Тәттімбет – жұмбақ, күрделі тұлға. Күйшілік өнердің шыңына шыққан, соңына қырық шақты өлмес мұра қалдырған, қазақтың музыка тарихына есімі қашап жазылған бірегей өнер иесі туралы сәл ертеректе жазушы Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» дейтін романының біраз бөлігін оқып шыққам. Ол жерде болыс Тәттімбеттің белсенді әрекеттері, аға сұлтан Құнанбаймен байланысы, оның атынан қазақтың соңғы ханы Кенесарыға елшілікке баруы, ел ішіндегі даулы мәселелерді шешуге араласуы, думанды жастық шағы, күйшілік өнерімен елдің ықыласына бөленуі бәрі нанымды суреттелген.
Қысқа қайырғанда, Тәттімбет белсенді, айдынды, өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы қалыпта бейнеленеді. Жақында ғана жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Сары жайлау» деген әңгімесін оқып, мүлде басқа Тәттімбетпен кездестім.
Бұл – көресісін көрген, белгісіз дертке тап болған, жер ортасына келген, оқшау тірлікке жаны байлаулы, жалғыздыққа бейіл жұмбақ Тәттімбет. Ол көрген қызықтың бәрі – өткен шақтың еншісінде. Сонда Тәттімбеттің жасы қырық төртте ғана. Қазіргі өлшеммен қарасақ, Тәттімбет той-думанның ортасында жүретін жаста. Қырықты «оқтаулы жігіт», «қылыш жігіт» дейтін ежелгі қазақы танымға салсақ та, жер ортасы деуге әлі ерте жас. Бірақ автор Тәттімбеттің биологиялық емес, психологиялық жасына мән беріп, оның ащы-тұщы өмір сабақтарын, естеліктерін, сол кездегі көңіл ауанын суреттей келе, дәулескер күйшінің қымыз ішіп, қызара бөртпейтінін, майлы ас жемейтінін, басының ауыратынын жазады. Осы арқылы жазушы оқырманға дара дарын иесінің ғұмыры ұзақ болмағанын тұспалдайды. Шынында да Тәттімбет – елуге де келмей, ерте үзілген дарын.
Солайша Тәкеннің Тәттімбеті болашаққа қадам жасамайды, жалғыз өзі ой бағып, домбырамен сырласудан ләззат алады. Ауылдастары сыртынан күңкілдей бастайды. «Кедейленген кісі тыраш келеді. Ешкімді менсінбейді» дейді бірі, «олай емес, күй шығару үшін оңашаланады» депті екіншісі. Көптің Тәттімбетте жұмысы болғанымен, Тәттімбеттің ешкімде жұмысы жоқ. Оның сол халін жазушы шеберлікпен баяндап отырады. Автордың қисынына салсақ, күйшінің жалғыз мұраты өмір бойы жанына серік болып келе жатқан күйді баптау сияқты. Өмірінің көбі кетіп, азы қалған күйшінің күйден басқа жұбанышының да, жақынының да жоқ екенін жазушы үй іші, бала-шағасы туралы бірде-бір сөз айтпау арқылы білдіреді.
