• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қаңтар, 2021

Иммундау жұқтыру қаупін төмендетеді

128 рет
көрсетілді

Медицина ғылымдарының докторы, профессор Күләш ҚҰРМАНОВА әлемдегі күрделене түскен эпидемиялық ахуал, сондай-ақ Алматыда індеттің өршіп бара жатқанына қатысты тұрғындарға вирустың таралуын болдырмау, жеке бас амандығы мен жақындарының өмірін қорғау үшін сақтық шараларын қатаң ұстанудың маңызды екенін айтады.

– Күләш Байсейхқызы, әлемдегі соң­ғы эпидемиялық жағдайды қалай баға­лайсыз?

– Жасыратыны жоқ, әлемдегі эпидемия­лық жағдай аса күрделі, соңғы статистикалар жаға ұстатады. Қазіргі таңда КВИ-ден 2 млн-нан астам адам қаза болды. Ұлыбританияда жаңа штамм пайда болды деп дүрлігіп жа­тырмыз. Ол бастапқы таралған вирусқа қа­ра­ғанда әлдеқайда бәсеңдеу болғанымен, та­­ралу қарқыны жоғары. Бұл COVID-19-дан да тез жұғады. Басты қиындық осыда бо­лып тұр.

– Ал Алматыдағы жағдай қандай? Сіз­дің ойыңызша, ауа райының құбылуы эпи­­­де­миялық жағдайға әсер етті ме?

– Алматы қаласындағы жағдай да мәз емес. Шаһар коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша «сары» аймақтан «қызылға» өтті. Бір ғана 25 қаңтар күні, яғни  бір тәулік ішінде індетті  жаңадан жұқтырған 132 адам тіркелген. Төменгі температура эпидемиялық жағдайға әсер етті ме деген сауалға тоқталар болсақ, әрине, суық жоғарғы тыныс жолдарының жергілікті қорғаныс факторлары төмендегеннен кейін (шырышты қабаттарда секторлы иммуноглобулин IgA мөлшері азаяды, бұл қоздырғыштың эпителий жасушаларына жабысу мүмкіндігін тежейді және вирусты, лизоцимді жояды), респираторлық инфекция­сы бар адамдардың жиі ауруға шалдығуына әкеледі. Айталық, науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде бөлінетін ұсақ бөлшектердің салдарынан вирус адамнан адамға ауа тамшылары арқылы оңай беріледі. Эпидемияға қарсы шараларды жүргізу арқылы COVID-19 инфекциясының қаупін барынша азайтуға болады. COVID-19 алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтау қажет: бір реттік бетпердені қолдану, дезинфекциялау шаралары, кем дегенде 1,5-2 метр әлеуметтік арақашықтықты сақтау керек. Иммундық алдын алу шаралары қажет. Бұл – коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау.

– Тұмауға қарсы вакциналау қанша­лықты маңызды? Алматы билігі қалада ЖРВИ мен тұмауға қарсы 430 мың доза вак­­цина сатып алынғанын, олар тиісті санат­­тарға тегін жеткізілгенін айтты. Бұл эпиде­миялық жағдайдың салыстырмалы тұрақ­тылығына әсер етуі мүмкін бе?

– Тұмауға және ЖРВИ-ға қарсы вак­ци­налардың 430 мың дозасы (олар тиісті санаттағы азаматтарға тегін салынды ЖРВИ мен сырқаттанудың жалпы тө­мен­деуіне оң әсер етті. Алайда вак­ци­на­ланған денеде олар КВИ ақуызда­рынан қор­ғайтын антиденелер түзбеген. Қа­рағандыда шы­ғарылатын Sputnik V вакцинасы коронавирус инфекциясын азайтуға әсер ететіні бай­қалып отыр.

– Ұлыбританияда коронавирустың жаңа түрі таралуда. Бұқаралық ақпарат құрал­дарының хабарлауынша, өзгерген вирусты ғалымдар анықтаған және ол инфек­цияның тез таралуымен байланыс­ты болуы мүмкін. Вирустың мұндай му­тациясының Қазақстанға келу қаупі бар ма?

– Ұлыбританияда анықталған корона­вирустың жаңа түрі халық арасында тез таралып жатқаны әлем жұртын дабыл қақ­тырып отыр. Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы әуе қатынасы жағдайында COVID-19 жаңа штаммының таралу ық­тималдылығы бар. Мұндай мүмкіндікті бол­дырмау үшін біздің елге жолаушылар келген кезде әуежайда эпидемияға қарсы іс-шараларды мұқият жүргізу қажет (ПТР тесті үшін мұрыннан жұғынды алу, дене температурасын өлшеу, карантинді сақ­тау). Құрамында РНҚ бар коронавирус өте өзгермелі сипатта болады. Әр түрлі фактор­лардың әсерінен мутацияға ұшырауы мүмкін.

– Әлемде және елімізде COVID-19-ға қарсы вакциналау жұмыстары жүр­гізілуде. Жаппай вакциналау 1 ақпанда бас­та­лады. Сіз бұған қандай түсініктеме берер едіңіз?

– Ресей мен әлемнің бірнеше елінің тұр­ғындары коронавирусқа қарсы вакциналаудан өтіп жатыр. COVID-19-ға қарсы вакцина қанағаттанарлық түрде төзімді, егер вакциналау ережелері сақталса, жанама әсерлері өте сирек кездеседі. Біздің елдің тұрғындарына да вакцина алу қажет деп есептеймін.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