Иә, ол ұзақ қатаң уақыт бақылауда болды, сондықтан үндемеді. Үндеуге хақысы болса да, бастапқыда берген әскери антынан аттап кете алмады. Сол антына өмірінің соңына дейін берік болды. Екінші дүниежүзілік соғыстың ең қауіпті қаруы туралы да, оның салдарының неге апарып соқтыратынын да айтпады. Оны одан ешкім сұрап мазасын алмады. Себебі, ол туралы адам баласы білмейтін. Қайсар тұлғаны танып білгендердің өзі ең қуанышты күндердің өзінде үнсіз қалды. Сөйтіп, айтулы ғалымның осыдан бірер жыл бұрын 100 жасқа толған күні де ескерілмеді.
«Игіліктің ертесі мен кеші жоқ» демекші, біз сол өкініштің орнын толтыруға тырыстық. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері соғыс жылдардағы КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының оперативтік қызметкері, КСРО-ның Қытай, Египет, Иран, Үндістан елдеріндегі елшіліктерінде әскери атташе және арнайы кеңесші, антигитлерлік Одақтастар үкіметі басшыларының Тегеран конференциясына (1943ж.) қатысқан, әскери медицина қызметінің полковнигі Қуаныш Аманбайұлы Мәкіров еді.
Қуаныш Мәкіров 1910 жылы 15 маусымда Ақтөбе облысының Қобда ауданына қарасты №1 ауылында дүниеге келген. Бұғанасы қатая қоймаған ол ата-анадан жастайынан жетім қалып, 13 жасында шопанның көмекшісі болып еңбек етіпті. 1930 жылы жұмысшы жастар мектебін бітіріп, Қызылордадағы Халық ағарту институтына оқуға түседі. Оқып жүріп, жастардың қоғамдық жұмысына белсене араласқан оны қалалық комсомол ұйымы Мәскеудің №1 Медициналық институтына оқуға жібереді. Ол бұл оқу орнында да өзінің белсенділігімен танылып, үлгілі атанады. 1934 жылдары Қызыл Армияның қайта құрылымдауы кезінде оның қатарын жас мамандармен толықтыру мақсатында Үкімет он мыңдаған жастарды комсомолдық жолдамамен әртүрлі әскери оқу орындарына шақыру науқанын жүргізеді.
Саяси маңызы зор осы шақырумен Қуаныш Мәкіров 1934 жылы таңдаулы түлектердің қатарында Ленинградтың Қызыл Тулы, Ленин орденді С.М.Киров атындағы Әскери-медициналық академиясына оқуға жіберіледі.
1936 жылы әскери академияны ойдағыдай бітіріп, Қазақстанда тұңғыш құрылған атты әскерлер полкінде дәрігер болып қызмет етеді. Дәрігер, білікті ұйымдастырушы ретінде танылған Қуаныш Аманбайұлы 1939 жылы Кеңес Армиясының Бас штабына қызметке шақырылады. Ол бұл қызметін 1947 жылға дейін атқарса да иығына ілген әскери киімін 1959 жылы ғана шешеді.
Бас штабтағы қызмет аясында Қуаныш аға Жоғарғы Ставка тапсырмасымен соғыс майданындағы әскерлерді қажетті құралдармен қамтамасыз етуді ұйымдастыруға бағытталған жауапты тапсырмаларды орындайды. Қызмет міндетіне қарай оған жаудың әскери әлеуеті мен негізгі күштері туралы мәлімет жинаумен бірге жау қолындағы аумақтарда жұқпалы аурулардың эпидемиялық ошақтарының бар-жоғын анықтау міндеттері тапсырылады. Соғыста жүріп, Польша және Чехославакия корпусы әскерлерінің, неміс басқыншылығынан азат етілген елді мекендердің, олардың тұрғындары мен мыңдаған тұтқынға түскендердің арасында медициналық және санитарлық, эпидемияға байланысты шаралар жүргізуге тікелей қатысады.
1943 жылы антифашистік одақтас мемлекеттер Үкімет басшыларының Тегерандағы конференциясына қатысушы Кеңес делегация басшыларының эпидемиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қажетті шаралардың алдын алу жұмыстарына араласады. Эпидемиялық қауіптің өзен, көл суларының, топырақ беті мен ауаның ластануы, азық-түлік тағамдарының бүлінуі салдарынан болатындығы белгілі. Сондықтан Тегеран конференциясы қарсаңында Қуаныш аға Ирандағы оба ауруының, энцефалиттің табиғи ошақтарын зерттеуге қатысып, ғылыми және ақпараттық тұрғыда қажетті мәліметтер жинайды.
