнатқанда суға көлденең салып, көлденең кептіру керек. Алғашқы мүйіздің сорпасы майланып, жақсы шығады.
– Мүйіз баптауды ұқтық, марал бағу жағында тағы қандай қиындық бар?
– Бұл өзі, ақырын өсетін жануар. Бір басына бір-бір жарым гектар жер керек. Жылына бір рет төлдейді. Қалай болса солай тудыра бермейсің, әйтпесе қырылып қалуы мүмкін. Сақман секілді ғой. Қыркүйектің үші-бесінен бастап өздері ысқыра бастайды. Айғыр ұқсап он-он бестен жинап алмауын қарап, бөліп жүреміз. Бұғыларды бөлмесе, қысыр қалдыруы мүмкін. Сол үшін бес-алтыдан бөліп тастаймыз. Қазанның ортасы етекке түсіріп алмаса, қоршаудың ішіндегі жерді тұяқ оңдырмайды. Мысалы, 60 маралдан 50 қозықа алдым. Қозықасын аяқтанғанша, күтеміз. Қара суықта қалқада ұстаймыз. Мүйіз кесу науқаны да әуре. Жарау атқа тақымды жігіттер мініп қайырмаса, оқыс қылуы мүмкін. Е-е-е, жазсаң мынаны жазшы; жұмысшы жоқ ауылда. Ешкім қара жұмыс істегісі келмейді, – деп азды-көпті мәселенің де басын шығарды.
Ту түкпірге туристер пайдасын білген соң келеді. Пантымен емдеу демалыс базаларына бергісі Ресейден, Қытайдан арғысы Латвия, Кореядан келіп, денсаулықтарын нығайтып жатады. Еліміздің төрт бұрышынан келіп жататындары қаншама?! Жалпы, панты жүйке жүйесін, жүрек-қан тамырларының жұмысын қалыпқа келтіреді, гинекологиялық, урологиялық ауруларды емдейді. Алтайдың мың түрлі шөбі – мың да бір ауруға шипа. Катонқарағайға ағылатын қонақтар «табиғаттың ортасы, мүйіздің сорпасы» деп келеді. Соларға он күндік рахат сыйлау үшін маралшылар жыл он екі ай тынбай еңбектенеді. Алайда «туризмді дамытамыз» деп ұрандатқанмен, маралшыларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінбей, шаруалары шалқымайды.
Керек дерек
Тарихшылардың зерттеуінше, марал шаруашылығымен 1792 жылдары Катонқарағай өңіріне қоныстанған «староверлер» айналыса бастаған. Солардың бірі – Бұқтырманың бойындағы Бекалқа ауылына көшіп келген ағайынды Шарыповтар екен. Одан бөлек Алтай тауларында 30-ға жуық «староверлер» марал ұстаған. Ол уақытта марал өнімдерін Қытайға өткізіп, орнына жібек мата, шай-шақпыт алып тұрыпты.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы