Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан азаматтардың сенімі мен адалдық пен парасаттылық қағидаларына бейімділігін артыру мақсатында құрылған Ақпараттық-ағарту штабының жылдық жұмысын қорытындылауға арналған кеңес өтті.
Іс-шараға агенттіктің және аумақтық департаменттердің басшылары, жергілікті ақпараттық-ағарту штабтарының жетекшілері мен қоғам өкілдері қатысты.
Республикалық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада құрамында Мырзатай Жолдасбеков, Ермек Тұрсынов, Ғосман Төлеғұл сияқты беделді қоғам белсенділері бар штабтардың қызметі жемқорлыққа мүлдем төзбеушіліктің іргетасын қалауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Оның дәлелі ретінде өткен жылы жасалған жұмыстардың алғашқы оң нәтижелерін келтіруге болады.
Атап айтқанда, онлайн форматта штабтың 400 мүшесі өткізген 5 мыңға жуық іс-шарамен 1,2 млн азамат қамтылған. Әрбір іс-шара ұлттық мәдениет пен бабалар мұрасы арқылы рухани құндылықтарды тәрбиелеу мақсатын көздеді.
Сондай-ақ парасаттылық идеясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті жастар арасында халық шығармашылығы арқылы қалыптастыру мақсатында еліміздің әр өңірінен 16 айтыс ақыны қатысқан Antikor-айтыс және Antikor Terme онлайн жобалары ұйымдастырылды.
Жиын барысында Шымкент қаласы мен Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары штаб жетекшілерінің баяндамалары тыңдалып, оң тәжірибелері өзге өңірлерге үлгі етілді.
Агенттік Төрағасы Алик Шпекбаев ақпараттық-ағарту штабының басты мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық идеологиясын ілгерілету екендігіне тоқталды. Оның пікірінше, әрбір өңір ғана емес, әр ауылдық елді мекен тұрғындарының бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты жаппай сіңіруі маңызды. Сондықтан да аудандық деңгейде де ақпараттық-ағарту штабтарын ұйымдастыру қажет. Олардың жұмысына халық арасында абыройға ие белсенді азаматтарды, оның ішінде жастарды және әдеп жөніндегі уәкілдерді кеңінен тарту керек.