Жуырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің шығысы 12 трлн 503 млрд теңгені құрағанын, оның 15 млрд теңгесі үнемделіп, 122 млрд теңгесі игерілмей қалғанын айтты. Қаражатты игермеудің негізгі себебі конкурстық рәсімдерді, шарттарды жасасу рәсімдерінің, төлем құжаттарын мақұлдау мерзімінің ұзаққа созылуы, атқарылған жұмыс актілерін ұсынбау болып жалғасып кете береді.
Жыл сайын айтылып жүрген мәселені биыл да жасырып қалу мүмкін болмады: дағдарысқа қарсы жоспар және оның айқын мақсаттары жеткілікті қарапайым әрі түсінікті болатын. Өкінішке қарай, бірқатар аймақта қаржыны үнемдеуге арналған бастамалардың жалғасы жаңа жылдың атрибуттарына миллиондап қаржы бөлумен түйінделгенін ақпарат құралдары жазды. Бюджет игерілмей, қаржы оңды-солды жұмсалатын «желтоқсан синдромы» 2020 жылы да байқалды. Кейбір өңірлерде ебедейсіз ескерткіштер орнатылып, кейбір лоттарда қарапайым қаламсап бағасы бастапқы құнынан қымбаттап кетті. Қысқасы, артық шығынға жол бермеу үшін ақшаны экономикаға бағыттаудың тетіктерін қарастыру керек. Талайдан бері айтылып келе жатқан ескертпе бұл жолы да қаперге алынбады. 2020 жылдың бюджетіне 39 түзету енгізілді. 3 түзету заң жобасының мәтініне, 36 түзету республикалық бюджеттің шығыс бөлігіне қатысты болды. Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық қордан 4 трлн 770 млрд теңге алынып, кейбір бағыттарға жұмсалатын қаржы қысқарды.
Әрине, бюджеттің әр тиынына дейін толық игеру мүмкін емес, бұл өте қиын шаруа. Алайда, дағдарыс кезінде бюджет қаржысын мейлінше игеру – басты міндет. 5-10 млрд емес, 122 млрд теңгенің игерілмей қалуы ақылға сыймайтын шындық.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
2003-2012 жылдары Есеп комитетін басқарған Омархан Өксікбаев Қазақстанда бюджеттен бөлінген қаржыны игерудің нақты тетіктері қалыптаспады деп өкпелеудің қажеті жоғын айтады. Жылдың басында қаржы бөлінген кезде қаржы нақпа-нақ есептеліп, министрлер мен әкімдер әр теңгенің қажетті бағыттарға бағытталғанын дәлелдеп есеп береді.
О.Өксікбаев айтып өткендей, елде бюджеттің атқарылу қызметін қадағалайтын арнайы заң бар. Ол заңда бюджет қаржысын қалай және қандай мақсатта жұмсау керектігі анық көрсетілген. Ұтымды жұмсау үшін тендерді кешіктірмей өткізу, қаржыны көпке созбай бөлу керектігі айқын жазылған. Мәселе бюджеттік тапсырыс беретін тұлғалардың жауапкершілігіне, тапсырыстың тиянақтылығына байланысты. Егер жауапкершілік жағын тиянақтасақ, толыққанды болмаса да белгілі бір деңгейде нәтижеге жетуге болар еді. Бюджетке байланысты қолданыста жүрген заңдардың өзінде тапсырыс беруші тұлғалардың жауапкершілігін айқындайтын тетіктер жоқ. О.Өксікбаевтың пікірінше, қаржыны игеруге тежеу салып тұрған жалғыз фактор осы.
Негізгі өлшем тиімді жұмсау болуы керек
2018 жылдың орта шенінде сол кездегі Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың «бюджет қаржысын игермеген орталық мемлекеттік органдар, министрлердің орынбасарлары және комитет төрағалары деңгейіндегі лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылсын» деген ұсынысы анда-санда қалғып кететін Үкіметті шырт ұйқысынан оятқанын әлі ұмытқан жоқпыз. О.Өксікбаев осы тұста, министрлер мен әкімдерге бюджеттің игерілмей жатқанын алдын ала хабарлауға мүмкіндік берілгенін еске салып өтті. 2020 жылдың қараша айында кейбір министрліктер игере алмайтын қаржы көлемі туралы ашып айтты. Бірақ жылдың басында игерілмеген ақша еселеніп шыға келеді. Мұның себебі – жауапкершіліктің кемшіндігінде. Жылдың басында бюджет нақтыланар кезде кейбір министрлер салмағын салып немесе өз салалары бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды арқаланып, «түйе сұрап, бие алып» кетеді. Ал жылдың соңында есеп берер кезде қаржы мүлдем қатысы жоқ басқа салаларға ауысып кетеді.
