• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қаңтар, 2021

«Жусан» операциясы аясында 2020 жылдың басында елге қайтарылған әйелдер 100% оңалтылды

277 рет
көрсетілді

Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов қазіргі таңда елімізде тұрақты діни ахуал қалыптасқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүйелі жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестік жолға қойылған. Мемлекеттік  саясатты тиімді жүргізуді қолданыстағы құқықтық-нормативтік база және басқа да бағдарламалық құжаттар қамтамасыз етті. 2020 жылғы желтоқсанда Дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар қабылданды. 

Бұл стратегиялық құжатта мемлекеттің зайырлылық қағидаттарын ілгерілету, мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық келісімді нығайту мен халық арасында радикалды идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі  негізгі міндеттер мен шаралар белгіленген.

Сондай-ақ, дін саласындағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 7 қызметтің 6-уы автоматтандырылды. Ағымдағы жылы бұл жұмыс толық аяқталады.

2020 жылғы әлеуметтік зерттеулерге сәйкес халық арасында зайырлылық  қағидаттарын қолдаудың жоғары деңгейі байқалады.

Зайырлылық қағидаттарын насихаттау мақсатында БАҚ-та және интернет желісінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Министрлік тарапынан бекітілген «Қазақстан – зайырлы мемлекет»  медиа жоспары көзделген мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік берді.

Бұдан басқа, дін саласындағы 2605 білікті маманнан құрылған 229 өңірлік ақпараттық-түсіндіру топтары қоғамның түрлі өкілдеріне зайырлылық қағидаттарын түсіндірді. Нәтижесінде қоғамдық қатынастарда зайырлылық қағидаттарының сақталуына оң ықпалын тигізді. Оның нақты нәтижелерінің бірі Министр айтып өткеніндей еліміздің мектептеріндегі хиджаб кию фактілерінің санының 12 есеге дейін (2462-ден 201-ге) төмендегенін айтуға болады.

Республикада мемлекеттік-конфессиялық қатынастар діни бірлестіктермен сындарлы диалог және нәтижелі ынтымақтастық форматында құрылған. Осы мақсатта діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес және діни бірлестіктер өкілдерінің жиналысы сияқты диалог алаңдары жұмыс істеуін жалғастыруда.

«Пандемия кезінде мемлекеттің шешімдерін бірауыздан қолдаған және карантиндік шектеулерді сақтауға шақырған елдің діни бірлестіктеріне ерекше алғысымды білдіргім келеді.

Өткен жылы карантин кезеңінде ірі діни мерекелер болды, оның ішінде Пасха және Ораза айт мерекесі өтті. Құрбан айт мерекесі кезінде  санитарлық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ҚМДБ АҚДМ көмегімен Qurban2020.muftyat.kz  сайтын іске қосты. Онда азаматтар онлайн-тапсырыстар мен құрбандық шалуға өтінімдер қалдыра алды. Осы мақсатта пасхалық Құдайға құлшылық ету тек діни қызметкерлердің қатысуымен өткізілді және Алматы қаласының Вознесенск кафедралды соборынан Еуразия бірінші арнасы телеарнасында тікелей эфирде көрсетілді.

Біздің тағы бір маңызды жұмыс бағытымыз халықтың діни радикалдық идеологияларға қарсы иммунитетін нығайтуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру және қарсы насихаттау жұмыстарын жүргізу  болып отыр. Өткен жылы бұл бағыттағы жұмыстар қайта қарастырылып, негізгі басымдықтар белгіленді. Сандық көрсеткіштен сапалық нәтижеге басты назар аударылуда. Атап айтқанда, халықтың діни радикалды идеологияның ықпалына түсіп қалуы ықтимал топтарына (сауда орындары, құрылыс алаңдары және т.б) басымдық беріліп, жоспарлы түрде  мақсатты жұмыстар ұйымдастырылды. Сонымен бірге,  карантин талаптарының күшеюіне байланысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары онлайн түрде де өткізіліп, жаңашылдық сипаттағы ақпараттандыру әдістері  жүзеге асырылды.