Тәттімбеттің өмірінде ең қымбат екі нәрсе бар. Бірі – Сары қызға деген жүрек түкпіріндегі махаббаты. Екіншісі – Сарыжайлау. Өмірінің сары жазында Тәттімбет Сары қызды кездестірген. Аңсары ауған, қолы жетпеген. Тәттімбеттің «Былқылдақ» күйіне кейіпкер болған муза қыз оның ойында, жүрегінде мәңгі өмір сүретінін білмеген де болуы мүмкін. Бұл ару «Тәттімбет сері» романында Ақсұңқар аталады. Тәттімбеттің нәзік, сезімтал, сыршыл табиғатын бейнелеу үшін қаламгерлер оның шынайы өмірдегі махаббат дастанын біраз зерттегені байқалады. Үлкен өнердің тамыры әрдайым махаббатқа жалғанып тұрады. Тәттімбеттің әйел затына деген шынайы сезімінің құдіретін жазушы Тәкен Әлімқұлов өзінше өрнектейді. Тіршіліктен, өткінші өмірден көңіл суытқан күйшінің көңіліндегі Сары қыз бейнесі өшкен емес. «Тәттімбет үшін Сарыжайлаудың ыстықтық қадірі жүрекке жылы. Қиялға тәтті, ләззатты күндер Сарыжайлауда өткен. Жер көктемде түлейді. Ел жазда түлейді. Сары жаздың сәні шалғайлы жайлау болса, сол жайлауда қымызға мас боп асыр салған бозбастардың ішінде Тәттімбет те өмір сүрген. Салт атты сайлап жарысып, бірде аударысып, шарапсыз шала мас күйінде құйындатып барып, дәмелі қызын алдына мінгізіп, екеу-екеуден ән шырқайтын кездер Сарыжайлауда қалған», дейді Әлімқұлов. Осы арқылы жазушы шынайы махаббаттың алаңсыз, қамсыз, кірлеп үлгермеген жүрекке ұя салып, терең із қалдыратынын жеткізеді.
Ал Сарыжайлаудың қымбат болатын себебі, «шеңберсіз Сарыарқада көшпелі ел олай ауытқып, былай ауытқып, ала жаздай қоныс жаңартумен болғанда тек шаншарлар мен төрелер ғана жапсарласып, сол Жосалы баурайындағы шұрайлы Сарыжайлауды айналдыра беруші еді». Яғни ол – шаншар руынан шыққан күйшінің ата қонысы. Мыңғырған тұяққа суық күзге дейін төтеп беретін бетегесі мен селеуі қалың өскен шүйгін жайлауда Тәттімбет бай баласы боп бой бағып, Сарыарқаның дертке шипа саумал ауасын керіле жұтып, қымыз бен етке мелдектей тойып, жасынан өнер қуып ерте желіккен. Ата қоныстың қадірі одан айырылғанда ерекше білінеді. Сарыжайлаудан айрылуына да Сары қыз себеп. Қыз – төре руынан. Ал ақсүйектік намыс үшін кіжінген төрелердің иықтылары Тәттімбет ауылымен шабындыққа таласып, ымырасыз жауығады. Оның соңы Тәттімбет ауылының Сарыжайлауды тастап кетуіне әкеледі. Адамдардың сол жауыздығы да күйшінің күйігін асқындырады. Міне, қырықтың төртеуіне келген, жан дерті тән дертіне ұласқан күйші жұбанышты өнерден тауып, бір кездері адамдардың қысастығынан кетіп қалуға мәжбүр болған Сарыарқаға мәңгілік ескерткіш орнатпақ. Ол ештеңенің де, ешкімнің де мәңгілік емес екенін біледі. Бұлардан Сарыарқаны тартып алған Құспек төре де мәңгілік емес.
«Күйші домбыра саңлақты сабалап, ашындырып алды да, жаңа бір әуезге көшті. Әуелі сағалық үстіңгі перне мен астыңғы пернені алма-кезек толғап, толғанып отырды да, сәлден кейін күйді бастап та кетті. Тың күй: «Ла-ла-ла-ла-ла-ла-лай, ла-ла-лай» боп қайыра басталып, барған сайын шалқып, сыңсып, тереңдеп, шымырлап, Тәттімбеттің ішкі сарайын түгел жайлап алды. Сол кеште «Сарыжайлау» күйі туды», дейді жазушы. Жазушы Тәкен Әлімқұлов нәзік те сыршыл жанына өнерді серік еткен Тәттімбет бейнесін жұмбақ әрі биік қалыпта сомдап, ұсақ-түйек пендешіліктің ғұмыры қысқа болғанымен, адымы ұзын әрі талантты жұтып жіберетін сиқыры бар екенін көркем, шұрайлы тілмен баяндау арқылы ұқтырады.