• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Қаңтар, 2021

Әскери ғалымдардың әлеуеті зор («Шағала» ұшқышсыз ұшу аппараты – соның айғағы)

618 рет
көрсетілді

Атақты қолбасшы Ю.Цезарьдің «Бейбітшілікті қаласаң – соғысқа да­йындал» деген қа­натты сөзі бар. Қанды ай­қас­­тың бетін аулақ қылсын, алайда сәт сайын түрленіп жат­қан әлемде бәріне де дай­ын бол­ған абзал. Себебі ғылым мен техника бейбіт өмірде ғана емес, әсіресе әскери салада қа­­рыштап дамып жатқанын қа­пер­ден шығаруға болмайды. Осы мәселені отандық ғалым­да­рымыз да ой сүзгісінен өт­кізіп, еліміздің қорғаныс саласына қомақты үлес қосуға күш салу үстінде.

Мәселен, еліміздегі Ұлттық қор­ғаныс университеті 16 ғылыми жоба бойынша жұмысты аяқтап қалып­ты. Тиісінше отандық қорғаныс кәсіпорын­дары мен әлеуетті ве­дом­стволар сол әзірлемелердің нә­ти­­желеріне қызығу­шылық таны­тып отыр. Жобалар грант­тық және бағ­дарламалық нысаналы қаржы­лан­дыру конкурсы шең­берінде орындалды. Олар ғылыми тео­риялық зерт­теулер мен тәжірибелік әзір­ле­ме­лерді іске асыруға бағытталған. Зерт­­­теу нәтижелерін барлық әлеуетті ведомствоның мүддесінде пайдалану және еліміздің қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарында іске асыру көзделуде.

Әйгілі ғалым А.Эйнштейн «Үшін­ші дүниежүзілік соғыста қандай қару­мен соғысатындарын білмеймін, бірақ төртіншісінде таяқпен, таспен шайқа­сады» деген болатын. Ғалым өзі өмір сүрген дәуірдің өзінде ғылым мен техни­каның қаншалықты дамығанын қапер­ге алып отырған сияқты. Тіпті ядро­лық қаруды қол­данған жағдай­дағы соғыстың салдарын да меңзеген болуы мүмкін. 

Қазіргі әлем адамзат­ты жаппай қырып-жою қаруын қол­данудан  қай­мығады. Себебі, ондай соғыста жеңім­паздың болуы – екі­талай. Сон­дықтан әзірге жергілікті қақ­ты­ғыс­тарда қарудың сәл де болса жеңіл түрлері қолданылып ке­леді. Мәселен, өткен жылы 44 күнге созылған Таулы Қарабақ шай­қасында Түркияның Bayraktar TB2 ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА) нағыз «жұлдызға» айналған болатын.

Осылайша, Сириядағы, Ливия­дағы, күні кешегі Таулы Қарабақтағы жанжалдарда ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану тәжірибесі елімізде жеке ҰҰА-ны әзірлеу қажет екенін дәлел­деді. Қазақстандық әскери ға­лым­дар барлаушы дрондарды ғана емес, сондай-ақ соққы беруші ұш­қышсыз ұшу аппараттарын да броньды техникаға және қарсыластың адам күшіне қарсы тиімді қару ретін­де пай­далануға талдау жүргізді. Сөй­тіп, ғалымдарымыз «Шағала» деп аталған барлау ұшқышсыз ұшу ап­паратының тәжірибелік үлгі­сін әзірледі. Ол байланыс арнасын қор­ғаудың бағдарламалық-ап­парат­тық құралымен, ұшқышсыз ұшу ап­параты мен басқару жүйесі ара­сын­дағы қорғалған байланыстың же­ке криптографиялық хаттамасымен, тіке­лей және кері қорғау ар­қылы жаса­лып кепілдендірілген құ­пия кілтпен жарақтандырылған. Осының барлығы – әскери ғалым­дарымыздың әзірле­ме­лері.

