• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
21 Сәуір, 2010

ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН

2588 рет
көрсетілді

Бұдан біршама жыл бұрын белгілі қоғам қай­раткері Иманғали Тасмағам­бетов Алматы қаласының әкімі болған кезде қалалық әкімдік ғимаратында Жоғар­ғы Сот Төрағасы, өзге де лауазымы биік басшылар қатысқан, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күреске арнал­ған үлкен жиын өтті. Әдеттегідей судьялар ара­сын­дағы көлеңкелі құбылыс – парақорлықты жою жөнін­де әртүрлі пікірлер айтылды. Тіпті, кейбіреулер болса әбден еркінсіп, “зейнеткерлік жасқа жақындаған судьялардың пара алмасқа амалы жоқ, себебі ертеңгі күні жалғыз зейнетақымен күн көру мүмкін емес” дегендей сөздерге де барды. Мұндай сорақылыққа шы­дай алмаған Алма­ты қалалық соты­ның судьясы Қания Үсенқызы бірден отырған орнынан тез тұрып, мінбеге көтерілді. – Мәселен, менің зейнет­кер­лікке шығуыма не­бәрі үш-ақ жыл қал­ды. Бірақ, зей­нетақы көлемінің аздығы мені мүл­дем шошын­дыр­майды. Ойлана біл­ген адамға мынау тіршілікте ар-ож­дан тазалығы өте қым­бат. Сондықтан да, мен өз кәсібімді соңғы демім біт­кен­ше адал атқара­мын. Мен өмірімде ешқашан пара алып көрген жоқ­пын және алмаймын да,– деді ол дауысын көтере сөйлеп. Қала әкімі Иман­ғали Тас­маған­бетов сол жиында “Егер еліміздегі әрбір судья қалың көпшіліктің алдында жұрттың көзіне Қания апай сияқты тіке қарап тұрып, жүрекжарды сөзін осылай ашық айтса, бұл үлкен жетістік болар еді” – деп атап айтқан болатын. “Құрмет” орденінің, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Судьялар одағының “Үш би” белгісінің иегері, Алматы қалалық соты­ның бұрынғы судьясы, заң ғылымдары­ның кандидаты Қания Хайруллинаны асау тағдыр алпыс асуына бар болғаны бір-ақ аттам қалғанда жеткізбеді. Тұла бойы биік таудан аққан мөп-мөлдір бұлақтың суындай таза, кіршіксіз адал жанға деген көпшіліктің құрметі, сағы­ныш сезімі әлі де толастар емес. Қамшы­ның сабындай тым қысқа ғұмыр кешсе де артына өшпес сәуле, қимастық қалдырып кететін асыл жандар болады. Бүгінгідей мың құбылған заман ықпалын елеп-ескермей, тым қарапайым, қоңыр тіршілік кешіп, еліміздің сот жүйесіне қыруар еңбек сіңірген білікті судья, хан қызындай қайран Қания өнегелі, ұлағаты мол өмір кешті. Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының Қызылбұлақ ауылында көп балалы отбасында жарық дүние есігін ашқан Қания мектеп қабырғасында жүргеннен бастап жүрегіне ұялаған мақсатына жетуді, сот мамандығын игеруді арман­дай­тын. Айтқанынан ешқашан қайтпай­тын, бала кезінен үнді фильмдеріне еліктеп өскен өжет қыз дегеніне де жетті. Сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факуль­тетін бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын Маңғыстау облысының Маң­ғыс­тау ауданындағы Шетпе посел­кесі­нде аудандық сотта бастаған ол Торғай облыс­тық, Алматы қалалық сотында Азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі алқаның төрайымы болып жұмыс атқарды. Қай жерде, қандай жағдайда қызмет етсе де “тағдыры таразыда тұрған пенденің көз жасын арқалап, теріс үкім шығарудан артық күнә жоқ” деп есептейтін маман өз кәсібінде ерекше ұқыптылық танытты. Кәсіби этика шеңберінен шығып көрме­ген судьяның жеке өмір заңындағы ең басты қағидасы да – ар-ождан тазалы­ғына көлеңке түсірмей, жақтастарының