• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2021

Халықты зиянды тағамнан қалай қорғаймыз?

6156 рет
көрсетілді

«Денсаулық – зор байлық». Бірақ осы бай­лықтың қадірін саушылықта көбіміз біле бермейміз. Адамның тәні – Алланың ама­наты. Бұл аманатқа адалдықпен қарау, яғни денсаулықты сақтау һәм қорғау – бас­ты парыз.

Осы парызымызды атқаруға келгенде тым салғыртпыз. Әсіресе дұрыс тамақтануға деген жауапкершілігіміз төмен.

«Ас – адамның арқауы» дейтін атам қазақ көп­теген ауру-сырқау адамға дұрыс тамақ­тан­бау­дан жабысатынын екібастан жақсы білген. Сон­дықтан да «ауру – астан» деп білгірлікпен дәл айтқан. Мұны медицина ғылымы да қуат­тай­ды.

Құдайға шүкір, қазір «не ішемін, не жей­мін?» дейтін заман емес. Ақшаң болса, дү­кен­ге немесе тамақтану орындарына бар да қала­ғаныңды сатып алып, өңешіңнен өт­кі­зе бер. Өз қалауың. Ешкім «мұның не?» де­мей­ді. Тек осындайда адамға аз-кем талғам, кір­пияз­дық, асқазанға деген аяушылық керек-ақ. Бірақ, өкінішке қарай, сырты жылтыр, түрлі зиянды химикаттардың қосындыларымен дәмі келтірілгендіктен, көмейге жағымды тиетін, бірақ жасық, құнарсыз, ең жаманы – ден­сау­лық­қа зиянды ас-судың алдында осалдық танытып, қу құлқынның дегенінен шыға алмай, соның қалауына мойынсұнып кете барамыз. Осылайша, әлсіздік танытуымыздың зардабын барын­ша тартып жүрміз.

Бүгінде қоғамымызда талғамсыз ішіп-жеу, қоректену кесірінен жапа шегіп жүрген ағайынның қарасы қалың. Әсіресе, толысып кеткендердің көбейіп бара жатқаны алаң­да­та­ды. Семіздіктен арылудың амал-тәсіліне жүгініп зыр жүгіргендер арықтаудың небір күмәнді тәсілін ұсынып, пайда тауып жүрген пысықайлардың қалтасын толтырып әуре.

«Фаст Фуд» деп аталатын бұқтырылған шұжық, тез әзірленетін кеспе, сэндвич, гамбургер, хот-дог, пицца, газдалған немесе тәтті сусындарды және тағы басқаларын тұ­тыну денсаулыққа зиян екенін, шамадан тыс толып кетудің себепшісі екенін білсек те, әзірге олардан тартынатын сыңайымыз шамалы. Опыра жеп, қылғыта ішіп жатырмыз. Бұл жерде бар кінәні ас-судың әлгі аталған түрлерін ұсынатын дүкендер мен тамақтану орталықтарынан, тамақ өндірісіне дендеп енген химиялық технологиялардан іздейтіндер көп. Бірақ тауарын ұсынушының көздегені – сенің денсаулығыңды қорғау емес, ақша табу. Сондықтан оларды жазғырғаннан ештеңе өнбейді. Бар мәселе – халықтың зиянды өнім­дер­ден өзін шектей білуінде. Егер сұраныс азайса, ұсынушы қайда барады дейсің.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адам­дарды өлімге әкеліп соқтыратын фактор­лар­дың 60 пайызын сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тағамдар құрайтынын мәлімдегелі қай заман. Алайда осыны білсек те тиісті амал-әрекет жасауға асығар емеспіз. Әрине, не ішіп, не жейтінін әркім өзі біледі. Десек те, халқымызды зиянды тағамдардан қорғау, аталған мәселеде дұрыс бағыт көрсету шаралары мемлекеттік деңгейде қолға алынуы тиіс. Бұл орайда, бірінші кезекте зиянды тағамдардың жарнамасын шектеу керек. Өйткені бүгінде жұрт, әсіресе балалар қанты мол, тұзды, майлы, химиялық қоспалардың мөлшері көп өнімдер жарнамаларының еріксіз көрермені болып отырғаны жасырын емес. Осы орайда сенатор Ақмарал Әлназарова: «8-10 жас аралығындағы балалардың 25,7 пайызының теледидар көруге екі немесе одан да көп сағат уақыты кетеді. Күніне ша­ма­мен 13 тамақ жарнамасын немесе жылына 4700 жарнама көреді. Теледидардағы бар­лық жарнаманың 32,8 пайызы азық-түлік өнім­дерінің жарнамасы болып отыр. Ең жиі жарна­маланатын тағамдардың қатарындағы құра­мын­да қант бар сусындардың үлесі 22 пайыз бол­са, шоколад пен энергетикалық батондар үле­сі 17 пайыз», дейді. Бұған не дейміз?

Әрине, жарнама тиісті заңдармен реттеледі. Бірақ бір әттегенайы – оларда денсаулыққа зиянды әсер ететін өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы. Елімізде балаларға арналып жарнамаланатын ас-судың шамамен 72 пайызы ДДҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады екен. Теледидарға телмірген ұрпақты көздің жауын алатын зиянды тағамдар жарнамасына қаратқызып қойып, сілекейін шұбырта жұтындыру – түсіне білгенге жамандыққа азғыру. Сондықтан бұған барынша шектеу қою, қажет жерінде тыйым да салу керек.

Қорыта айтқанда, қолданыстағы заңнамаға зиянды тамақ өнімдерінің насихатталуын шектейтін өзгерістер енгізу қажет-ақ. Сонда ғана телеарналардан көрсетілетін зиянды тамақ өнімдері мен сусындардың жарнамаларын шектеуге болады. Мұндай жарнамадан түсетін ақшаға қызығып жүріп, басқаны айтпағанда, жасөспірімдердің денсаулығын қорғауды ұмытып кетпейік.

Иә, халықты зиянды тағамнан қорғау да – елдік мәселенің бірі.