Алдағы уақытта тәжірибелік модель зауыттағы және полигон­дар­дағы сы­нақтар кезеңінен өте­ді. Ғылыми жұмыс нәтижелері патент­теліп, тәжі­ри­бе­лік әскери пайдалану аяқтал­ған соң барлық жұмыс қор­ғаныс өне­р­кәсібі кешеніне берілетін болады. «Шағаланы» серия­лық шығару үшін отандық қорғаныс өнеркәсібі ке­ше­нінің мүм­кіндіктерін ескере отырып, Қарулы Күштердің оқу орындарында және бөлімдерінде енгізу үшін тех­ник мамандар мен операторларға қыз­мет көрсету және оларды оқыту бағдар­ламалары, сондай-ақ ҰҰА опе­ра­­т­ор­ларын жауынгерлік даярлау курсы әзірленді. Аталған аппарат­тар өн­діріске енгізілген жағдайда олар­дың құны шетелдік аналогтардан әлде­қайда арзан болмақ.

Отандық ұшқышсыз ұшатын аппарат барлау-оқ ату (соққы беру) кешені эле­менттерінің бірі бола ала­ды. Оларды қол­дану бойынша егжей-тегжейлі талдау жүргізілді. Әлемдік тәжірибе көр­сеткендей, барлау, басқару және оқ ату арқылы зақымдау құралдары үй­лес­тірілген дәлдігі жоғары қару ана­ғұрлым тиімді. Әзірлеу шеңберінде әскери ғалымдар отандық қорғаныс өнер­кәсібі кешенінің әлеуетін пай­да­лана отырып, жеке барлау-соққы беру кешенін жасау бойынша бірқатар нақ­ты ұсыныстар енгізді.

Жалпы, ел әскері ұшқышсыз ұша­­тын аппараттармен 2013 жылдан бас­тап жабдықталып келеді. Бүгінде Ота­нымызда осындай онда­ған кешен бар. Ал 2017 жылдан бері Қазақстанда халықаралық армия ойындарының шеңберінде осы аппа­раттардың есеп­тік топтарының арасында сайыс ұйым­дастырылып, отандастарымыз ұдайы топ жарып келе жатқан көрінеді.

Отандық ғалымдарымыз осымен шектеліп қалған жоқ. Армияны цифр­­ландыру шеңберінде арнайы мақ­сат­тағы геоақпараттық платформа әзір­ленді. Бұл жоба спутниктерді, қағаз­дағы және электронды карталарды қоса алғанда, әртүрлі де­рек­көздерден ақ­паратты жинауға мүм­кіндік беретін қам­­тамасыз ету бағдарламасы болып саналады. Бағдарлама ақпаратты толық­тырып, оны жаңарта алады және цифрлы форматтан 3D-ға ауыстырады. Осы­лайша әскердің ұтқырлығын және командирлер мен штабтардың шешім қабылдау жеделдігін арттыра түседі. Геоақпараттық жүйе Қару­лы Күш­тер үшін де, елдің басқа да әлеует­ті құры­лымдары үшін де пайдалы.

Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ірге қалаған Ұлттық қорғаныс универ­сите­тінің технопаркінде толыққанды жұмыс істейтін екі зертхана (3D прототиптеу зертханасы және аддитивті өндіріс зертханасы) және тәжірибелік инжинирингтің әскери ғылыми-техно­логиялық желісі құрылды. Бұл орталық бөлшектердің тозуға деген төзімділігін арттыру бағытында жұмыс істеуге негізделген.

Әскери зертханада ультрады­быс­­тың көмегімен жаңа технология­ны қолдана отырып жасалған ерек­ше бүрку беткі қабатта қол­да­ны­лады. Әскери ғалымдар әзір­леген технология балқытылған металл бөлшектердің 500 м/с жоғары жыл­дамдықпен қозға­луына және жоғары беріктігі бар жабындарды қалып­тастыруға мүмкіндік береді. Бұл бүрку бөлшектің қызмет мер­зімін едәуір ұзартады және төзім­ділігін арттырады. Осылайша, қазақ­стандық ғалымдардың жұмыс нәти­жесі отандық қорғаныс өнеркәсібі ке­шен­дерінің кәсіпорындарына бері­ліп, алдағы уақытта пайдаға жараты­латын болады.

