Коронавирус пандемиясының әлем елдеріне келтірген шығыны орасан. Көптеген адамның өмірін жалмағаннан бөлек, індеттің салдары экономикаға да ауыр тиіп отыр. Туризм секілді қызмет көрсетуге бағытталған көптеген сала қазіргі таңда үлкен тоқырауға ұшырады. Соның салдарынан шартараптың түкпір-түкпірінде жұмыс орындары жабылып, азық-түлік тапшылығы байқала бастады. БҰҰ келтірген мәліметтерге сүйенсек, биыл 800 миллион адам аштыққа ұрынуы мүмкін. Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы жариялайтын бүгінгі мақалалар топтамасында пандемияның зардабы туралы сөз болады.
БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Марк Лоукок пен Дүниежүзілік банктің басқарушы директоры Аксель ван Троценбург бірлесіп жазған мақалада азық-түлік тапшылығына жол бермеу шешімдері жайлы айтылады. Авторлардың пайымдауынша, миллиондаған адамның аш қалмауы үшін алдын алу шараларына ерекше мән беру қажет. Сонда ғана жаһандық ашаршылыққа жол берілмейді.
Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі Каушик Басу өз мақаласында алдағы он жылдыққа болжам жасайды. Оның сөзіне сүйенсек, келешекте үш мемлекеттің экономикасы қарқынды дамымақ. Олар: Оңтүстік Корея, Вьетнам және Мексика. Аталған елдер бір-біріне ұқсамаса да, дамудың өзіндік тәсілін ұстанады.
Әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалалары Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
ИТАКА. 2021 жыл енді басталды. Коронавирусқа қарсы вакциналардың жаппай салына бастауы, Ақ үйдің басшысы ауысуы бізге үлкен үміт сыйлайды. Ендігі жерде әлемдегі жағдайға қорқынышпен қарамаймыз, керісінше келешектен зор мүмкіндік күтеміз. Міне, кезекті онжылдық басталар тұста қай мемлекеттердің дамудың серпінді жолына түсетінін болжап шығудың сәті келді.
Меніңше, Оңтүстік Корея, Вьетнам және Мексика – дамудың тың жолына түрен салған мемлекеттер. Оңтүстік Корея дамыған ел екені белгілі. Әлемдік банктың есептеуінше, Вьетнам табысы жағынан Үндістан мен Бангладеш секілді орташа деңгейлі мемлекеттердің төменгі сатысында. Ал Мексика өз кезегінде Колумбия, Ботсвана, Индонезия тәрізді табысы орташа елдердің тізімін бастап тұр. Болжамым бойынша осы үш ел алдағы онжылдықта басқаларға қарағанда қарқынды дамымақ.
Оңтүстік Кореяны таңдағаннан қателеспейтініміз түсінікті. 1970-жылдардан бастап, Пак Чон Хидің президенттігі кезінде ел экономикасы қарқын алып, жиырма жылға жуық уақыт бойы өсіп отырды. 1997 жылғы Шығыс Азия елдеріндегі қаржы дағдарысы ғана мемлекеттің одан әрі дамуын біршама тежеді.
Бай елдердің кедей мемлекеттерге қарағанда даму қарқыны бәсең болады. Бірақ әл-ауқаты жоғары мемлекеттер ішінде Оңтүстік Кореяның шоқтығы биік. Оның басты себебі адам капиталына мол инвестиция құйғанына байланысты. 2019 жылы елде миллион тұрғынға шаққанда 3919 патент беріліпті. Яғни Оңтүстік Корея басқалармен салыстырғанда әлдеқайда озық тұр. Тізімнің екінші сатысына жайғасқан Жапонияда бұл көрсеткіш 1943-ке тең. Қытай мен АҚШ-та оның көлемі тиісінше 890 және 869-ға жетті. 2019 жылғы сәуірде Оңтүстік Корея бүкіл ел аумағында 5G технологиясын жаппай қосуды жүзеге асырған алғашқы мемлекет атанды. Кореялық фирмалар 2026 жылға қарай жаһандық 5G нарығының 15 пайызын иеленуді жоспарлап отыр.
Оған қоса, Оңтүстік Корея басқа елде жиі жіберілетін қателікті қайталамай, мұғалім таңдау мәселесін оңтайлы шешуде үлкен жетістікке қол жеткізді. Көптеген зерттеушілердің, атап айтқанда Абхиджит Банерджи мен Эндрю Ньюман, Одед Галор мен Джозеф Зейраның пайымдауынша, әдетте мектептегі мұғалімдер берілуге тиіс жалақыдан аз айлық алады. Меніңше, жақсы білімнің әсері келешек ұрпаққа берілетіндіктен, ұстаздардан ақша аямау керек. Сондықтан жақсы мұғалімдер климат саясаты секілді. Олар қазіргі таңда шешім қабылдауға әсер ете алмайды, бірақ келешек ұрпақ ұстаздар еңбегінің тиімділігін көреді.
Оңтүстік Корея елдегі ең талантты адамдарды ұстаздық етуге шақырды. Нәтижесінде, мектеп мұғалімдері мемлекеттегі ең бай адамдар қатарына кірді. Мұның жарқын мысалы – Интернетте математикадан сабақ беру арқылы бір жыл ішінде 8 миллион доллар тапқан Ча Кил Ённың жетістігі.
