Әйгілі «Ералаш» киножурналының әкесі Борис Грачевский дүниеден озды. Есі кірген сәби мен еңкейген қарттың езуіне күлкі үйірген кинорежиссердің еңбегі көл-көсір. Кеңестік кезеңнің көркем туындысы өз заманында әр баланың жүрегіне ұя салды десек, қателеспеспіз. Еркіндікке құмар балдәурен шақтың балмұздағындай тәтті туындылар ойынқұмар жастың ермегіне айналды. Айналып қана қойған жоқ, сонымен бірге есейтті. Міне, бүгін бүтін бір дәуір көшкендей.
«Ералаш» журналының құрылу тарихы «Фитилек» кинохроникасы негізінде «Фитиль» киножурналын құру идеясынан басталады. Белгілі режиссер Алла Сурикова бұл идеяны байыпты қабылдады. Әмбе істі нақтылау үшін КОКП Орталық Комитетіне хат жолдайды. Көп ұзамай жасампаз жоба мақұлданады. Кейін Анна Сурикова «Фителек» жаңа кинохроникасына арналған екі сюжет жасайды. Бірақ бұл ізденісі көңілден шықпаған соң жұмысты аяқсыз қалдырады. Мұны сезген кинорежиссер Борис Грачевский мен Александр Хмелик жобаны қайта жаңғыртып, жас көрермендерге түрлендіріп ұсынуға кіріседі.
Жобаны мықтап қолға алған Борис Грачевский мен Александр Хмелик балалар туралы қысқа да қызық, балаң әзіл-оспаққа толы, тіпті тағылымды әңгімелер түсіруге ниеттенеді. Балалар журналына ұсынылған әр түрлі атаулар ұнамайды. Осы сәтте Александр Хмеликтің қызы Мариян «Ералаш» деген атауды ұсынады. Яғни хаос немесе тәртіпсіздік дегенді білдіреді. 13 жасар қыздың тапқырлығы жобаны тіпті әрлендіріп жібереді. Осылайша «Ералаштың» ел арасындағы даңқты ғұмыры басталады.
1974 жылы журналдың алғашқы сандары экранға шықты. Премьералық шығарылымда үш миниатюра болды. Олардың біріншісі «Ұятты дақ» деп аталды. Оның авторы – атақты қаламгер Агния Барто. Алғашқы қадамынан-ақ көпшіліктің ыстық ықыласына ие болған туынды жыл сайын 6 шығарылым жасауға итермеледі. Бұл сол уақытта үлкен нәтиже болатын. Бастапқыда туынды кинотеатрлардың барлығында көрсетілді. Қайта құру кезеңінде журнал баяу, бірақ сенімді түрде теледидардан өз позициясын ала бастады. Сонымен, КСРО ыдыраған соң «Ералаш» жобасы теледидарға ауысып, РТР арнасындағы «Біздің «Ералашта» өзінің құрметті орнына ие болды.
Содан кейін «Ералаш» суретке ұласты. Оны Юрий Смирнов салды. Оған арнайы жазылған көңілді әуен де қосылды. Суретке ұласқан «Ералаш» скринсвейерлері де өзіндік эволюциясы бар. Мәселен, кинохроникадағы кейіпкерлер заманауи қалыпқа түсіп, қарапайым баланың бейнесі өзгерді. Бірінші скринингтен бастап және жобаның толық экрандық форматқа көшуіне дейін төрт рет түрленді. Негізгі кейіпкерлердің өңі мен стилі ерекше боялды. 2000-жылдардың басында кинохроника заман талабына сай компьютерлік анимацияға көшті.
«Ералаш» бүгінде флэш-анимацияны қолдана отырып, «трансфер» техникасында бейнеролик жасауда. «Ералаш» жазуы түрлі-түсті әріптермен көк фонға түседі. Бұл жазу алғаш рет экранда 1978 жылы пайда болған екен. Фонда үлкен әріптерге жармасқан шолақ шалбар мен жеңіл жейде киген бала бейнеленген. Көрерменді қызықтыру үшін одан басқа да кейіпкерлер қосылды. Олар: жігіт пен қыз, ана мен әке, апа мен ата. Сол арқылы отбасымен бірге көруге арналған туынды үлкен сұранысқа ие болды.
Бүгінде «Ералаш» журналының «қартайғанына» қарамастан, түсірілімдері жалғасуда. Әрине, бүгінгі көзқарақты оқырман сюжет бірдей емес және көп нәрсе «классикалық Ералашқа» сәйкес келмейді деп санайды. Біздіңше, бұл таңғаларлық жайт емес. Қазірде жоба авторлары Ералаштың дәуірі өтпегенін дәлелдеп бағуда. Жыл сайын танымал әртістерді тартып, сан алуан бейнероликтер түсіруде. Кино жарнамаларының танымалдылығы біртіндеп жоғалып бара жатқаны белгілі. Сыншылар жаңа сюжеттерді сөгуден тартынбайды. Режиссерлер үшін бұл факт жобаны түрлендіруге өзіндік септігін тигізіп келеді.
Өкінішке қарай, әлемде «Ералаш» кинохроникасы танымал емес. Өйткені барлық сюжет тек орыс аудиториясына арналған. Бірақ Украина, Беларусь, Қазақстан, тіпті Польша көрермендері бұрынғыдай «Ералаш» ескі кинохроникасын жақсы көреді.
Төртбұрышты экранға телміре қарап, «Ералашты» сарыла күтетін сәттер келместің кемесіне мінгендей. Десе де дәуір аунағанымен, сол балауса шақтар көңіл көзесінде шайқалып, анда-санда ойға оралады. Қожаның қиқарлығы мен Ералаштың еркелігі – әлі де жүрек төрінде. Кейде сол алаңсыз күндерге сапарлап қайтқың-ақ келеді. Әйтсе де уақыт кемесі артқа жылжи қояр ма екен?