Сырдария ауданындағы іргелі ауылдардың бірі Шаған ертеден-ақ бірлігі бекем елге мекен болған берекелі жұрт еді. Күре жолдың бойынан орын тепкен ауыл мен аудан орталығы Тереңзек кентінің арасын Сырдария өзені бліп жатыр. Шағандықтар үшін Қызылорда қаласы да аса қашық емес. Егін егіп, мал бағатын ауылдағылар сонда да керегін алыстан іздеп сабылмайтын, түтіні түзу ұшқан байырғы жұрттан ұзап кеткендер сирек еді. Соңғы кезде айрандай ұйыған осы ауылдың шырқы бұзылып, шындық іздеп шырылдаған жұрттың үні қаттырақ естіле бастады.
Өңір халқы кеңшар тарағаннан кейін елге бас болған Қожабек Дәдікбаев есімді азаматтың есімін әлі күнге құрметпен атайды. Кезінде «Шаған» атты агрофирма құрып, кеңшардың мүлік-мүкәмалын елдің игілігіне жаратқан басшының арқасында ауыл басқа елді мекендер көрген қиындықтың бірін де сезінген жоқ. Агрофирма жыл сайын күріштен мол өнім алып, техника жаңалап жатты. Шаруашылық үздіктерін марапаттап, алғашқы болып автокөлік мінгізіп, жақсы үрдістің үлгісін көрсеткен сол азамат 2000 жылы көлік апатынан қайтыс болып кеткен еді. Жүйелі жоспарлаудың нәтижесінде ісі алға басқан агрофирма сол кездегі аудандағы барлық қайырымдылық іс-шаралардың басында тұрды.
Басшысыз қалған агрофирма айналасы аз жылда тығырыққа тіреліп, 2004 жылы ауылда жаңа шаруашылық – «Шаған Жер» ЖШС құрылды. Серіктестіктің 2004 жылғы 24 желтоқсандағы құрылтай шартында және жалпы жиналыс шешімімен бекітілген жарғыда құрылтайшылардың саны 3 113 адам, жарғылық капиталы – 16 736 380 теңге деп көрсетілген. Оның ішінде 15 062 742 теңге салым салған Б.Байжановтың үлесі 90, ал 1 673 638 теңгеге бағаланған жер үлесімен кірген қалған қатысушыларға 10% тиесілі делінген. Келер жылы серіктестік «Шапағат Лимитед» ЖШС құрамына кіріп, 2007 жылы қайта бөлінетін болғандықтан Б.Байжановтың тоқсан пайыздық үлесі «Шаған Жер» компаниясындағы 6 адамға беріледі. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі содан бергі 13 жыл ішінде серіктестіктегі 10 пайыздық үлеске ие 3 112 адамның құқықтары мен мүдделері бұзылып келген деп отыр.
Ара-тұра айтылып қалатын осы мәселе былтыр жыл басында тағы бір жаңғырып, ауылдағылар 6 құрылтайшының бірін қатарына қосу арқылы жалпы жиналыс шақырып, соның нәтижесінде серіктестікті ұзақ жыл басқарып келген Бердібек Қадыров өз еркімен қызметінен кетеді де, көпшілік дауыспен Жеңісбек Сыздықов атты азамат басшы болады.
Жалпы жиналыста тұрғындар жаңа басшыға серіктестік жарғысын қайта қарап, халықтың жер және пай мүліктік үлестерін түгендеуді, аудиторлық тексеру жүргізуді тапсырады. Көпшілік талабымен «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан серіктестіктің тіркеу құжаттарын алдырғанда осы кезге дейінгі басшылар тарапынан жіберілген біршама заң бұзушылықтар анықталыпты.
