Осы аптада Еуропалық одақтың сауда жөніндегі жоғарғы комиссары Валдис Домбровскис пен Үндістан коммерция және индустурия министрі Пиюш Гоял кездеспек. Келіссөздер барысында екіжақты сауда-экономикалық мәселелер талқыланады деп жоспарланған. Бұл кездесу Еуропалық одақтың жаңа бағыт ұстанғанын көрсетеді.
Негізі Домбровскис пен Гоял өткен жұмада жолығуға тиіс еді. Алайда түрлі себеппен оны кейінге қалдырды. Сауда-экономикалық қарым-қатынастан бөлек, Үндістан мен ЕО арасындағы саммит мәселесі де талқыланбақ. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл жиын биылғы мамырда өтеді. Оған Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди мен Еуроодаққа мүше мемлекеттердің басшылары қатыспақ.
Бұл кездесудің ерекшелігі мынада. Бұған дейін екі тараптың арасындағы келіссөздер аса сәтті болған емес. Мәселен, Үндістан мен қарт құрлық 2013 жылы бірқатар өзекті мәселелерді келісе алмай, құр қол тарқаған-ды.
Оның үстіне, Еуропалық одақ Нью-Делидің басты бәсекелесі Қытаймен таяуда ғана инвестициялық келісім жасасты. Яғни қарт құрлық Бейжің билігіне қырын қарап отырған жоқ. Бұл да екіжақты байланысқа сызат түсіргені анық. Естеріңізде болса, былтыр Гималай тауы маңындағы шекарада Қытай мен Үндістан сарбаздары қақтығысып, 20-ға жуық жауынгер қаза тапты. Әлі күнге дейін екі ел арасындағы шекара дауы түбегейлі шешілген емес. Ендеше, Үндістан өз бәсекелесімен мәмілеге келуді құптамайтыны түсінікті.
Дегенмен, бұл жолы Еуропалық одақ тиімді еркін сауда әріптесін іздеп отырғаны анық байқалады. Таяуда ғана ЕО-ның төрағалығын атқаруға кіріскен Португалия Еуропалық одақ пен Нью-Дели қарым-қатынасын күн тәртібіне шығарды. Ал осы елдің одақтағы өкілі Нуно Брито Үндістанды әлемдегі ең үлкен демократиялық ел деп мәлімдеді.
Еркін сауда келісімінен екі жақтың да ұтатыны – басы ашық мәселе. Біріншіден, Үндістан – Еуропалық одақтың басты сауда әріптестерінің бірі. Былтыр екіжақты сауда айналымы 94,5 миллиард долларды құрады. Қарт құрлықтан Гималайдың етегіне жеткен тауарлардың құны 48 миллиард долларға жетсе, кері бағыттағы өнімнің бағасы 46,5 миллиард доллардан асты. Демек, Еуропалық одақ та – Үндістанның басты сауда серіктесі.
Еуропалық одақ экономикасының ауқымын мынадан-ақ аңғаруға болады. Қазіргі таңда қарт құрлық әлемдегі екінші экономика саналады. Ішкі жалпы өнім көрсеткішінің көлемі былтыр 15 триллион долларды құрады. Бұл жалпы әлем экономикасының алтыдан бірін құрайды.
Сондай-ақ ЕО әлемдегі ең үлкен экспорттаушы ретінде белгілі. Мәселен, 2019 жылы одаққа мүше-мемлекеттер құны 2,13 триллион еуродан асатын тауарды басқа елдерге сатқан. Өз кезегінде 1,93 триллион еуроның өнімін импорттаған. Бұл – Еуропалық одақтан тыс аймақтармен жасалған сауда-экономикалық байланыс.
Екіншіден, Еуропалық парламентте айтылған зерттеуге сүйенсек, еркін сауда келісімі екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға ұлғайтпақ. Мұны парламент мүшелері де мойындап отыр.