Ал тәуелсіз сарапшылар болса бюджеттік бағдарламалардың игерілмеуіне нақты жауап беретін тұлғалар болмаған соң, оның тиімділігіне мемлекеттік деңгейде мән берілмейтінін айтады. Келер жылғы қазынадан ақша бөлудің негізгі өлшемі өткен жылы бөлінген қаржының қалай игерілгеніне қарап өлшенеді деген қатып қалған қағида бар. Жылдың басында өткен жылдың бюджетін игерген министрліктерге басымдық беріледі. Сондықтан бірінші кезекте бөлінген қаржының жұмсалуына емес, тиімділікке баға беру үрдісін қалыптастыру керек деген пікірді О.Өксікбаев та қолдайды.
– Бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатына сай және уақтылы игерілуі экономикалық дамуға ықпал етеді. Қаражатты дұрыс пайдалануға жауапты адамдардың аттары аталып, жауапкершілік күшейтілгені жөн, – дейді ол.
Сарапшылар бюджеттің орындалуы жоспарлаудан басталатынын айтады. Бұрын санаулы мамандар ғана бюджеттің құрылуы мен орындалуына қызыға қарайтын. Қазір карантин кезінде Ұлттық қордың маңызы, бюджеттің құрылуы, бөлінуі, тиімді жұмсалу, кәсіпкерлікті қолдау, бизнес жүргізу істеріне назар аударып жатқандар күрт өсті. Мұны Үкімет көріп-біліп отыр.
Ал сарапшылар 1 жылдық бюджетке қайта оралатын кез келгенін осыған дейін де айтып қалатын. Дәл қазіргідей, пандемия қос өкпеден қысып, мұнайдың дәурені тайған уақытта бұл жүйе бізге қажет-ақ.
Халықаралық рейтингті бағалау агенттіктері алдағы бірер жылда бірқатар елдердің экономикалық жағдайы ауырлай түсетінін айтып отыр. Біраз уақытқа дейін дағдарыс құрсауында қалатын елдердің қатарында Қазақстан да бар. Сондықтан экономистер биылғы бюджетті анықтап алу процесі пандемияның қатал сынағынан сабақ алуға және бізге тиімді стратегияны тағы да бір айқындап алуға мүмкіндік беретінін айтып отыр.
Сарапшы Айдархан Құсайынов айтқандай, мемлекеттік жоспарлау мен болжаудың дәлдігі және теңгерімді бюджет бүгінде соншалықты маңызды емес. Дәл қазір маңыздысы – мемлекеттік шығыстардың дәлдігі. Бюджет қаржысының дұрыс игерілуіне осы фактор ғана әсер етеді.
– Дағдарыс пен турбулентті кезеңде, экономикада белгісіздік күшейген тұста бизнес пен азаматтардың болашағы күңгірт болып, сын-қатерлер күшейеді. Бюджет пен шығындарға қатысты сенімсіздік бірнеше есеге артып, экономикадағы проблемаларды күшейтеді. Бюджет шығыстарының тұрақтылығы мен болжамның дұрыстығы өте маңызды, бұл қаржыны тиімді игерудің платформасы, – дейді А.Құсайынов.
Сарапшылардың пайымдауынша, Ұлттық экономика министрлігінің 1 жыл ішінде бюджетке қайта-қайта түзету енгізе беруі белгісіздік пен сенімсіздік синдромын күшейтіп жібереді.
О.Өксікбаев «1 жылдық бюджеттің тиімділігі» туралы пікірді ішінара болса да қолдайтынын айтып өтті. Тиімділігі – оны тез игеруге болады. Мемлекеттік деңгейдегі немесе мемлекеттік органдар мен жекеменшік субъектілер арасындағы келісімшарттардың көбі қысқа мерзімге, яғни 1 жылға жасалады.
Қаржы дағдарысының дауасы – жедел шешім
Мұнайдың бағасы бір өседі, бір түседі. Қазір де мәз емес. Бюджеттің кіріс бөлігінде де айтарлықтай өзгеріс бар. Қазына қаржысы жыл сайын нақтыланып, оның параметрлері бір жылға бекітіледі де, қалғанын халық қалаулылары тек индикативтік, яғни үлгі нобайы түрінде қабылдайды. Келер жылдың бюджеті бір-біріне сәйкес келмей, кейбір бағдарламалардың орындалуына қатысты күтпеген жайсыз жағдайлар орын алып жатады. Жалпы, әлемдік экономиканың құбылып тұрғанын ескерсек, бізге бір жылдық бюджет жобасын қайта қарастыру, қандай да бір жағдайдың алдын алу сақтық үшін керек.
– Бірақ бес жылдық немесе үш жылдық жоспардың күні өтті дегенді білдірмейді. Қаржылық-экономикалық дағдарысты еңсергеннен кейін біз ұзақ жоспарлауға қайта оралатын боламыз. Ұзақ мерзімді жоспарлау стратегиялық бағдарламаларды орындауға мүмкіндік береді, – дейді О.Өксікбаев.