Жоғары дәрежедегі кездесу өткізілетін жердің қаншалықты қауіпсіз екеніне көз жеткізу үшін, әуелі топырақтың құрамын зерттеуге назар аударады. Кез келген жағдайда топырақ химиялық, биологиялық және өзге де құрамдармен ластанған болса, оған сараптама жүргізу талап етіледі. Содан кейін ғана, қорытынды жасау қажеттігіне өзгелердің көзін жеткізеді. Себебі, осының алдында ғана неміс десанттары қастандық ұйымдастыру үшін Иран аймағына үшінші бір елдер арқылы келгендігі белгілі болған еді.
1943 жылы 28 қараша – 1 желтоқсан аралығында Иран астанасы Тегеран қаласында халықаралық үшжақты келісім конференциясы өткені белгілі. Тарихта «Тегеран конференциясы» деген атпен қалған келісімге КСРО, АҚШ, Ұлыбритания елдерінің басшылары Сталин, Рузвельт, Черчилль және Сыртқы істер министрлері, штаб басшылары қатысады. Үшжақты келісімде соғыстың барысы мен оның одан кейінгі бейбіт жағдайдағы мәселелері талқыланады. Одақтас елдердің фашизмге қарсы соғыс қимылдарын бірлесіп жүргізу жоспарын жасау Тегеран конференциясының басты тақырыбы болды. Оған себеп, бұған дейін АҚШ пен Ұлыбритания Еуропада соғыс майданын ашамыз деген уәделері орындалмағандықтан соғыстың негізгі ауыртпалығын Кеңестер Одағы көтерген болатын. Сондықтан Кеңестер Одағының ұсынысы бойынша Еуропада екінші майдан ашып, соғыстың аяқталуын тездету мәселесі қаралады. Ағылшын премьер-министрі Черчилль екінші майданды Балқан түбегі арқылы жүргізуді жақтайды. Ол ағылшын-америка әскерлерін Кеңес әскерлерінен бұрын Оңтүстік – Шығыс және Орталық Еуропаға кіргізудің ықтимал жолдарын іздейді. Ал Сталин Алмания шекарасына неғұрлым жақын жерде – Солтүстік Францияда ашуды ұсынады. Оны Рузвельт жақтап, 2-ші майданды Францияның солтүстігінде 1944 жылы мамырда ашуға келіседі. Ал Кеңес Одағы Қызыл Армияның ірі шабылуын осы кезге сәйкестендіруге міндеттенеді. Тегеран конференциясында Түркия мемлекетінің одақтас елдер жағында соғысқа қатысуы да қаралады. АҚШ пен Ұлыбританияның өтініштеріне байланысты Кеңес Одағы Еуропадағы соғыс аяқталысымен Жапонияға қарсы соғыс ашуға келіседі. Ал Рузвельт өз кезегінде соғыстан кейін Германияны бір-біріне тәуелсіз бес мемлекетке бөлшектеу туралы ұсыныс жасайды. Черчилль бұл ұсынысты қабылдап, Аустрия-Венгрия және Оңтүстік Германияның кейбір аудандарын қамтитын «Дунай федерациясын» құру жөніндегі жоспарды қолдайды. Кеңес өкіметінің өкілдері бұл ұсыныстардың негізсіз екенін айтып, күн тәртібінен алдырып тастайды.
Тегеран конференциясында Иран елінің тәуелсіздігі туралы да әңгіме болады. Конференцияға қатысқан үш ұлы держава Иранға конференция кезінде қолдау білдіргені үшін экономикалық көмек беруге міндеттемелер қабылдайды.
Конференция қорытындысы бойынша Иран Одақтас мемлекеттер КСРО, АҚШ, Ұлыбританияны жақтап, әскери одақтас елдер Германия, Италия, Жапонияға қарсы соғыс жариялайтынын білдіреді.
Иран шахиншахының қабылдауында
Тегеран конференциясында Германияның, дүние жүзінің соғыстан кейінгі құрылысы, болашақта БҰҰ арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланады. Тегеран конференциясы шешімдері соғыс барысында Кеңес Одағы, АҚШ, Ұлыбританияның өзара әскери-саяси ынтымағын жоғары деңгейге көтеріп, келешектегі қатынастарды нығайтуға жол ашып береді. Міне, осының бәрін Қуаныш ағаның өз көзімен көруіне, жақыннан естуіне бұйырым болады.