Бұдан басқа, аса маңызды бағыттардың бірі болып табылатын деструктивті діни ағымдардың идеологиясын ұстанушыларымен жүргізілетін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді. 2020 жылы деструктивті идеология ұстанушыларының 50%-дан астамы оңалту іс-шараларымен қамтылып, нәтижесінде олардың 3 мыңнан астамы қазақстандық қоғамның дәстүрлі құндылықтарына қайта оралды.

Сондай-ақ, «Жусан» арнайы операциясы шеңберінде террористік белсенділік аймақтарынан 2020 жылдың басында қайтарылған әйелдер 100% оңалтылды. Алайда өзге де жолдармен қайтарылған 32 әйелдің қосылуына байланысты бұл көрсеткіш 90% құрады. Оларды радикалды көзқарастан арылту және қайта әлеуметтендіру бойынша мақсатты жұмыстар жалғасуда.

Халықтың уақыт өткен сайын интернет желісіне деген қызығушылығының артуы, сондай-ақ карантиндік кезеңнің созылуы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің алдына жаңа міндеттерді алып келді. Осыған орай, онлайн форматтағы ақпараттандыру жұмыстары қайта қарастырылып, кешенді шаралар қабылданды.

Нәтижесінде еліміздің интернет кеңістігінде радикалды контенттің көбейіп кетуіне жол берілмеді. Отандастарымыздың діни мазмұндағы діни радикалды ақпарат көздерінен қорғау мақсатында оларды анықтау және қолжетімділігін шектеу, бұғаттау, оларға жедел ден қою қызметі  күшейтілді. 

2020 жылды түйіндей отырып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде елдегі діни ахуал тұрақты болып қала береді деп сеніммен айтуға болады. Діни негіздегі қақтығыстарға жол берілмейді, мемлекеттің осы саладағы саясаты халық арасында кең қолдауға ие», — деді вице-министр.

2021 жылы министрліктің алдында дін саласындағы бірқатар маңызды міндеттер тұр.

«Біріншіден, діни саладағы заңнамаға басқа салалық заңдар арқылы нақты өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жалғасатын болады. Ұсынылатын өзгерістер діни бірлестіктерді тіркеу, діни іс-шараларды және дінтану сараптамасын өткізу, әкімшілік нормалар мәселелерін оңайлатуды көздейді. Аталған өзгерістер елдегі діни ахуалдың дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Сонымен бірге, қағаз жүзіндегі баламаны алып тастап діни қызмет саласындағы барлық мемлекеттік қызметтерді 100% автоматтандыруды қамтамасыз ету жоспарлануда.   

Екіншіден, террористік белсенділік аймақтарынан оралған әйелдердің 90%-ын оңалтуға қол жеткізу мақсаты қойылды. Келген әйелдердің басым көпшілігі радикалды идеологиядан бас тартып, қоғамға ойдағыдай енеді деп күтілуде.

Үшіншіден, халықтың радикалдануына жол бермеу мақсатында нысаналы топтардың 70%-ын ақпараттық-түсіндіру жұмысымен қамтуды қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, бөлінген деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың 70%-ын теологиялық-психологиялық оңалту іс-шараларымен қамту жоспарлануда.

Дін саласындағы үйлесімді мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды сақтау бойынша оқушыларға арналған қосымша оқу құралы әзірленуде. Оқу құралы оқушылардың құқықтық және дінтану сауаттылығы деңгейін арттыруға, оларға моральдық құндылықтарды, патриотизмді және радикалды идеологияға иммунитетті дарытуға мүмкіндік береді.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың конфессияаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамаларын шетелде танымал ету мақсатында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі XIX Хатшылығының отырысы жоғары деңгейде өткізілетін болады.

Министрлік алдына қойылған міндеттер елдегі діни ахуалдың тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша бұрын іске асырылған шаралардың қисынды жалғасы болып табылады және мемлекеттік құрылыстың зайырлы қағидаттарының үстемдігін сақтауға, конфессияаралық келісімді нығайтуға және дінді деструктивті мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге мүмкіндік береді», — деді вице-министр.