Мысалы, Ресей үкіметінің экономикалық блогы 2017 жылдан бастап үш жылдық бюджеттен бөлек, қосалқы бір жылдық бюджет жобасын дайындауға кіріскені белгілі. Себебі көрші елдің бюджетінің де негізгі доноры – шикізат. Сондықтан қосалқы бюджет жобасы жылдың басындағы артық-ауыс баға өзге салаға шығын келтірмей түзету енгізуге мүмкіндік береді екен.
Көктемгі қатаң локдаун, мұнай бағасының тұрақсыздығы, теңгенің құбылмалылығы, жыл соңына қарай инфляцияның ырыққа көнбей, азық-түлік бағасының қымбаттауы, ел бюджетінің бірнеше миллиард теңгеден айырылуы экономикалық ахуалдың қай деңгейде екенінен хабар береді. Қаржыгер Ерлан Ибрагим де қосалқы бір жылдық бюджет жобасына басымдық берудің кезі келгенін айтады. Бұл фактор қаржыгердің пайымдауынша, Үкіметке тереңірек жұмыс істеуге және түзетулерді дер кезінде қарауға және жан-жағымыздағы елдердің жағдайымен үйлестіруге мүмкіндік береді. Бюджетті бір жылға жоспарлау алдағы уақытта тиімді бола бермейтінін алға тартқан сарапшы Парламентке үш жылдық бюджетті қабылдап, арқаны кеңге салып жүретін күн өткенін қаперге салып өтті. Парламент уақыттың тамырын басып, сағат тіліндей күндіз-түні сартылдап жұмыс істеп, игерілмеген қаржының артында кімдер тұрғанын мемлекеттік деңгейде нақтылап алуы тиіс. Пандемия әлемдік экономиканың бағытын 180 градусқа бұрып жіберді. Бізді алда мүлде жаңа экономикалық саясат күтіп тұр.
– Мәселен, мұнайдың бағасы бір өседі, бір түседі. Қазір түсіп кетті. Бұл арада айту керек, үш жылға белгіленген облыстарға берілетін субвенция ғана өзгермейді. Ал Ұлттық қордан алынатын трансферт өзгереді. Біржылдық бюджет Есеп комитетіне де тексерген кезде оңайға тиеді, – дейді Е.Ибрагим.
Бюджет қаржысының игерілмеуі – ел экономикасына қажетті қаржылық жүйенің сыр бергендігі ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың бетімен кетуімен пара-пар жайт.
Cарапшы Мағбат Спановтың пайымдауынша, елімізде бюджеттің орындалуын бақылау тым кеш қолға алынады.
– Бюджетке енгізіліп отырған бағдарламаларға жауапты әкімшіліктер өздерінің осы үшін жауапты екендіктерін сезінбейді, себебі ол заңдық деңгейде бекітілмеген. Яғни ойыңа келген бағдарламаны енгіз, жүзеге аспай жатса, сен жауап бермейсің деген сөз. Нәтижесінде, бюджетті құру кезінде еш негізсіз тым жоғары шығындар жоспарға енгізіліп, бұрынғы бюджеттік бағдарламалардың орындалу нәтижелері, бақылаушы органдардың осының алдындағы бюджеттерді тексеру кезіндегі сындары есепке алынбайды. Нормалар мен нормативтер сақталмайды. Бюджет бағдарламаларына басқарушы шенеуніктердің еш негізсіз бірдеңелерді тықпалай беруі бүгінгі кадр дағдарысының айқын көрінісі деп білемін, – дейді сарапшы.
Бөлінген қаржының игерілмей қалғаны барлық нысандар салынып, жолдар төселіп, әлеуметтік жағдай толық жасалып қойды дегенді білдірмейді, әрине. Қаржыгер Бейсенбек Зиябековпен әңгіме барысында бюджеттік жоспарлау бойынша өкілетті органдар бюджетке енгізілген мәліметтердің растығын тексере алмайтынын білдік. Яғни олардың ондай өкілеттігі жоқ. Мұның республикалық бюджеттен бөлінген қаржыны трансферттердің жергілікті атқарушы органдарының игере алмай қоя салуына толық мүмкіндік беретіні өзінен-өзі түсінікті. Мұндай процедуралар, әрине, ұзақ уақыт пен шығынды талап ететіні белгілі. Нәтижесінде, жауапкершілік те екіге бөлініп, «сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар» дегеннің нақ өзі болып шыға келеді. Оның үстіне қаржы да уақытынан кеш түседі.
Б.Зиябеков айтқандай, кезінде республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті тарапынан мұндай ақтаңдақтар бірнеше рет айтылған-ды. Бірақ кемшіліктерді жоюға құлшыныс байқалмады. Сондықтан да болар, бюджет қаржысының игерілмеуі және бұл жағдайдың жыл сайын қайталануы біреулер үшін керек те болар деген ойға еріксіз берілесіз.
АЛМАТЫ