• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 22 Қаңтар, 2021

Жүргізушілер қуанатын күн жақын (Сенат маңызды заң жобаларын қабылдады)

214 рет
көрсетілді

Сенат Спикерінің төрағалығымен Палата отырысы өтті. Сенат Спикерінің төрағалығымен Палата отырысы өтті. Мәулен Әшімбаев VII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент белгілеп берген міндеттердің маңызына назар аударды.

 

«Мемлекет басшысының реформаларын сапалы заңдармен қамтамасыз ету – Парламенттің басты міндеті. Президентіміз атап өткендей, қоғамды алаңдатқан мәселелер Парламентте талқы­ла­нуы қажет. Парламент өзек­ті мәселелердің шешімін таба­тын орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан әр заң жобасын тал­қылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Палата жұмысына қоғамдық ұйым­дар мен әлеуметтік топтар­дың өкілдерін, тиісті мамандарды кеңірек жұмылдыру қажет екенін, мұндай қадам заң шығару жұмысының және қабылданып жатқан заңдардың тиімділігін арттыратынын атап өтті.

Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасын қарап, қабылдады. Бұл құжат Пар­ламент депутаттарының баста­масымен әзірленген. Онда жүргізуші куәлігін және көліктің тіркеу құ­жаттарын өзіңмен бірге алып жүрмеуге мүмкіндік беретін жаңа нормалар бар.

«Осы заң жобасы қабыл­дан­ғаннан кейін автокөлік иесін полиция тоқтатқан кезде, ол жеке куәлігін ұсынуға тиісті. Сол құжат бойынша полиция қызметкері планшет арқылы электронды базада қажетті тексерісті жүргізе алады», деді заң жобасы туралы баяндама жасаған сенатор Нұрлан Бекназаров.

 «Заң жобасындағы өзгерістер шетелдік жүргізушілер мен шет­елдік көлік құралдарына қолда­ныл­майды, яғни олар өзімен бірге бар­лық қажетті құжаттарды алып жү­руге міндетті», деді баяндамашы.

Екі оқылымда болған талқы­лау­дан кейін депутаттар заң жобасын қабылдады. Бұдан кейін Сенат Төрағасы осы құжатқа қатысты пікірін білдірді. Спикердің айтуын­ша, қабылданған заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленген. «Бұл заң жоба­с­ындағы жаңашылдықтар елі­міздегі цифрландыру жұмыс­та­рының нақты нәтижесі екені сөзсіз», деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыс барысында  «2007 жыл­ғы 6 наурыздағы Қазақстан Респуб­ликасының Үкіметі мен Грузия Үкіметі арасындағы Халық­аралық автомобиль қаты­насы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Бұдан бөлек, сенаторлар «Қа­зақстан Республикасы мен Ха­лықаралық қаржы корпорация­сы арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың қызметі туралы келі­сімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

«Бұл келісім Халықаралық қаржы корпорациясының офисі қызметінің негізгі ережелерін, сон­дай-ақ, қызметкерлер үшін ар­тықшылықтар мен иммуни­тет­терді белгілейді. Халықаралық қар­жы корпорациясы халық­аралық даму институты болып сана­­лады. Оның негізгі қызметі же­ке сектордың дамуына жәр­дем­­де­суге бағытталған», деді Ұлт­тық экономика министрі Әсет Ерға­лиев.

Халықаралық қаржы корпо­рациясының өңірлік офистері әлемнің 13 қаласында, оның ішінде Алматыда орналасқан.

«Халықаралық қаржы корпо­рациясы офистері орналас­қан барлық мемлекеттермен офис­­тердің қызметі туралы ұқсас келісімдер жасады. Ол Қазақ­станда өз қызметін 1994 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Осы кезеңнен бастап 1,6 млрд доллар көлемінде жобалар қаржыландырылды. Бұл Орталық Азия елдеріне салынған инвес­тициялардың жалпы көлемінің 70 пайызын құрады. Аталған ке­лісім Халықаралық қаржы кор­порациясының қазақстандық офисінің орнықты жұмыс істеуіне және жаңа инвестициялар тартуға ықпал етеді», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар жиын барысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мем­ле­кеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

«Осы келісімді ратификация­лау ядролық авария немесе ра­диа­циялық авариялық ахуал туын­даған жағдайда ТМД-ға қаты­сушы мемлекеттер арасында ақ­парат пен көмекті жедел ұсы­нуға мүмкіндік береді», деді Энер­гетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Келісімге Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбек­стан, Тәжікстан және Ресей қол қойған. Құжат ядролық ава­рия немесе радиациялық авария­лық ахуалдың туындау жағдай­ында мамандандырылған құт­қару құрылымдарын, мамандар­ды, құрал-жабдықтарды, көлік құралдарын және осы құры­лым­дарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Палата отырысында сенатор Ғұмар Дүйсембаев Атырау облы­сының бюджетіне бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту мәселесі бойынша депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, Атырау облысы «донор» болып саналады. Сондықтан республикалық бюджетке 2021 жылы 213,7 млрд теңге аударуы керек.

«2021 жылы республикалық бюджеттен Атырау облысына бе­рі­летін нысаналы трансферт­тердің көлемі 56,9 млрд теңгені құ­райды. Ал басқа донор өңір­лер бойынша мүлдем басқа көрі­ніс қалыптасуда», деді депутат. Ол өңірдің әлеуметтік және инфрақұрылымын дамыту бо­йынша Үкімет деңгейінде шешуді талап ететін бірқатар мәселелерді атап өтті. Бүгінгі күні 2018-2019 жылдары басталған бюджеттік инвестициялық жобаларды облыс бойынша толық аяқтау үшін 76,3 млрд теңге қажет екен. Ал жергілікті бюджеттің даму бөлігіндегі мүмкіндігі шамамен 30 млрд теңгені құрайды.

«Бұдан басқа 153 ауылдық елді мекеннің 12-сі әлі күнге дейін орталықтандырылған ауыз су­мен қамтамасыз етілмеген және 18 елді мекенге ауыз суды арнайы жеткізу ұйымдастырылған. Өңір респуб­ликада алғашқы болып газдандыруды бастағанына қарамастан, әлі күнге дейін 18 ауылдық елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етілмеген. Облыс бойынша апатты жағдайдағы 79 тұрғын үй бар. Апатты жағдайда – 4, үш ауысымды 11 мектеп бар. Мұнайлы өңірдің қаржы тапшылығына байланысты шешілмей отырған басқа проблемалары да бар», деді Ғұмар Дүйсембаев.