Президент Мун Чжэ Иннің анағұрлым әділ және ашық қоғам құруға бағыттаған күш-жігері де зор үміт сыйлайды. Президенттің ресми резиденциясын «Көк үй» сарайынан Сеулдің орталығындағы қарапайым үкіметтік кешенге көшіру секілді әрекеттері символдық мәнге ие болса да, өте маңызды. Менің ойымша, Оңтүстік Кореяның жан басына шаққандағы табысы алдағы он жыл ішінде Жапониядан асып түседі.
Вьетнамда 2010 жылы жан басына шаққандағы табыс 1297 долларды ғана құраған-ды. Сөйтіп, Үндістан және Қытаймен бірге әлемдегі ең тез дамып келе жатқан экономиканың үштігіне кірді. Бірақ аталған екі мемлекет Вьетнамнан бай еді. Содан бері елде қарқынды даму басталып, он жыл ішінде бұл үрдіс бәсеңдеген жоқ. Қазіргі таңда жан басына шаққандағы кірісі Үндістаннан асып түсті.
Елдегі мұндай сәттіліктің іргетасы 1986 жылы, Вьетнам коммунистік партиясының алтыншы ұлттық конгресі командалық экономикадан нарықтық бағдарланған модельге көшу туралы Дой Мой саясатын қабылдаған кезде қалана бастады. Кейінгі жылдары Вьетнам өзінің салық жүктемелерін төмендетіп, сауда және шетелдік инвесторларға шекарасын кеңінен ашты. Адам капиталына көп қаражат салды.
Вьетнамның коронавирус пандемиясымен күресудегі тиімді тәсілі экономикаға түсетін салмақты азайтты. Елдегі өлім-жітімнің деңгейі миллион адамға шаққанда 0,4-ті құрады. Сондай-ақ 2020 жылы экономика 2,9 пайызға дамыды. Басқа елдердің осындай кезеңде экономикасы тұралап жатқанын ескерсек, бұл – керемет жетістік. Қазіргі таңда құйылып жатқан тұрақты шетелдік инвестициялар Вьетнамды әлемдегі жетекші өндіріс орталықтарының біріне айналдыруы мүмкін.
Вьетнамнан айырмашылығы сол, Мексика пандемиядан қатты зардап шегіп отыр. Кейінгі кезде вирус жұқтырған әлем көшбасшыларының бірі атанған ел президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор індетпен күресте тиісті шараларды дұрыс қабылдамағаны үшін жауап беруге тиіс. Соған қарамастан, Андрес Мануэль 2018 жылы президенттікке сайланғаннан кейін Мексиканың келешегі жарқын деген үміт оты тұтанды. Ол Мексиканың «Төртінші трансформациясы» деп аталатын прогрессивті экономикалық бастама көтерді. Бұл жоба өсуге ықпал етіп, элиталық артықшылықтарды жоюға бағытталған. Бастаманың бекер емесін баса көрсету үшін Андрес Мануэль қарапайым резиденцияны таңдап, Лос Пинос президенттік сарайында тұрудан бас тартты.
Вьетнам секілді Мексиканың да әлемдік өндіріс хабына айналуына зор мүмкіндік бар. Былтыр күшіне енген АҚШ – Мексика – Канада келісімі (USMCA) осы үш экономиканың интеграциясын одан әрі дамытады. Шын мәнінде, АҚШ пен Канада тарапы капитал және озық технологиялармен, Мексика жұмыс күшімен қамтамасыз етсе, аймақ қайта жанданып, Қытайды басып озуы мүмкін. Енді АҚШ президенті Джо Байден қызметіне кіріскен соң, үшжақты қатынастар жақсаруы керек. Үш мемлекеттің де келісімнен ұтары көп. Бірақ Мексика үшін USMCA-ның берері көп, өйткені елдің даму қарқыны жоғары.
Сөз соңында Үндістандағы түсініксіз жағдайды айта кеткен жөн. Бірнеше жыл бұрын елдегі қарқынды даму жылына шамамен 9 пайызды құрап, әлемдегі экономикалық жетістіктің нағыз үлгісі саналған. Бірақ кейіннен экономика құлдырап, өсім 2016 жылдан 2020 жылға дейін өсім көрсеткіші төмендеді. Ел тәуелсіздік алғаннан бері мұндай регресс болған емес.
Әрине, Үндістан – дамушы экономикалардың бірі. Елде әлемдік деңгейдегі ақпараттық технологиялар секторы, күшті фармацевтикалық өндіріс және аз да болса жоғары білімді жұмыскерлер бар. Бәріне кінәлі – елдегі сенімді жоғалтып, кейінгі бірнеше жылда инвестициялардың тұрақты төмендеуіне әкелген жікшілдік саясат. Егер Үндістан саяси сахнасын тазартса, жаһандық дамушы елге айналады. Бірақ бұл «егер» күйінде қалып отыр.
Каушик БАСУ,
Дүниежүзілік банктің бұрынғы бас экономисі және Үндістан үкіметінің бас экономикалық кеңесшісі, Корнелл университетінің экономика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org