• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Оқиға 25 Қаңтар, 2021

Жаңа монография жарық көрді

479 рет
көрсетілді

Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қазақ халқы­ның этникалық тарихына арналған «Инкорпорированные и внежузовые группы казахов (XVIII – начало XX вв.») деп аталған ұжымдық монография­ның тұсауы кесілді.

«Ұлы даланың тарихы мен мәде­ниеті» ғылыми жобасы аясында жазыл­ған монографияда қазақ халқының құра­мына кірген топтардың дәстүрлі мәде­ниеті мен тарихына жан-жақты талдау жа­салған. Іргелі еңбекті жазуға тарих инс­ти­тутының қызметкерлерінен бөлек Нұр-Сұлтан, Түркістан және Семей зерт­теушілерімен бірге Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің ғалым­дары да үн қосқан.

Туынды авторларының бірі Болат Смағұловтың сөзінше, бүкіл жер жүзінде «таза» халықты ешкім таба алмайды. Қазақ халқы да кезінде басқа халықтардың бір бөлігін өзіне сіңіріп алды.

 – XIX ғасырдағы көрнекті орыс ғалымы В. Радловтың айтуынша, рулар­дың атаулары қазақтардың әртүрлі түркі, моңғол, самодийлік тайпалары­нан қалыптасқанын көрсетсе де, әлеуметтік-саяси және тіл тұрғысынан қазақтардың бәрі әбден бірігіп, сіңісіп кетті; сондықтан біз оларды біртұтас халық деп айта ала­мыз, ал 1867 жылы Қазақ даласына қа­тысты әкімшілік мәселелермен айна­лысқан комиссия келесідей байламға кел­ген. «Жергілікті жағдайлар мен ха­лық тұрмысын зерттеудің нәтижесінде шығу тегі, діні, тілі, өмір салты жағынан қарағанда, қазақтар біртұтас халық болып табылады деген қорытынды шы­ғар­дық; сол себептен олардың бәріне бір­дей басқару жүйесінің керек екеніне көзі­міз жетті». Ал кірмелер мен жүздерге кірмейтін топтарға тоқталар болсақ, монографияда бірнеше топқа айрықша көңіл аударылды. Мысалы, түркі халықта­ры­на жатпайтын топтардың ішінде қа­зақ­тардың құрамындағы қалмақтарды айтуға болар еді. Қалмақтарға қатысты ақ­па­ратты қазақтың 1824 жылы жиналған дәстүрлі заңдарынан (обычное право) көреміз: Онда «Қазақтардың арасында жалшы болып жүрген қалмақтар өз иелеріне толықтай бағынады; иелері олардың кінәсі бар ма, жоқ па, бәрібір жазалауға құқылы, жалшы шағымданса да, оны ешкім тыңдамайды да; бірақ сол жалшыға бостандық берілсе, олар басқа қазақтар сияқты тең құқықтарға ие» деген жолдар бар, – дейді Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инсти­тутының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Болат Смағұлов.

Монографияда ХХ ғасырдың бас ке­­зінде қазақ жерінде тұрған орыстар­дың да бір бөлігінің ассимиляцияға ұшы­­рағаны айтылған. Мәселен, Әулие Ата уезінің Шу және Арғын болыста­рын­­да Шу өзенінің жағасына шамамен 1880-ші жылдары көшіп келген, ба­лық, аң аулаумен айналысқан орыс­тар­дың (Жетісу қазақтары, Әулие Ата қала­­сы­ның тұрғындары) бірнеше отбасы қа­за­қыланып кеткені дәйекпен келтіріледі.

ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейін қазақтардың этникалық құрамында сарт­тардың бар болғаны да белгілі. Ақмола облысының мемлекеттік мұра­ға­тының қорында сақталатын деректерге сүйенген тарихшылар, 1926 жы­лы Ақмола облысында Сарт болысы болғанын алға тартады.

«Бұдан бұрын сарттар 1916 жылы Жетісуда да тұрған. Сол кездегі орыс құжат­тарында сарттар әлі де қа­зақ­тардан бөлек көрсетілсе де, олар балаларына қазақша есімдер қоятын. Сарт­тардың бір бөлігі «шала қазақ» деген топтың құ­рамына кіргені де мәлім. Мысалы, ХХ ғасырдың бас кезінде Се­мей облысының Өскемен уезінде ш­ала қазақтардың Ме­шіт деген елді меке­нінде саудамен айна­лысатын сарттар тұрды, ал содан кейін сарттардың Бө­кен мен Ахмирово сияқ­ты елді мекен­дері құрылды. Шығыс Қазақ­станнан басқа, сарттардың Жетісу жерінде де орналасқаны белгілі. Атап айтқанда, Алматыға (сол кезде Верный) жақын жерде XIX ғасырдың 60-жылдары Байсерке деген сарттар тұрған кент, ал 1904 жылы Закировское елді мекені құрылды. ХХ ғасырдың бас кезеңіне жататын дереккөздерге қарасақ, атал­ған екі елді мекеннің сарттары өзде­рін былай сипаттады: «Біз қа­зақша сөй­лейміз, қазақтар қалай, біз де солай шаруашылығымызды жүр­гіземіз, бірақ сарттардай сауда жасауды ұна­тамыз». Сонымен қатар көрсетілген ке­зеңде қазақ халқының құрамына қыр­ғыздардың бір бөлігі де кіргені баршаға мәлім», дейді Болат Смағұлов.

 Әлбетте, аталған монография қазақ халқының этникалық тарихын бастан- аяқ зерттеді деп айтуға болмас. Тарихшылар бұл бағыттағы ізденістер бұдан әрі де жалғаса беретінін жеткізді. Ал жарық көрген кітап көптеген ғылыми деректерді қамтуымен құнды.

 

АЛМАТЫ