Ұлттық музейде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында «Таң Шолпан» Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының «Таң Шолпан» атты көрмесі өтті. Көрме аясында алдымен өнертанушы ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылып, әйелдер қауымының шығармашылықпен айналысуы, олардың дамуына жағдай жасау тәрізді өзекті мәселелер талқыланды.
Көрменің көздегені – халықаралық арт кеңістікте өнердің әртүрлі жанрларында жұмыс істейтін, өзінің жеке қайталанбас қолтаңбасы, дүниетанымы, жаңашылдығы бар дарынды, бірегей, жасампаз әйелдердің шығармашылығын дамыту арқылы суретші әйелдің мәртебесін көтеру. Жиын барысында сөз алған «Таң Шолпан» ХТСӘҚ президенті Жәмила Тәкен: «Қазіргі таңда отбасын құрып, ана болу ғана емес, өзін-өзі дамытып, өз қолтаңбасын, көзқарасын қалыптастырып үлгерген талантты әйелдер көп, оларды өнерге деген махаббат біріктіреді. Біздің мақсатымыз – үнемі жаңа бағытты іздеп жүретін талантты суретшілердің шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттау», деді.
Дөңгелек үстел барысында Қ.Сәтпаев атындағы мемлекеттік политехникалық университетінің архитектура және дизайн кафедрасының профессоры Гүлнәр Мәуленова, ҚазҰӨУ «Өнертану» кафедрасының профессоры, ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық өнертанушы-сыншылар ассоциациясының (АІСА) мүшесі, өнертану ғылымдарының кандидаты Ардақ Юсупова, Ұлттық музейдің «Өнертану» бөлімінің жетекшісі, PhD докторы Елдос Мертенов сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Алқалы жиыннан соң Ұлттық музей мен «Таң Шолпан» Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қоры арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажет екені туралы ұсыныс айтылды. Халықаралық тәуелсіз суретші әйелдер қорының «Таң Шолпан» атты көрмесінің ашылу салтанатымен жалғасқан салтанатты жиында сөз сөйлеген Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин «Бүгінде көптеген талант иелері өнердің құдіреті арқылы биік шыңдарды бағындырып келеді. «Таң Шолпан» көрмесінің негізгі мақсаты да көрермен қауымның назарына әйелдер әлемін алаңдатқан сан алуан тақырыптардағы мәселелерді нәзік қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы жеткізу», дей келе, «Таң Шолпан» ХТСӘҚ президенті Жәмила Тәкенге және аталған ұжымның мүшелеріне Ұлттық музей директоры А.Мұхамедиұлының атынан алғыс хат табыстады.
Көрмеге кескіндемелік, графикалық жұмыстар, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары (гобелендер, киізден жасалған панно, ши өрімі) қойылып, барлығы 50-ден астам кәсіби суретшілердің жұмысы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл бағыттағы іс-шаралар болашақта да жалғасын таба бермек. Ал келіп тамашалаймын дейтіндерге «Таң Шолпан» көрмесі бір ай көлемінде айқара ашық.