Ең әуелі серіктестік құрылған уақытта 90 пайыз үлеске ие болған Б.Байжановтың жарғылық капиталға қаражат салмағаны, 2005 жылы ол үлестің «Шапағат Лимитед» ЖШС-не, араға екі жыл салып Б.Жаңабергеновке, Ж.Омаровқа, А.Адаеваға, М.Құттымұратовқа, К.Назымбаевқа, К.Дұрысоваға заңсыз берілгендігі белгілі болған. Осыдан кейін ауылдың алты жүзге жуық тұрғыны сотқа талап-арыз беріп, өткізілген барлық жалпы жиналыс хаттамаларына сәйкес шешімдерді, әділет органдарында жүргізілген тіркеу әрекеттерін жарамсыз деп тануды сұрайды.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы М.Сәрсеновтің төрағалық етуімен өткен сот отырыстарында осы заң бұзушылықтардың барлығы анықталып, серіктестікті тіркеу әрекеттерін жүргізуге негіз болған жалпы жиналыс хаттамаларының шешімдері заңсыз деп танылыпты. Сотта жауапкер ретінде көрсетілген алты құрылтайшының кейбірі серіктестіктің жарғылық капиталындағы үлесті басқа қатысушыларға бөліп беруге келісетіндіктерін айтқан.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы М.Сәрсенов берілген талап-арызды ішінара қанағаттандырған. Бірақ кейбір жауапкерлер өкілдері аталған шешімнің күшін жоюды сұрап аппеляциялық шағым береді. Осылайша даулы мәселе облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі аппеляциялық алқасында қаралып, толығымен зерттелді. Алқа сот отырысына талапкерлердің барлығының қатысуы және істі қосымша құжаттармен толықтыру қажет болғандықтан азаматтық істі бірінші саты сотына қайта жолдапты.
– Біздің ешкімде алты аласымыз, бес бересіміз жоқ, – дейді «Шаған Жер» ЖШС директорының орынбасары Әбдіразақ Сәдуов. – Тек халыққа тиесілі дүниенің қайтарылуын талап етіп отырмыз. Осыған дейін жылда табыспен шықтық деп көңіл тоғайтқанмен қарапайым жұмысшының еңбегі оншалықты ескерілмей қалатын. Биыл ең алдымен, жалақыны көтердік. Еңбеккерлер науқан соңында көрсеткішіне қарай қомақты қосымша қаржы алды.
Айтпақшы, сонау 1976 жылы ауылдағылар миллион пұт күріш жинап, облыстағы ең озық шаруашылықтар көшін бастаған екен. Былтыр мол өнім алып, қырық төрт жыл бұрынғы көрсеткішті жаңартыпты. Серіктестікте жұмыс істейтіндер қатары көбейді. Ең алдымен қоста еңбек етіп жүргендерге жағдай жасалды, түскі тамақтарын тегін қылды. Ортақ өнім қолды болып кетпеу үшін қырманға электронды таразы қойды. Пандемия кезінде бие байлап, ауыл тұрғындарына тегін саумал таратты. Ауыл ортасынан бір ғимаратты гипермаркетке айналдырып, қажетті құралдармен жабдықтады. Енді жылыжай салып, елді көкөніспен қамтамасыз етудің қамын жасап жатыр.
Сотта жауапкер ретінде танылған 6 құрылтайшының бірі Бақытбек Жаңабергеновпен де тілдестік. Ол серіктестіктегі құрылтайшылардың ешқандай артықшылыққа ие болмағандарын, өздерінің атына жөнді-жөнсіз пікірлер айтылып жатқанына ренішті екенін жасырмады. Мәселеге байланысты біржақты пікірлер тарап жатқанына да алаңдаулы екен.
– Бұрынғы басшылық істеген жұмыстың бәрін теріске шығаруға болмайды ғой. Серіктестік ауылдағылардың әлеуметтік жағдайын жасауға шама-шарқынша үлес қосты. Соны тез ұмыта қалғандарға реніштімін. Өткен жолғы сотта осы уақытқа дейінгі біраз істің заңсыз деп танылғанына қарсы болдық, – дейді ол.
Шағандағы шудан жергілікті билік те хабардар, аудан әкімдігінде қос тараптың қатысуымен кездесулер де өткен. Жақында ауыл тұрғындарының өкілдерін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қабылдап, істің әділ шешілуін назарда ұстайтынын айтыпты. Ауыл ішіндегі алыпқашпа әңгімеден, ағайын арасындағы алауыздықтан қажыған тұрғындарға осы сөз демеу болып тұр. Көп ұзамай көктемгі егіс науқанының қарбаласы басталады. Несібесін жерден терген жұрттың көңілінде «Ағайынды алауыз қылған бұл дау көптің ырзығына кесірін тигізбесе екен» деген алаң да жоқ емес.
Қызылорда облысы