Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы желтоқсанда халықпен тікелей жұмыс істейтін қаржы және өзге де ұйымдардың жарнама қызметіне жүргізілген мониторингтің қорытындысын жариялады.
Агенттік микроқаржы ұйымдары мен ломбардтарға жалпы сомасы 5,7 млн теңгеге айыппұл салған. 30 әкімшілік жаза қолданып, 9 жазбаша ұйғарым шығарылған.
Мәселен, «TAS CREDIT» микроқаржы ұйымы» ЖШС-на бұқаралық ақпарат құралдарында қызметіне сәйкес келмейтін жарнаманы таратқаны немесе орналастырғаны үшін 416 700 теңге айыппұл салынған.
Ел заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес есептелген жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшерін көрсетпегені үшін «Ломбард «Пятачок», «Ломбард Доверие», «0,18% Lombard», «Алтын Ломбард», «Ломбард Кредит kz», «ЛОМБАРД СТОЛИЧНЫЙ КЗ», «Тез Ломбард», «Цифра Ломбард», «Экспресс займ МҚҰ», «Ломбард «Срочно деньги», «Ломбард Status&Ko», «Ломбард «Народный KZ», «Ломбард «Агат-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне қатысты 27 әкімшілік жаза қолданылған. Оларға салынған айыппұл сомасы – 4,7 млн теңге.
– Бір айда екі мәрте жазаланғандар да бар. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Микроқаржылық қызмет туралы» заңында көзделмеген қызметті жүзеге асырғаны үшін «Лидер – Капитал 168» МҚҰ» ЖШС-на қатысты 2 әкімшілік жаза тағайындалып, 555 600 теңгеге айыппұл салынды, – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
«Адиль-Ломбард», «Ай-Н Ломбард», «Ломбард-Қаржы», «Ломбард «ҰЛЫ ШЫҢ», «Голд-Юг-Ломбард», «Ломбард «Комфорт», «Оңтүстік Финанс-Ресурс» кредиттік серіктестігі», «Creditum» микроқаржы ұйымы», «TESQUA FINANCE» МҚҰ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне 9 жазбаша ұйғарым берілген. Олардың микронесие беру туралы үлгі шарттары ел заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтіні анықталыпты.
Бұдан бөлек, қайта тіркеуден өтпеген және есептік тіркеуден өту үшін өтініш бермеген ломбардтарға қатысты агенттіктің өңірлік басқармалары мәжбүрлеп тарату туралы шағым-талап жұмыстарын жалғастыруда.
– 2020 жылғы желтоқсанда екінші деңгейлі банктерге, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру нарығының субъектілеріне қатысты бұзушылықтар, сондай-ақ заңсыз іс-қимыл және алаяқтық фактілері анықталған жоқ, – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Мониторинг Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында және барлық облыс орталықтарында жүргізілген.
2020 жылғы 1 желтоқсандағы дерекке сүйенсек, Қазақстанда микроқаржы қызметін жүзеге асыратын 1 109 ұйым бар. Оның 663-і – ломбард, 2013-і – несие серіктестігі, 233-і – микроқаржы ұйымы. 2020 жылғы қарашада 9 ұйым есептік тіркеуден өтсе, 12 ұйым тізілімнен алып тасталған.
Микроқаржы ұйымдарының дені Алматы (19 пайыз) мен Нұр-Сұлтан (11 пайыз) қалаларына, сондай-ақ Қарағанды (11 пайыз) және Алматы облыстарына (10 пайыз) тиесілі.