да, қарсыластарының да бетіне қаймық­пай, тіке қарау болатын. Сондықтан да, ол жаны нәзік әйел бола тұра, еліміздің сот жүйесіндегі күрделі де қиын сүрлеуде азаматтың азаматы ғана шыдайтын тым ауыр жүкті көтере білді және қандай биікке көтерді десеңізші?! Заңгер бойындағы қайсарлықтың терең сыры – оның өз кәсібіне, туған еліне деген түпсіз терең сүйіспеншілігінде. Ғұмырлық жары – Амангелдімен бірге көзінің ағы мен қарашығындай ұлы мен қызы – Әлтайыр мен Айнұрды азамат етіп өсірген асыл ана, немерелерінің сүйікті әжесі болған Қания Үсенқызы­ның кейінгілерге қалдырған өшпес өнегесі жүрегіндегі ізгіліктің жылуы екендігі сөзсіз. Әрине, адамгершіліктің, рухани таза­лық­тың биігіне қол жеткізу айтуға ғана оңай, бұл – азабы да, қиындығы да, күрделілігі де, талас-тартысы да мол күр­делі жол. “Сенесіз бе, адалдығым, шындықты бетке айтатын бірбеткейлігім үшін мені кейбіреулер жек көреді. Бірақ мен басқаша өмір сүре алмаймын”, дейтін еді ол кейбір кездерде ақтарыла сырын айтып. Оның өзі төрелік еткен жүздеген сот процесінде шығарған, қара қылды қақ жарған әділ шешімдерімен бір таңқа­ларлығы, ақталушыны былай қойғанда, айыпталушылар да сөзсіз келісетін. Сот жүйесінде отыз жылдан астам тер төккен судья бойындағы бұл қасиет – оның ата-анасының шаңырағындағы ұлағаттың жемісі болса керек. Себебі, бүгінгідей қы­рық құбылған дүниеде тіршілік кешушілер арасында тек тәлімді тәрбие, ата-ана өнегесін көргендер ғана адамгершілік асыл қасиетімен ерекшеленуде. Сот беделінің, ең алдымен, жекелеген судьялар беделінен құралатындығын Қания Хайруллина еңбек жолында бірша­ма тәжірибе жинақтап үлгермей-ақ, уни­вер­ситет бітіре сала бірден ойға түйген. Маңғыстауға жолдама алған жап-жас қыз­ды Қазақстанның сол кездегі Әділет ми­нистрі Бегайдар Жүсіпов оны Қазақ­стан Компартиясы Ор­та­лық Комитетіне ертіп апа­рып, бөлім меңгеру­шісі­нің орын­басары Долда Досболов­пен кез­дес­тір­ген еді. Сол кез­дегі Гурьев об­лы­сы про­куро­ры қыз­метінен ауы­сып келген жаңа бас­шы ша­шы боял­ған, қып-қыс­қа көйлек ки­ген қыз­­ды көріп, “Ой­­бай, мы­на қызды көрсе адай­лар шошып кетеді, ал бұл қыз болса олар­дың түйесінен қашып кете­ді” демесі бар ма безек­теп. Бір таңғалар­лығы, ірі басшының ал­дында тұрғанның өзінде жүрексінбей, керісінше ол бұл сөзге: – Саспаңыз, мен түйе­ден қорық­паймын, өзім түйеге мініп өстім. Ал сіз айтып отырған адайлар егер менің боял­ған шашымнан шошынса, оның түрін оп-оңай өзгертуге болады,– деп бірден жауап қайтарған. Жас қыз­дан мұндай ба­тыл жауапты, өжет­тікті күтпе­ген Долда Досболов болса “ой, мынау өзі бо­лайын деп тұрған қыз ғой” деп тиісті құжаттарға өз қо­лын қойып, оны Маң­ғыстауға аттан­дырып жібереді. Тіршіліктің талай сынынан мүдірмей өтіп, адалдық жо­лында әділеттіліктің ақ туын желбіре­тіп, қиянатқа қарсы тұруда ол тура бағы­ты­нан тайған емес. Жасыратыны жоқ, оның өз ғұмырында қиналған кезі мүл­дем болмады деп айту орынсыз. Ең бастысы, тағдыры шырғалаңға түскен жандарға кесілген жазаның әділдігі ол үшін ең өзекті мақсат болды. Тағы да бір ғажабы, ол көкіре­гіндегі шыңғырған шындықты қандай жағдайда, қай жерде болмасын айтпай қоймайтын және айтпай қалған кезі жоқ десе де болады. Сонау сексенінші жылдары кең-бай­тақ елімізде сотталғандарды ақтап, түрме­ден босатып алу сирек кездесетін оқиға еді. Бірақ, оның заңгер