• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 22 Қаңтар, 2021

ЕО-ЕАЭО: Еуроодақпен ынтымақтастықты дамытудан ұтарымыз көп

780 рет
көрсетілді

Қазақстанның 2021 жылғы 1 қаңтар­дан бастап Еура­зия­лық экономикалық одақ төрағалығын қабылдауына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше-мем­лекеттердің басшыларына жолдаған үндеуінде бірқатар маңызды мәселені көтерді. Президентіміз атап көрсеткен басымдықтар осы ұйымның алдағы 5 жылдағы бағытын айқындап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде сыртқы нарықтарға шығуды кезең-кезеңімен кеңей­ту, үшінші елдермен және инте­гра­циялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қарым-қа­тынастарды қарқынды дамы­тудың маңызына тоқталды. Мұн­дай нәтижеге қол жет­кізу үшін Мемлекет басшысы «ЕАЭО – ЕО» форматын­да диалог қалыптастыру жұмы­сын бел­сенділендіріп, жүйе­лендіру­дің маңызын атап өтті. «Еуро­палық комиссиямен және Еуро­одақтың өзге де органдарымен ын­ты­мақтастық теңқұқылы және праг­матикалық тұрғыда болуға тиіс», деді Қазақстан Прези­денті.

Президенттің Еуропалық одақпен қарым-қатынас орнату жөнінде сөз қозғауы бекер емес. Қазіргі таңда аталған ұйым әлемдегі ең үлкен одақтың, одан қала берді алпауыт нарық­тың бірі саналады. Оның үстіне, ЕО-ның шартараптың түк­пір-түкпіріне әсері ерекше. Мәселен, «Брюссель әсері» деп аталатын жаһандық заңна­маларға ықпал ететін феномен бар. Яғни ЕО әлемдегі ең үл­кен тұтынушы нарығының бірі болғандықтан, көптеген транс­ұлттық корпорациялар одақ құрамында қызмет етуі үшін оның ережелерін қабыл­дауға мәжбүр.

Нәтижесінде әр елде түр­лі заңнамаларға бағынбас үшін алпауыт корпорациялар Еуро­палық одақтың құқықтық ере­жесін жер-жаһанның басқа бөлі­гінде де қолданады. Осы­лай­ша, қарт құрлық бекіткен заңнамалар әлемдік деңгейге шығып отыр. Тіпті, IT саласын­дағы ірі компаниялар да ЕО-ның қатаң талаптарына қарамастан, оған бағынуға мәжбүр.

Еуропалық одақ экономи­касының ауқымын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі таңда қарт құрлық әлемдегі екінші экономика саналады. Ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі был­тыр 15 триллион долларды құрады. Бұл жалпы әлем эко­но­микасының алтыдан бірін құ­райды.

Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең үлкен экспорттаушы ретінде бел­гілі. Мәселен, 2019 жылы одаққа мүше мемлекеттер құны 2,13 триллион еуродан асатын тауар­­ды басқа елдерге сатқан. Өз ке­зегінде 1,93 триллион еуро­­ның өнімін импорттаған. Бұл – Еуропалық одақтан тыс аймақ­­тар­мен жасалған сауда-экономи­калық байланыс.

Бұдан бөлек, ЕО басқа да ел­дер­мен еркін сауда нарығын құру секілді түрлі келісімдер жасас­қан. Атап айтқанда, 38 мемлекет­пен түрлі деңгейдегі сауда-эко­номикалық мәмілеге келген. Оған қоса, Кариб теңізі елдері, Африка, Оңтүстік Америка мемле­кеттерімен осы бағытта келіс­сөздер жүргізуде. Қысқасы, қарт құрлық жеңілдетілген эконо­микалық байланыс орнатып, диалог қалыптастыруға қарсы емес.

Еуропалық одақтың ерек­шеліктері неде? Біріншіден, Еуроодақ – экономикалық, саяси және әлеуметтік интеграцияға түскен мемлекеттердің бірлестігі. Дамыған Еуропа елдеріндегі бұл ықпалдастық өзара жақындасу үдерістерін әлі де жалғастырып келеді.

Екіншіден, ЕО мүшесінің халықаралық еңбек бөлінісінде өз орны, өзіндік ерекше мүдделері бар. Олардың өздерінің ұлттық мүдделерін қорғауы толық бірлесіп кетулеріне кедергі келтіреді.

Үшіншіден, ЕО елдерінің даму деңгейі әртүрлі. Әсіресе, ЕО-ға кейінірек кірген Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің аузынан ақ май ағып отырғаны шамалы. ЕО-ның тірегі – Германия мен Франция сияқты қуатты экономикалық державалар.

