• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 29 Қаңтар, 2021

Нотариус қызметі жетілдіріліп, цифрландырылады

374 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында нотариустың қызметін жетілдіріп, цифрландыру туралы заң жобасы қабылданды. Соған сәйкес нотариус куәландырған құжаттар енді электронды мұрағатта сақталады. Ал нотариустардың өздері олардың электронды және қағаз нұсқаларының бірдейлігін куәландыра алады.

 

Сенаторлар нотариат қызметтерінің сапасын арттыру және олардың қызметін алудың ыңғайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жаңа өзгерісті мақұлдады. Бұл жаңашылдықтар Пар­ламент депутаттарының бастамасы­мен әзірленген «Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне нотар­иат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында жазылған. «Заманауи нотариат қызметін одан әрі нормативтік реттеу үшін қажеттілік туындап отыр. Осы орайда, негізгі мақсат – нотариат саласында азаматтардың заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық жүйесін жетілдіруді қамтамасыз ететін тиімді мемлекеттік сая­сатты жүргізу.

Жобада «нотариаттық акт» ұғымын енгізу, нотариаттық құпияны регламенттеу, басқару органдарының өкілеттіктерін нақ­тылау, жаңа нотариаттық іс-әре­кет­­терді енгізу, электронды нотариат қалыптастыру және басқа маңызды мә­се­­­ле бар. Әсіресе нотариаттық қыз­метті одан әрі цифрландыру өте ма­­­ңызды. Нотариаттық құжаттардың элек­тронды нысанда сақталуын, есепке алынуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін электронды жүйе (репозитарий) құру көзделіп отыр», деді заң жобасын таныстырған депутат Ләззат Сүлеймен.

Сенатордың айтуынша, нотариаттық құжатқа QR код беріліп, осы негізде сақталады, түпнұсқалығы расталады. Бұл репозитарий 2022 жылғы 1 қаң­тарынан бас­тап жүзеге аспақ. Бірыңғай но­тариаттық ақпараттық жүйеге мәлі­мет­терді енгізу, қол жеткізу, пайдалану, қорғау тәртібін уәкілетті органдар нақты регламенттеп, айқындауға тиіс. «Заң жобасына сәйкес нотариустар нотариаттық әре­кеттер жасауға тікелей байланысты емес құқықтық сипаттағы ауызша және жазбаша консультациялар жүргізе алады. Сонымен қатар мәмілелер жобаларын, өтініштер мен басқа да құжатты жа­сау нысанында өтеулі негізде заң көмегін көрсету құқығы беріліп отыр. Осы­лайша, нотариаттық қызмет түрлері кеңейеді және халықтың құқықтық сауаттылығының артуына біршама ықпал етеді», деді депутат.

Сенатордың айтуынша, нотариус­тар­дың қызметтеріне шағымдарды қарайтын Тәртіптік комиссия құрылады. Бұл тәуелсіз орган Республикалық нота­риаттық палатаның съезінде сайланып, есеп береді. Комиссияны қалыптастыру, жазалау шаралары, шешімдер қабылдау тәртібі заң жобасында нақты көрсе­тілген. «Қабылданған заң елімізде нотариат институтын одан әрі жетілдіруді көздейді. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін төрт мыңнан ас­там нотариус бар. Осы заң халыққа нота­риаттық қызмет көрсету кезінде цифр­лы технологиялардың қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ нотариаттық қызметке қойылатын талаптарды күшейтуге құқықтық негіздер қалыптастырады», деді аталған құжатқа қатысты пікір білдірген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Палата басшысы сонымен қатар но­та­риат қызметі кезінде адамдар мен биз­нестің құқықтары мен заңды мүд­де­лер­ін қорғау деңгейін одан әрі арттыру заң жо­басының негізгі мақсаты екенін атап өтті.