Ғалым қауіптің орасан зор зардабын білім, тәжірибесімен сезінеді. Әйтсе де, Қуаныш Аманбайұлы бұл туралы жан баласына тіс жарып айтпайды. Ол естелік айтатын қарапайым оқиға емес-тін. Кездесу жариялы түрде өтсе де ол жөнінде жазуға, түсінік беруге рұқсат берілмеген еді.
Араға жылдар салып Қуаныш аға Иран шахиншағының жеке қабылдауында болып, ол ұсынған алтын табақтан су ішеді. Ағылшын, француз, араб, серб тілдерін еркін меңгерген Қуаныш аға Иран билеушісімен емін-еркін әңгіме құра біледі. Әңгіме ауанында адамзатты жалмап бара жатқан қорқынышты эпидемиялар мен созылмалы инфекциялардың қауіп төндіріп отырғанын, әсіресе, Азиялық елдерде бұл сырқаттардың кеңінен етек алып бара жатқандығын да жасырмайды. Өзінің эпидемиолог ғалым екендігін айта отырып, одан қорғанудың нақты жолдарын көрсетеді.
1944 жылы Варшава үшін болған шайқаста ол ауыр жараланады. Жоғарғы Бас қолбасшының Ставкасындағы оперативті жұмыстарды ұйымдастырудағы ерлігі үшін Қуаныш Аманбайұлы Жауынгерлік Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен екі рет және көптеген медальдармен марапатталады. Жеңістен соң, 1950 жылға дейін әскери басшылықтың аса маңызды құпия тапсырмаларын орындайды. Арнайы тапсырмалар бойынша бірнеше елде болады.
Бейбіт заман орнаса да Бас штаб оны әскер қатарынан босатуға асықпайды. Елге маман керек. Осы мақсатта әскери басшылық медицина қызметінің полковнигі Қуаныш Аманбайұлы Мәкіровті 1950 жылдан 1959 жылға дейін, Мәскеудің 2-ші Медициналық институтында эпидемиология және микробиология кафедрасында сабақ беруге көндіреді. Ұстаздық жолын ғылыммен ұштастыра жүріп, 1952 жылы әскери жабық тақырыпта кандидаттық, 1962 жылы докторлық диссертацияларын қорғайды. Ол өз алдына бір әңгіме.
Әскери ғалым Қуаныш Аманбайұлы осылайша 1959 жылы туған Отанына оралып, Алматы мемлекеттік медицина институтында өмірінің соңына дейін профессор болып қызмет атқарады.
Үндістанда: Джавахарлал Нерудің ұсынысы
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталса да, фашистік сана ұзақ уақыт тізе бүккен жоқ. Фашистік психологиямен қаруланған асыранды күштер болашақта қандай бағыт ұстанары да белгісіз еді?! Оның үстіне өз жеңілісін мойындаған фашистік Германияның әлі де қолданысқа енгізуге үлгермеген әскери арсеналында қандай қару қалды, ол да белгісіз-тұғын. Айналаны атом жайлап, батыста адам ағзасын иондалған сәулемен зақымдайтын арнайы құрылымдар туралы айтыла бастады. Әскери мақсатта психотроптық заттарды пайдалана отырып, адамды болашақта ұрпақсыз қалдыратын препараттар ойластырылуда деген де болжамдар айтылды. Адамның ішкі ағзаларын ірітетін инфра дыбысты қарулар да өндіріске алынды. Осыған орай жер бетіндегі халықтың географиялық орналасу аймағына, тектік ерекшелігіне сай халықтың арнайы категорияларына арналған химиялық, биологиялық қаруларды ойлап табу да жедел қолға алына бастады. Ғалым ретінде Қуаныш Мәкіровтің оған қатыспауға амалы жоқ-тын. Әскери дәрігер, ғалым, қауіпсіздік қызметі полковнигінің бұл қызметі біреуге жағып, біреуге жақпаса да онымен күрессіз өткен күні жоқ. Оның шарықтау мен құлдилау, шаттану мен егесу күндері де осы жылдары көп болды. Әйтсе де, мемлекеттің мүддесін, оның қауіпсіздігін көздеген ғалым айрықша құпия тапсырмамен КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының бұйрығымен осы ведомствоның Челябідегі ғылыми-зерттеу институтына жіберіледі. Алайда адами құндылыққа адалдықтан айнымаған ғалым және шын патриот үшін ең маңыздысы басқа еді. Қуаныш аға, өзінің кәсіби білігін бактериологиялық, химиялық алапат апатты адамзаттың күлін көкке ұшыруға емес, оның ортаға тигізер зардабының өміршеңдігін зерттеуге арнағанын айтсақ игі болар еді. Ол осы бағытта санаулы ғана адамға белгілі болған, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған әскери жабық тақырыпта кандидаттық, кейін докторлық диссертация қорғаған алғашқы ғалымдардың бірі болғанын тағы бір мәрте айтып өтсек, көптік етпес дейміз.