Тағы бір өнертабыс түрі ретінде іш­кі жану қозғалтқыштарындағы жан­ғыш қоспаны байытуға негізделген ар­найы сутегі қондырғысын айту­ға болады. Бұл жоба отынды ай­тарлықтай үнемдеумен қатар, әс­кер­и техниканың экологиялық та­залығын да арттыруға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ аталған қондырғы қосар­ланған мақсаттағы өнім саналады. Яғни ол тек әскери са­лада ғана емес, сонымен қатар аза­маттық салада да қолданылады.

Ұлттық қорғаныс университеті Әс­кери ғылыми-зерттеу орталығының базасында ИРБИС ақпараттық жүйе­сінің интеллектуалдық реинжи­ни­рингтік базасын қолдану арқылы ақ­параттық талдауды қамтамасыз ету және мониторингілеу орталығы құ­рылды. Бұл жоба бойынша Қарулы күштерді материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық базасы бірыңғай кешенге біріктірілген. Мұ­ның өзі – сайып келгенде, Қазақ­станның Цифрлы армиясын құру үшін жасалған үлкен қадам.

ИРБИС-тің негізін төрт ақ­па­рат­­тық  жүйе құрайды: материалдық-техникалық қамтамасыз ету, әс­кери мақсаттағы өнім мен жаб­дық­тау зат­тарын каталогтау, әскери стан­дарттардың электронды каталогы және ішкі талдау жүйесі. Бүгінгі күні бұл әзірлеменің баламасы жоқ.

Жобаны пайдалану – шығындарды азайтуға және техниканы әзірлеу мен жа­сау мерзімін 20-30 пайызға тө­мен­детуге, осыған ұқсас өнімдер мен та­­­лап етілетін қасиеттерді анық­тау үшін жабдықтау заттарына салыс­тырмалы талдау жүргізуге еңбек шы­ғынын 10-15 есе азайтуға, жаб­дықтау заттарын сатып алу кезін­де жұмыс тиім­ділігін 20 пайызға арттыруға, қосалқы бөлшектер мен материалдарды ұстауға арналған шығындарды 15 пайызға, сондай-ақ техниканы қалпына келтіру жеделдігіне шығын­дарды 20 пайызға дейін қысқартуға мүм­кіндік береді.

Әскери ғалымдар қазіргі за­манғы қа­рулы қақтығыстарға зерттеулер жүр­­гізіп, қалалық жерлерде, ги­брид­ті соғыстар мен арнайы операция­лар жағ­дайында заң­сыз қарулы құры­лымдарға қарсы жа­уынгерлік іс-қи­мылдар тактикасын өзгерту бойынша ұсыныстар әзір­­­леген. Сондай-ақ атал­­ған ұсы­ныстар әскери оқу-жат­тығу­ларда өз нәтижесін көрсеткен.

Жоғарыда аталған 16 ғылыми жобаның аясында робот-техника са­ла­сында да бірқатар жұмыс атқа­ры­лыпты. Мәселен, экипажсыз катер мен автономды иесіз суасты аппаратын жасау бойынша техникалық құ­жат­тама дайындалып шығарылған. Жуырда Қазақстанда қолға алынған робот-техника кешендерін жасау са­ласында тәжірибелік-конструк­торлық жұмыстар басталады. Бар­лық жобаның жетекшілері – мол тәжірибесі мен ғылыми дәрежесі бар мамандар. Зерттеу топтарының құра­мына әскери ғалымдар мен азаматтық ғылым өкілдері де кіргізілген.

P.S. Иә, еншімізге бұйырған егемендікті көздің қарашығындай қорғап, ертеңгі ұрпаққа аманаттауымыз қажет. Ол үшін бес қаруымыз қашан да сай  болуға тиіс. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Қазақстанның әскері қару-жарақ пен техниканың озық үлгілеріне ие екенін үнемі тілге тиек етіп жүр. Олай болса, отандық өнертабысты да жүйелі жолға қойып, Ұлттық қорғаныс университетіндегі зерттеулерге де әрдайым жете мән бергеніміз жөн.