1928 жылдың 26 желтоқсанында АҚШ-тың әйгілі жүзушісі Джонни Вайсмюллер үлкен спортпен қош айтысатынын дүйім жұрттың алдында ресми түрде мәлімдеді. Бұл есім жаһан жанкүйерлеріне жақсы таныс. Джонни өз дәуірінің теңдессіз спортшысы ғана емес, өте талантты киноактер ретінде де миллиондаған көрерменнің жүрегін жаулады.
1904 жылы Румынияның Тимишоара аймағында туып-өскен Джонни Вайсмюллер жеті айлық кезінде ата-анасымен бірге АҚШ-қа қоныс аударды. Шешесі үйінде бала қарады. Отағасының шахтада тірнектеп тапқан табысы отбасы мүшелерінің қажеттілігін өтеу үшін жеткіліксіз болды. Жоқшылық пен таршылықтың азабын молынан тартқан Джонни бала кезінен қара жұмысқа жегілді.
Бірде Мичиган көлінде құтқарушы болып өз нәпақасын тауып жүрген бозбаланы жергілікті «Иллинойс» спорт клубының бапкері Уильям Бахрах байқап қалады. Сол маман Джоннидің спортшы болып қалыптасуына зор ықпалын тигізеді. Шеберлігі шыңдала келе, жас өрен жүзу спортының хас шеберіне айналды. Әуелі аймақтық жарыстарда топ жарса, іле-шала АҚШ біріншілігінде алдына жан салмады. Уақыт оза Вайсмюллердің есімі әлемдік спорт тарихында алтын әріптермен жазылды. Ол 1924 және 1928 жылдары Париж бен Амстердамда алауы тұтанған Олимпия ойындарында 100, 400 метрге еркін тәсіл бойынша жүзуде және 4х200 эстафета сайысында алтын медальді иеленді.
Шым мәнінде Джонни өз дәуірінің теңдессіз спортшыларының бірі болды. Ол – 100 метрді бір минутқа жеткізбей жүзіп өткен Жер бетіндегі алғашқы адам. АҚШ чемпионатында көрсеткен сол нәтижесін ол Олимпия ойындарында қайталады. Сонымен қатар Вайсмюллер Париж Олимпиадасында су добынан өткен сайысқа қатысып, қола жүлдені мойнына ілді. Өзінің спорттық мансабында америкалық жүзуші 52 рет АҚШ чемпионы атанып, 67 мәрте әлемдік рекордты жаңартқан екен. Бір ғажабы, Джонни үлкен спортпен ешкімнен жеңілмеген күйі қош айтысты.
Спорттан қол үзгеннен кейін де Джонни қарап жатқан жоқ. Ол басқа салаларда да бағын сынады. Бұл ретте де Вайсмюллердің асығы алшысынан түсті. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары «Тарзан» деп аталатын көркем фильм үлкен экраннан көрсетіле бастады. АҚШ-та түсірілген бұл туынды сол мезетте-ақ төрткүл дүниеге танымал болды. Кеңес Одағында да көрерменнің қызығып көрер киносына айналды. Сол фильмде басты рөлді кәсіпқой спортшы, әйгілі жүзуші Джонни Вайсмюллер сомдаған еді. Бұл туынды қалың көрерменге жол тартқан бетте Джоннидің даңқы одан әрі шарықтап, оның өнеріне қол соққандардың қатары күрт артты.
Вайсмюллер 40-қа жуық көркем және деректі фильмдерге түсті. Бірнеше бөлімнен тұратын «Тарзаннан» бөлек, басқа да туындыларда түрлі рөлдерде ойнады. Еңбегі лайықты бағаланып, сол кездің өзінде 2 миллион доллардан аса табыс тапты. Кейіннен сол қаражатын түрлі жобаларға салып, коммерциямен айналысты. Бірақ Джонни өз бизнесін дөңгелетіп әкете алмады.
Даңқты спортшы әрі актер 1984 жылдың 20 қаңтарында 80 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Вайсмюллердің денесі Мексиканың Акапулька қаласында жер қойнауына тапсырылды.