Рас, Қуаныш Мәкіровтің зерттеу объектісінің де, қызмет орнының да аса құпия болуына байланысты өзін ашық, еркін ұстауына мүмкіншілігі болмады. «Челябинск – 40» және «Челябинск – 70» деген шартты атаумен белгіленген нысанда аса құпия жағдайда ядролық қару жасалынды. Кейін бұл нысандарға Озерск, Снежинск деген атаулар беріліп, таяу маңда шағын қалашықтар бой көтерді. Бұл зауыттардың жұмысына атақты ғалым ең алғашқы кеңестік циклотронның авторы, Еуропадағы ең бірінші атомдық реакторды ойлап табушы, әлемдегі алғашқы термоядролық бомбы мен атом электростансасының атасы атанған Курчатов жетекшілік етті. Атақты академиктің қазақ ғалымының сол кездегі терең білімділігі мен еңбекқорлығына тәнті болғанын да байқаймыз.
Кейін қазақ ғалымы Үндістан көсемі Джавахарлал Неруді де таңғалдырды. Адам өміріне сұрапыл дауылдай болып тиген індеттен құтылу жолын табуда адамзат қауіпті де қиын жолдардан өтті.
Індеттің жұқпалы әрі ең қауіпті түрі оба (холера) ауруы еді. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында дүние жүзінің барлық елдерінде аяқ астынан оба басталды. Одан қаза тапқандар саны адам айтқысыз көп болды. 1843 жылы Ресейде 1 млн 742 мың адам обамен аурып, оның 690 150-і дүние салды. Ол сырқат – «Азия обасы» деп аталды. Сырқаттың дені Үндістанда басталды. Негізінен, бұл індет осы елден басқа елге тарамай, тек осы елде ғана кездесіп отырды. Ол әсіресе, Ганга мен Брамапутра өзендері бойында өрши түсті. Бұл індеттің өршуінің негізгі себебі ауыз судың тазалығына тікелей байланысты еді. Іш сүзегі, дизентерия, оба, астан улану, сары ауру тағы басқа ішек ауруларының қоздырғыштары санитарлық-гигиеналық ережелер бұзылған жағдайда ғана аталған аурулардың қозатыны белгілі болады.
1949 жылы Ұлыбританиядан өз Тәуелсіздігін жариялаған Үндістанда бұл талаптар сақталынбайтын. Апаттың алдын алмаса оның салдары бүкіл Азия құрлығына таралу қаупі зор еді. Осынау қиын кезеңде Кеңес өкіметінің тапсырмасымен Қуаныш Аманбайұлы Үндістанға барып, түрлі зерттеулер жүргізуге мәжбүр болады. Құпия жағдайда жүргізілген зерттеулер барысында Үндістан көсемі Неру қазақ ғалымына барлық жағдайлар жасап, елдің басты мұрағатындағы құпия сақталған құжаттармен танысуына жол ашып береді. Қуаныш Мәкіров осы зерттеу негізінде 1962 жылы Мәскеуде «Үндістанның колониализм кезіндегі денсаулығы» атты жабық тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды.
«Х» лабораториясы
Биологиялық, бактериологиялық қару дегеніміз не? Олар қалай өндіріледі, вирустық қоздырғыштарының өмір сүру деңгейі қандай дәрежеде?
Атауының өзі жан түршіктіретін удың бар кілтипаны оның құпиялығында. ХІХ ғасырда пайда болғанмен, ХХ ғасырда күш алып, ол бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. ХХ ғасырдың басында антимикробтық химиятерапияның негізі қаланғанда оның айналасындағы барлық іс-қимыл жоспарларына «айрықша құпия» белгісі соғылады. Оның бүкіл жұмыс кестесі мен барлық персоналдары қауіпсіздік қызметінің ерекше бақылауына алынады. Өндіріс пен тәжірибе лабораторияларына тартылған ғалымдар ерекше құпия объектіге жатқызылып, күндіз-түні бақылауда болады.
