Келесі аптада Қытайдың бастамашылығымен «17+1» форматындағы саммит өтпек. Шығыс және Орталық Еуропа елдері қатысатын бұл жиынның у-шуы бітер емес. Таяуда Балтық жағалауы елдері аталған іс-шараға аса мән бермейтінін аңғартты.
Мәселен, Эстония мен Литва саммитке ел басшылары бармайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың пайымдауынша, Балтық жағалауы елдерінің бұл қадамы Қытайдың өңірдегі ықпалына наразылықты білдіреді. «Қазіргі таңда «17+1» саммитіне Литва президент не премьер-министр деңгейінде қатыспайды», деді Литваның Еуропалық одақтағы тұрақты өкілдігінің баспасөз хатшысы.
Эстония үкіметінің хабарлауынша, жиынға сыртқы істер министрі Эва-Мария Лииметс қатыспақ. «Біз Еуропалық одақтың «27+1» форматын дұрыс көреміз және Қытаймен ара қатынасымызды Еуропалық одақтың ортақ саясатымен реттегіміз келеді», деп хабарлады Эстония премьер-министрінің кеңсесі.
Саммитке Латвия премьер-министрінің қатысып-қатыспауы да екіталай. Оның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, кездесуге жоғары деңгейлі басшылардың бару мүмкіндігі әлі де талқыланып жатыр.
Алдағы аптада өтетін саммиттің форматы әу басында, 2012 жылы «16+1» ретінде құрылған-ды. Оған Орталық және Шығыс Еуропаның 16 мемлекеті қатысатын. Кейінірек, 2019 жылы осы платформаға Грекияның қосылуымен «17+1» болып өзгерді. Бұл бастамаға Еуропалық одаққа мүше Болгария, Хорватия, Чехия, Мажарстан, Польша, Румыния, Словакия мен Словения қосылған.
Аталған формат құрыла сала, қарт құрлық саясаткерлерінің сынына ұшырады. Сарапшылардың пайымдауынша, осындай тәсіл арқылы Бейжің билігі «бөліп ал да, билей бер» саясатын қолданбақ.
Мұндай қауіп бекерден-бекер туындап отырмаған сияқты. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қарт құрлық демократиялық батыс және социалистік шығыс блок болып бөлінгені мәлім. Кейінірек екі тарап ортақ келісімге қол жеткізген. Бірақ Қытайдың ықпалымен Еуропа тағы екіге қақ жарылуы мүмкін. Сарапшылар Қытайдың араласуы құрлықтың тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін деп есептейді.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Бейжің Еуропалық одақтың қатал ережелеріне бағынбай-ақ, бірқатар мемлекетпен сауда-экономикалық байланысын нығайтады. Екіншіден, «17+1» процесіне қосылған елдер Қытай үшін Батысқа ашылған қақпа іспетті.
Бастапқыда аталған платформа достық, ортақ пайда және Қытай мен Еуропалық одақтың тиімді стратегиялық әріптестігін көздейтіні айтылған. Дегенмен Орталық және Шығыс Еуропа елдері келісімнің түпкі мәнін дұрыс ұғынбаған тәрізді. Өйткені «17+1» процесіне мүше мемлекеттер Қытаймен ЕО ережелеріне сай әрекет етпейді. Есесіне, әр ел Бейжің билігімен жеке-дара екіжақты қарым-қатынас орнатуға тиіс. Нәтижесінде, келіссөздер кезінде қарт құрлықтағы мемлекеттердің мүддесі ғана емес, Бейжің билігінің дегені де жүреді. Бұл өз кезегінде Қытай үшін өте қолайлы.
Үшіншіден, Қытайдың Шығыс Еуропадағы саяси беделі арта түспек. «17+1» процесі арқылы Қытай халықаралық аренадағы жақтаушылар санын арттыра түсті. Мысалы, 2017 жылы Қытайдағы заңгерлердің азапқа тартылуы туралы Еуропалық одақ елдерінің ортақ келісімін Венгрия тарапы қабылдамай тастады. Сондай-ақ Грекия БҰҰ Адамзат құқығы кеңесінің Қытайды айыптауын ЕО мәлімдемесіне енгізуге қарсы болды. Оңтүстік Қытай теңізі мәселесінде де Мажарстан мен Грекия Қытайдың сойылын соқты. Нәтижесінде, дауға қатысты қабылданған қарарда Қытайдың аты аталған жоқ.
Мұның бәрі Батыс Еуропа елдерінің «17+1» процесіне қауіппен қарауына себеп болып отыр. Оның үстіне, қазіргі таңда қарт құрлықтың Қытайға қырын қарап тұрғаны мәлім. Естеріңізде болса, былтыр қыркүйекте Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Еуропалық одаққа мүше бірнеше мемлекетке жұмыс сапарымен барып, оңбай «таяқ жеп» қайтқан еді. Италияға сапары кезінде Ван Иге Гонконгтың автономиялық мәртебесі мен ондағы халықтың азаттығы туралы сұрақ қарша борады. Парижде қарт құрлықтың дипломаттары Бейжіңнің мұсылмандарды қудалау саясатына алаңдаушылық білдірді.
