Екінші дүниежүзілік соғыстың біткеніне 75 жылдан астам уақыт өтсе де, сол кезде тылда өмір сүрген біздің көрген азап, бастан кешкен қайғылы оқиға әлі күнге дейін көз алдымызда.
Табиғаттың заңдылығы ғой, «соғыс балаларының» қатары да әр күн сайын сиреп, азайып келеміз. Бүгінде 92 жасқа келген маған қостанайлық тыл ардагері Қасымқайыр Дүйсенбаевтың «Еgemen Qazaqstan» газетінің өткен жылғы 13 қараша күнгі нөмірінде жарияланған «Ардагерлерді алаламайық» мақаласының әсері қолыма қалам алдыртып отыр.
Әкелеріміз бен ағаларымыз Отан үшін отқа түсіп, қанды қырғын шайқастарға қатысып, жанын пида етсе, олардың ұрпақтары – біз соғыстың қасіретін бірге көтеріп, ана, апа, жеңгелерімізбен бірге «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін!» деп 1418 күні-түні еңбек етіп, аянбай тер төктік.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 6 маусымдағы Жарлығымен ауылдастарыммен бірге мен де «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945» медалімен марапатталдым.
Соғыс кезінде ерте есейіп, еңбек еткен балалар еліміздің соғыстан күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін де барлық күш-қуатын жұмсады. Мен ауылда жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін әкем тәрізді ұстаз болуды армандап, Қызылорда қаласындағы педучилищеге оқуға түстім. Ішер асқа, киер киімге жарымай жүрсек те, оқудан қол үзбей білім алдық. Педагог мамандығын алғаннан соң бүкіл саналы өмірімді жеткіншек ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне арнадым.
Бастан өткендерді жазып отырған себебім, ат төбеліндей аз қалған тыл ардагерлерінің (мәселен, Қызылорда облысы бойынша небәрі жиырма шақты адам) басынан өткен қиыншылықтары, соғыстан күйзелген халық шаруашылығын қалпына келтіріп, ел экономикасын нығайтып, онан кейін тәуелсіз елімізді дамыту жолында еткен еселі еңбектері ұмыт болмай, өз дәрежесінде бағалануы тиіс қой деген ойымды білдіру еді.
КСРО кезінде Ұлы Отан соғысы (ҰОС) ардагерлерімен қатар, тыл ардагерлеріне де жеңілдіктер мен артықшылықтар иелену құқығы берілген болатын. Осыны айғақтайтын куәлігі бар өзім сияқты тыл ардагерлеріне ТМД елдері үкіметтері басшыларының 1999 жыл 8 қазандағы шешімімен «1941-1945ж.ж. Соғыс ардагері» төсбелгісі тапсырылып, зор құрмет көрсетілді. Ұлы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне біз – тыл ардагерлері еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы қойылған қолсағатпен марапатталып, мерейіміз үстем болды.
Соғыс және тыл ардагерлерінің қатары толық жылдарда 9 мамырда әрқайсымыз Елбасының арнайы құттықтау хатын алып, моральдық жағынан қолдау тауып, дәріптелетін едік. Тыл ардагерлеріне жасалып келген осындай жеңілдіктер мен моральдық қолдаулар қазір ұмытылды деуге болады.
Біз ұзақ жылдар бойы «Ардагерлер туралы» заң қабылдануын, онда тірі жүрген аз ғана тыл ардагерлері де ҰОС ардагерлеріне теңестіріліп құрметтелуін және моральдық-материалдық көмектер беру ісі заңдастырылуын күткен едік. Көптен күткен «Ардагерлер туралы» заңға биылғы мамыр айының бас кезінде Мемлекет басшысы қол қойды. Алайда бұл заңда тыл ардагерлері ҰОС ардагерлеріне теңестірілуі былай тұрсын, олар кәдуілгі жасына қарай жәрдемақы тағайындалған еңбек ардагерлері қатарына жатқызылып, әлеуметтік жеңілдіктер де солармен бірдей беріліп отыр. Сондай-ақ тыл ардагерлерінің бұрын пайдаланған жеңілдіктер мен артықшылықтар жөніндегі құқықтарынан ада болғандығы да мазалайды.
Қатары сиреп келе жатқан тыл ардагерлеріне әр жыл сайын оңалту-сауықтыру орындарына жолдама беріліп, денсаулықтарын нығайтып отырса және әуе, темір жолдарымен сапарға шығуға жеңілдіктер қарастырылса, бізге жасалған зор қамқорлық, үлкен құрмет болар еді. Осы айтылған тілектер алдағы уақытта «Ардагерлер туралы» заңға енгізілсе, игі болар еді. Жетінші шақырылымдағы Парламент депутаттарынан тыл ардагерлері осыны асыға күтеді.
Менің осы айтқандарым бүгінде «келместің кемесін» күтіп отырған барлық қарттарымыздың ойымен ұштасатыны анық. Сол жеңілдіктерді бәріміздің толық пайдалануымыз да неғайбыл. Өйткені көбіміздің жасымыз ұлғайғандықтан, отбасымыздан алысқа ұзап шыға да алмаймыз.
Рақымжан БӘЙМЕНОВ,
Сырдария ауданының құрметті азаматы
Қызылорда облысы