Төртіншіден, 1951 жылы құ­рылған Еуропадағы көмір мен болат бірлестігі негізінде пайда болған ЕО өзінің ғаламдық мәсе­лелерге қатысты саясатын АҚШ-тың ұлттық мүдделерін қорғау саясатымен тығыз байланыстырады. АҚШ пен ЕО экономикалық қа­на емес, әскери тұрғыда да одақ­тасқан.

Бесіншіден, ЕО мемлекеттері Қазақстанның мұнай, газ, түсті ме­талдар секторына қызығу­шылық танытады. Атом электр стансалары өте көп Франция секілді мемлекеттер Қазақстан­ның уран өнімдеріне зәру. Еуропалық трансұлттық компания­ларды Қазақстандағы қолайлы ин­вес­тициялық ахуал қызықтырады.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Еуропалық одақпен сауда-эко­номикалық байланыстарды жоғары қарқында дамытуға қол жеткізді. Бүгінде бұл одақ – елі­міздің басты сауда және инвестициялық серіктесінің бірі. Қазақстанның сыртқы сау­да ай­налымы мен ел экономикасы­на тартылған шетелдік инвес­ти­ция­лардың жартысы ЕО үлесіне тиесілі.

Еуропалық комиссияның мәлі­метіне қарағанда, 2019 жылы Қа­зақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 24,3 млрд еуроны құраған. Осылайша, біздің ел ЕО-ның сыртқы сауда әріптестері тізімінің 31-сатысына жайғасты. Соның ішінде қарт құрлыққа 18,3 миллиард еуро көлеміндегі өнімді экспорттасақ, импорттың құны 5,9 миллиард еуродан асты.

Тәуелсіздік алғалы бері «тоғы­зыншы аумаққа» 330 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Соның 50 пайызға жуығы қарт құрлықтың еншісінде.

Былтыр Қазақстан мен Еуро­па­лық одақ (ЕО) арасындағы Кеңей­тілген әріптестік және ынты­мақтастық туралы келісім күшіне енді. Соған сәйкес көптеген сала­дағы ынтымақтастықты терең­детуге мүмкіндік мол. Бұл ретте Қазақстан Орталық Азия мем­ле­кеттері ішінде бірінші болып Еуро­палық одақпен Кеңейтілген әріп­тестік және ынтымақтастық ту­ралы келісімге қол қойғанын айта кеткен жөн. Аталған келісімнің ауқымы өте кең. Атап айтқанда, сау­да, білім беру секілді маңызды сала­лар қамтылған. Мәселен, Қазақ­стан тұтынушылары мен ша­ғын және орта бизнес мүдде­леріне жауап беретін әділ әрі ашық бәсекелестікті алға тарту – басты мақсаттың бірі. Келі­сімде «Сауда және орнықты даму» атты тарау бар. Бұл тарау Қа­зақ­стан қоғамының игілігі үшін орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ететін еңбек құқық­тары мен қоршаған ортаны қор­ғау бойынша бірнеше ережені қам­тиды. Келісімнің «Сауда» бөлімі толық заң үстемдігін арт­ты­руға, бекітілген ережелер мен стандарттарға негізделген сауданы дамытуға жәрдемдесуге арналған.

Келісім аясында аясында кө­мір­сутекті энергетика, жаңар­ты­латын энергия көздері, энергия тиім­ділігі және энергия үнемдеу салаларындағы ережелер уақытша қолданысқа енгізілген.

Қазақстаннан Еуропалық одақ­қа бағытталған мұнай мен уран экспорты өте маңызды. Ол Еуропа континентінің энергетикасын әрта­раптандыруға өз үлесін қосып отыр. Еліміз ЕО-ның мұнайға деген сұранысының шамамен 6 па­йызын және уранға деген сұра­нысының 21 пайыздан астамын қамтамасыз етеді.

Түйіндей айтқанда, қай тұр­ғыдан алып қарағанда да Еуро­па­лық одақтың әлеуеті мол. Еура­зиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасындағы қа­­рым-қатынас жандандырылып, екіжақты ынтымақтастық нығай­са, бұдан ешкім ұтылмайтыны сөзсіз.

Осы орайда Қазақстанның еу­ро­палық бағыттағы миссия­сы үл­кен болмақ. Өйткені екі тарап­тың қарым-қатынасы VI ғасырда, Ұлы Жібек жолы арқылы Шығыс пен Батыс сауда-саттық жасай бастағаннан бері қалыптасқан. Демек, Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Үндеуі қарт құр­лық­пен қарым-қатынасқа соны серпін беретіні анық.