• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 06 Ақпан, 2021

Түркістан облысында «Тәуелсіздік қарлығаштары» шығармашыл жастар байқауы жарияланды

424 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарау керектігін, мереке кезінде атқарылатын шаралардың дені жастарға арналуы тиістігін айтты.Осы орайда Түркістан өңірінің шығармашыл жастары арасында «Тәуелсіздік қарлығаштары» атты байқаудың жариялануы Мемлекет басшысының мәлімдемесімен үндесіп отыр.

Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалдарының ұйытқы болуымен, облыстық қоғамдық даму басқармасының қолдауымен қолға алынған байқаудың негізгі мақсаты – тәуелсіздіктің тұғырын биіктетіп, құндылықтарын насихаттау. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған байқауға байланысты өткен арнайы брифингте Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай байқаудың негізгі мақсаты мен шарттарына тоқталды. «Байқауға тәуелсіздік алған кезден бергі жылдарда дүниеге келген, 30 жасқа дейінгі шығармашыл жастар қатыса алады. Үш жанрда өтеді. Еншісі бөлінбейтін Түркістан облысы мен Шымкент қаласының қолына қалам ұстаған талантты жастар тәуелсіздікке деген жүрекжарды лебізін публицистика, поэзия мен проза арқылы білдіре алады», деді Ғ.Елшібай. Ал Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Шегебай байқаудың өзге шығармашылық жарыстардан ерекшелігіне тоқталды. «Әдеби тұрғыдан қарасақ, кешегі уақытта жазылған шығармалардың барлығы дерлік тәуелсіздікті аңсаумен сипатталды. Кеңес одағы тұсында жазылған кез-келген шығарманы алып қарасаңыз, мейлі проза, мейлі поэзия болсын, түбінде азаттыққа ұмтылуды аңғарасыз. Ал енді бүгін тәуелсіз ел атанып, 30 жылдығын тойлап отырмыз. Қазіргі жастар тәуелсіздікті қалай түсінеді? Азаттыққа деген көзқарастары қандай? Міне, осыны шығармашылық байқау арқылы халыққа жеткізгіміз келеді», деді Ә.Шегебай. Облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов байқау барысында тәуелсіздіктің жемісі ретіндегі Түркістанның жаңарған келбеті тақырыбына ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді.

Үміткерлер шығармаларын 15 наурызға дейін жібере алады. Байқау жеңімпаздарын танымал ақын-жазушы, журналистерден құралған қазылар алқасы анықтайтын болады. Үздік шығармалар арнайы жинақ ретінде жарық көреді.