Үшіншіден, Брюссель шенеуніктері осындай қадам арқылы Қытайдан келетін арзан тауарларға тәуелділікті азайтпақ. Ал Үндістан үшін бұл келісім мол инвестиция тартуға жол ашады.
Төртіншіден, келісімнің саяси астары да бар. Үндістанның Еуропалық одақтағы өкілі Сантош Джа журналистерге берген сұхбатында мұны жасырған жоқ. «ЕО мен Үндістан арасындағы қарым-қатынас жалғыз аяқпен тұра алмайды. Егер екі аяғы тең болса, яғни экономикалық және геосаяси қатынас орнаса, нығая түседі», деді ол.
Әйтсе де, осы аптадағы кездесуде екіжақты келісімге қол қойылуы неғайбіл. Өйткені бірқатар өзекті мәселеде Брюссель мен Нью-Делидің пікірі екіге жарылады.
Мәселен, Үндістанның шетелден келетін тауарларға қоятын жоғары салығы тауар айналымына айтарлықтай нұқсан келтіреді. Сондай-ақ ел билігінің «Үндістанда өндір» стратегиясы да халықаралық талаптарға сай емес.
Еуропалық одаққа ұнамауы мүмкін тағы бір мәселе мынада. Үндістан – климаттың өзгеруіне айтарлықтай «үлес» қосып отырған ел. Парникті газдар шығару бойынша әлемде үшінші орында тұр. Жыл сайын шамамен 3 гигатонна көмірқышқыл газ шығарады. Яғни жаһандық парникті газдарды шығарудың 7 пайызы – Үндістанға тиесілі.
Әрине, ел билігі Париж келісіміне сәйкес 2030 жылға қарай парникті газдарды шығару көлемін 33-35 пайызға дейін азайтуға уәде берді. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ еуропалық стандартқа сай технология енгізіп, саны 1,4 миллиардқа жеткен халықты асырау оңайға соқпайтыны анық.
Жалпы, қарт құрлық жеңілдетілген экономикалық байланыс орнатып, диалог қалыптастыруға қарсы емес. ЕО-дан басқа да елдермен еркін сауда нарығын құру секілді түрлі келісімдер жасасқан. Атап айтқанда, 38 мемлекетпен түрлі деңгейдегі сауда-экономикалық мәмілеге келген. Оған қоса, Кариб теңізі елдері, Африка, Оңтүстік Америка мемлекеттерімен осы бағытта келіссөздер жүргізуде.
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕАЭО-ға мүше-мемлекеттердің басшыларына үндеу жолдап, «ЕАЭО – ЕО» форматында диалог қалыптастыру жұмысын белсенділендіріп, жүйелендірудің маңызын атап өтті.
«Еуропалық комиссиямен және Еуроодақтың өзге де органдарымен ынтымақтастық теңқұқылы және прагматикалық тұрғыда болуға тиіс», деді Қазақстан Президенті. Оның Еуропалық одақпен қарым-қатынас орнату жөнінде сөз қозғауы бекер емес.
Еуропалық комиссияның мәліметіне қарағанда, 2019 жылы Қазақстан мен ЕО арасындағы тауар айналымы 24,3 млрд еуроны құраған. Осылайша, біздің ел ЕО-ның сыртқы сауда әріптестері тізімінің 31-сатысына жайғасты. Соның ішінде қарт құрлыққа 18,3 миллиард еуро көлеміндегі өнімді экспорттасақ, импорттың құны 5,9 миллиард еуродан асты.
Тәуелсіздік алғалы бері «тоғызыншы аумаққа» 330 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Соның 50 пайызға жуығы – қарт құрлықтың еншісінде.
Қорыта айтқанда, Еуропалық одақ қазіргі таңда еркін сауда байланысын орнататын тимді серіктес іздеп отыр. Бірқатар мәселеде бастары бір қазанға сыймайтын Үндістанмен және Қытаймен түрлі келісімдерге баруы да осыны аңғартады. Ендеше, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің де қарт құрлықпен мәмілеге келуіне мүмкіндік мол.