Депутаттар «Қазақстан Республи­касының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы ЮНЕСКО аясында Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығын (2-санат) құру туралы келiсiмді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады. Осы құжатқа сәйкес еліміз ЮНЕСКО-ның мәдениет аралық диалог саласындағы саясатын әзірлеуге қатысуға мүмкіндік алады. Ал қазіргі «Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығы» республикалық музейі­нің негізінде ЮНЕСКО аясында Мә­дениеттерді жақындастырудың халық­аралық орталығы құрылады. «Орта­лық этностардың, мәдениеттер мен дін­дердің шығу тегі саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, мәдениетаралық қоғамдардың және олар­дың бірегейлігінің қалыптасуына, бейбітшілік пен тұрақты даму мүддесінде мәдениетаралық диалог құндылықтарын тара­туға бағытталған халықаралық ынты­мақ­тастыққа арналған бірегей платфор­маға айналады. Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығына ЮНЕСКО-ның 2-санаты мәртебесін беру еліміздің ұлттық мүдделеріне жауап береді. Қазақстан  үшін саяси және әлеуметтік тұрғыда пайдалы, ЮНЕСКО жүйесінде бастамаларымызды іске асыруға ықпал етеді.

ЮНЕСКО-мен жасалған келісімге сәйкес Қазақстан Үкіметі 2018 жылдан бас­тап жыл сайын Орталыққа оның бағ­дар­ламалары мен іс-шараларын іске асы­ру үшін қажетті 200 000 долларға тең мөлшерде қаражат бөледі», деді заң жо­басы жөнінде баяндама жасаған Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова.

Сондай-ақ сенаторлар Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қа­ты­суына байланысты халықаралық құ­жат­тарды да ратификациялады. «2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақ­тың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы рати­фи­кациялау туралы» Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндама жаса­ды. «Түзетулер лауазымды тұлғалар тіз­бе­сі бойынша кедендік жете тексеруге қатысты. Бұл лауазымды тұлғалар атау­ла­рының заңнамалық өзгерістеріне байланысты.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің төрағасы Серік Жұман­ғарин «2014 жылғы 12 қарашадағы Еура­зия­лық экономикалық комиссияның бәсе­келестіктің бірыңғай қағидаларының сақ­талуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыруы кезінде құпия ақпаратты қорғау тәртібі және оны жария еткені үшін жауаптылық туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын депутаттарға таныстырды. «Армения Республикасының осы келісімге қосылуы оның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің субъектілеріне қатысты трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жалпы қағидаларының сақталуын бақылау жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның өкілеттігін іске асыруға толық құқықты қатысуын қам­та­масыз етуге мүмкіндік береді», деді министр.

Сауда және интеграция министрі Ба­қыт Сұлтанов «Бір тараптан Еура­зия­лық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын таныс­тырды. «Осы Келісімді іске асыру Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттерде өндірілетін тауарларды өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, қазақстандық тауарлардың Сербияға экспортын ұлғайту әлеуеті 250 млн долларды құрайды. Олар: химия және мұнай-химия, машина жасау және металлургия, тамақ өнеркәсібі салаларының тауарлары және құрылыс материалдары», деді министр.

Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов Парламент Мәжілісі мақұлдаған «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде де баяндама жасады. Министрдің айтуынша, құжат үш бағытты қамтиды. Атап айтқанда, бәсекелестік саласындағы өзгерістер, Еуразиялық экономикалық комиссияға энергетика, техникалық реттеу, макро­экономика, бәсекелестік және ветеринария салаларында қосымша өкілеттіктер беру және техникалық түзетулер.

Сенаторлар отырыста депутаттық сауалдарды да жария етті. Нариман Төреғалиевтің сауалында Батыс Қазақ­стан облысындағы бірқатар аудандарды сумен жабдықтау мәселелері баяндалған. Сенатор Ольга Перепечина білім беру жүйесіндегі, оның ішінде «Күнделік» порталының жұмысындағы қиындықтар туралы айтты. Сенаторлар Сағындық Лұқпанов пен Сергей Ершов темір жол саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Ал депутат Андрей Лукинломбардтардың қызметіндегі құқық бұзушылықтар мен оларға және микроқаржы ұйымдарына бақылауды күшейту қажеттігіне назар аударды.