ретінде қанына сіңген қасиет – басына іс түскен адам­ның жазықсыздығына көз жеткізсе, оны ақтап алмай жаны тыныш таппайтын. Сөйтіп, Торғайда ол “ұрлық жасады” деп жазықсыз сотталған қазақ жігітті ақтап, түрмеден босатып алды. Қателік тергеу­шінің де, прокурордың бір ауыз қазақша, ал, айыпталушының бір ауыз орысша білмеуінен болған екен. Қазақ жігіті болса, тергеушінің “қол қой” деген жеріне бар болғаны “жала, жала” деп бір сөзді қазақ тілінде сан рет қайталап жаза берген. Сөйтіп, орыс тілін білмегендіктен амалсыз сотталып кете барған жігіттің кассациялық шағымы сол кездегі Торғай облыстық соты төрағасының орынбасары – Қания Үсенқызының алдына келгенде әріптестерінің бұл оспадарлығы оны қатты қынжылтқан еді. Сотталған жігіт: “егер қазақша түсінетін біреу табылса менің заң алдында кінәсіз екенімді білер еді. Өйткені, барлық түсініктемеде, қол қоятын орында “жала” деп жаздым” деп хабарлапты. Адам тағдырына аяқасты қарамай, әрдайым араша түсетін білікті судьяның араласуымен іс қысқартылып, жігіт темір тордан құтқарылды. Және де бұл кәсіби тәжірибесі мол заңгердің басынан өткерген бір ғана іс емес екендігі көп нәрседен хабар берсе керек. Айналаға жақсылықтың нұрын сеуіп, абыройлы ғұмыр кешу екінің бірінің қолы­нан келмейді. “Мен оны сонау студент кезінен білетінмін. ҚазҰУ-дің заң факуль­­тетінің 300 студенті тұратын жатақ­хана­сында студенттер кеңесінің төрайымы бол­ды. Жас қыздың тұла бойындағы мейірімге таң қалатынбыз. Кейін курстасы Ерсайын қайтыс болғанда да жұмысбас­тылығына қарамай, оның отбасына көмек­тесіп, ба­ла­­лары­ның басынан сипа­ған да осы Қания еді” дейді заң ғылым­дарының докторы Марат Сәрсембаев өз ойын ортаға салып. Қызылорда облыстық сотының төрағасы М.Сабырбаев “менен небәрі үш жас үлкендігі болса да мен Қания Үсен­­қызын өзімнің үлкен апамдай, ұстазымдай сезінетінмін, Шевченко қалалық сотында бірге жұмыс істедік. Бір күні қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Шеманский азаматтық бір іс туралы судьяларды шақырып алып, негізсіз ұрыс­қан. Сонда Қания сөз алып, “айыпталу­шы­ның жоғарыда тіренішім бар деп судьяларға тиісуінің бір ұшығы сізде жатқан шығар” деп партия хатшысының бетіне бүкпесіз айтып тастауы бізді, яғни әріптестерін ғана емес, хатшының өзін де абдыратқаны түрінен көрініп тұрды” – дейді алыста қалған күндерге көз жүгіртіп. Кеңес өкіметі кезіндегі өте сирек оқиға – небәрі 26 жасында Маңғыстау аудан­дық сотының халық судьясы болып тағайындалған жас маманға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы “Айналайын, көмек керек болса айтар­сың” деген. Ал, ол болса басшы қамқор­лығына алғыс білдіріп, сосын “Сізден жалғыз ғана өтінішім бар, мен шығарған сот үкіміне араласушы болмаңыз. Егер мен заң талабына сай әділетті шешім шығармасам, онда жазалаңыз” деген-ді. Қара қылды қақ жарған ақиқаттың ақ жолымен жүруді ғұмырлық қағидасына айналдырғанның бірі Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы – Қания Үсенқызы еді. Түсіне білген адамға мынау жарық дүниеге адам болып келіп, адам болып кетуден артық қандай мақсат болуы мүмкін?! Табиғаты нәзік әйел болса да азаматтың азаматы шығатын абырой мен беделдің шыңына ол адалдығымен, ақ жүрегімен көтерілді. Хан қызындай, қайран Қания... жалт-жұлт еткен дүние, жалған дүние демеске амал жоқ. Бақыт БАЛҒАРИНА. АЛМАТЫ.