Ең алғашқы кеңестік токсикологиялық лаборатория 1922 жылы құрылып, ол «Арнайы кабинет» деп аталыпты. Лаборатория құпия жағдайда улы химиялық заттар шығарумен айналысқан. Оның жұмысына Ленин басшылық жасаған. 1926 жылдан лабораторияға ВЧК басшысы Менжинский жетекшілік етіпті. Құпия токсикологиялық лаборатория 1937 жылға дейін Бүкілодақтық биохимиялық институттың құрамында жұмыс істеді. Лабораторияның бүкіл ұйымдастыру жұмыстары НКВД-ның 12-ші бөлімінің бақылауында болған. Бұл бөлімде сонымен қатар, тұңғыш рет бактериологиялық қару жасайтын лаборатория да ұйымдастырылған.
1938 жылы лаборатория ғалымдары диверсиялық арнайы топтар мен партизан отрядтарына және неміс майданында жасырын жүрген агентуралық қызметкерлерге көп мөлшерде улы қарулар өндіріп тұрған.
1949 жылы лаборатория фармакологиялық және химиялық болып екіге бөлінген. 1953 жылы Берия ұсталғаннан кейін құпия лабораторияның барлық жұмысына тексерулер жүргізілген. Тексеру жұмысы анықтағандай, оның бүкіл қызметіне басшылық еткен НКВД қызметкері Майрановскийдің үйінен бұрын белгісіз болып келген түрлі химиялық заттар мен күмәнді улар табылған. Бұлардың бәрі соғыстан кейінгі тәркіленген неміс ғалымдарының технологиясымен жасалған болатын.
Тарихқа үңілсек, соғысқа дейінгі Жапонияда «731-ші жасақ» деген арнайы құрылым болған. Осы жасақтың адамдары сынақтарға адамдарды пайдаланған. Қазір бізге кезінде Қорғаныс министрлігіне бағынысты болған «Возрождение» аралында ұзақ уақыт әртүрлі биологиялық қаруды сынау шаралары жүргізілгені белгілі болып отыр. Бұл туралы эпидемиолог ғалым Қуаныш Аманбайұлы көп білетін. Оның ең шешуші сәтте апат аймақтарына жіберіліп отырылғандығы да сондықтан.
Биологиялық қару жасауға 60 мың адам тартылған
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін БҰҰ-ның ең алғашқы қаулысы әлемде бактериологиялық және химиялық қаруды таратпау жөнінде қабылдаған шешімі болды. Сондықтан Кеңес Одағы адамзатты жаппай қырып жоятын вирус пен бактерия өндірісін екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала салысымен қолға алуға шешім қабылдады. Бұл кезде КСРО-да жүзден аса жасырын объектілерде биологиялық қару жасауға 60 мың маман тартылыпты.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша ядролық қаруға қарағанда, биологиялық қарудың әкелер апаты – алапат көрінеді. Егер тосыннан биологиялық қару қолданылса, АҚШ үкіметі одан қорғану үшін апта сайын 177 млрд доллар жоғалтады екен. Бұл тек қаржыға тіреліп тұрған мәселе. Ал оның зардабы одан да зор. Осыдан бірнеше жыл бұрын химиялық, биологиялық қаруға қарсы сараптама жасаған профессор Р.Хаммершлега АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында жасаған баяндамасында Пентагонда «этникалық» деп аталатын қаруды қолдану тәжірибесін зерттеп жатқандығын айтқан болатын. Әскери мақсатта психотроптық заттар пайдаланылатын мұндай алапат қаруды болдырмауға ғалым Қуаныш Аманбайұлы өмір бойы күресіп бақты.
Ғалым өзі зерттеген саласын өмірінің соңына дейін жалғастырды. Эпидемиолог ғалым бірнеше жылдар бойы Алматы мемлекеттік медицина институтында микробиология, вирусология және иммунология кафедрасында дәріс оқып, өз білігін жастарға үйретуден жалықпады. Ұстаз, ғалым, профессор Қуаныш Мәкіров 130-дан астам ғылыми мақалалардың, 6 монографияның, «Әскери эпидемиология» оқу құралының авторы ретінде көптің есінде қалды.
Иә, біз әлемдік саяси тарихтағы үш алып қайраткердің кездесуінің куәгері болып, үш мемлекеттің Үндістан, Иран, Мысыр елдерінің қауіпсіздігіне қолғабыс берген ғалым Қуаныш Мәкіровтің өмір жолдарына шолу жасадық. Өз ісіне адал жанды еске алмауға хақымыз жоқ еді.
Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