Германияда журналистерге сұхбат беріп тұрған Ван И Чехия Сенатының президенті Милош Выстрчилдің Тайваньға барған сапарын сынға алған-ды. Оның айтуынша, Чехия осы қадамы арқылы Қытайға сатқындық жасап, 1,4 миллиард қытайлықтың жауына айналды. Сондай-ақ дипломат Чехия осы әрекеті үшін жауап беретінін де жеткізді. Дипломат И-дің Еуропа аумағында тұрып, қарт құрлықтың өкіліне сес көрсетіп, астамсып сөйлеуі Германияның сыртқы істер министрі Хэйко Маасқа ұнаған жоқ. Өзіне сөз кезегі тигенде Маас қытайлық әріптесінің үркітуін негізсіз деп айыптап, оны тыйып тастады. Бұдан бөлек, 5G технология мәселесінде де ЕО Қытайға жылы қабақ танытпады. Huawei компаниясының қарт құрлықтағы нарыққа енуі қиындай түсті.
Еуропаның «17+1» форматына алаңдауының тағы бір себебі бар. Бүгінге дейін Қытайдың Шығыс және Орталық Еуропаға салған инвестициясының көлемі 8,6 миллиард доллардан асып кеткен. Әлі де инвестиция тартыла береді. Бірақ Қытай Орталық және Шығыс Еуропа елдеріне инвестиция құятыны жөнінде үйіп-төгіп уәде берсе де, оны орындауға асықпайтын сыңайлы. Деректерге сүйенсек, өңірдегі Қытай инвестициясының көлемі айтарлықтай көп емес. Мәселен, Си Цзиньпин 2016 жылғы сапарында бір жыл ішінде 3 миллиард доллар еуродан астам инвестиция әкелетінін мәлімдеген болатын. Бірақ аталған сома айтылған күйінде қалды.
Бұдан бөлек уәде етілген бірқатар инвестиция Орталық және Шығыс Еуропа елдерінің қоржынына түскен жоқ. Жоғарыда «17+1» форматына мүше мемлекеттерге құйылған қаржының көлемі 8,6 миллиард долларды құрайтынын айттық. Салыстырып қарасақ, Қытай бүгінге дейін аталған форумға мүше емес Финляндияға 12 миллиард еуро, Нидерландқа 10,2 миллиард еуро инвестиция салған.
«Осыдан-ақ Қытайдың қаншалықты уәдеге берік» екенін аңғару қиын емес. Бейжің билігінің басты мақсаты – экономиканы саясаттандыру сияқты. Ендеше, экономикалық әріптестікті желеу еткен Қытай Еуропадағы ықпалын күшейте түсті деп айтуға толық негіз бар.
Қытай уәде еткен қаражатты форумға мүше мемлекеттерге берген күннің өзінде оның тигізер теріс әсері жетерлік. Жалпы, Бейжің билігі шетелге қаржы құйып, өз дегенін орындатуға тырысып жүргені белгілі. Johns Hopkins атындағы халықаралық мектептің деректеріне сүйенсек, Африка мемлекеттерінің Қытайға берешегі 143 млрд долларға жеткен.
Халықаралық қаржы қорының мәліметіне сүйенсек, Африкадағы кедей елдердің жартысына жуығы Қытайға борышкер. Ал Гарвард бизнес мектебі Бейжің берген қаражаттың 50 пайызы көпшілік назарынан тыс қалып, нақты сома екі ел билігіне ғана мәлім екенін айтады. Дегенмен «қара құрлықтың» Қытайға қарызын дөп басып айту қиын. Өйткені Бейжің билігі екіжақты келісімде көрсетілген сандарды сыртқа жария етпейді. Жалпылама мәлімет бергенімен, ресми құжатта не жазылғаны бір Құдайға, сосын Қытайға ғана аян.
Бейжің «жұмсақ саясат» қолдану арқылы Африкадағы саяси ықпалын күшейтуінің астары бар. Мұндай қадам – тікелей экономикалық пайда әкелмесе де, әлемдік шахмат тақтасында қажет гамбит. «Қара құрлықта» 50-ден астам мемлекет бар. Олардың бәрі БҰҰ, Халықаралық олимпиада комитеті секілді халықаралық ұйымдарға мүше. «Күлшелі бала сүймекке жақсы» демекші, олар шартарапқа белгілі ұйымдарда Қытайдың сөзін сөйлеуі қажет. Кедей, бай екеніне қарамастан, әр мемлекет – бір дауыс. Ендеше, «су ішкен құдығына түкірмейтінін» Бейжіңге қарыз елдер де, Қытай да жақсы түсінеді.
Бейжің ақшалай қарыз беріп, оның орнына елдегі стратегиялық маңызды нысандарды алуы мүмкін. Бұлай деп айтуымыздың өзіндік себебі бар. Бірнеше жыл бұрын Шри-Ланка билігі Қытайдан 1,1 млрд доллар инвестиция тартып, Хамбантота портын салған еді. Алайда Шри-Ланка борышын уақтылы өтей алған жоқ. Ақырында оны кешіру мақсатында стратегиялық маңызды портты Қытайға 99 жылға жалға берді.
Қорыта айтқанда, Қытай Еуропа елдерімен қарым-қатынасын жақсартып, «жұмсақ саясатын» қолдануға тырысқанымен, қарт құрлықтың мұндай айла-шарғыға көне қоюы екіталай. Балтық жағалауы елдерінің алдағы саммитке ел басшылары бармайтыны туралы мәлімдеуі жиынның маңызын түсіреді. Қысқасы, Еуропалық одақтың да бір саусағы бүгулі екенін аңғару қиын емес.