Ұлттық музейде «Бір туынды тарихы» жобасы аясында Қазақстанның Халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 1981 жылы тау пейзаждары жанрымен салынған «Биік таулар» картинасы көпшілікке таныстырылды.
Тауда бір рет болған адам оның ерекше айбындылығы мен сұлулығын ұзақ уақыт ұмыта алмайды. Біздің алдымыздан сүрлеудің әр бұрылысынан көкке ұмтылған тау шыңдары, төмен қарай сылдырай аққан сарқырамалар, бөктерге тамаша жайғасқан ағаштар шығады. Құдды, кеудеңе ұлылықтың нұрын төгіп тұрғандай.
Тау – табиғаттың ең керемет жетістігі. Олар асқақ әрі құдіретті. Алыстан көз қадасаң, жылы шырайлы секілді. Солай бола тұра қатерлі әрі қауіпті. Тәкаппар тауларды сүйген суретші ғана өз картиналарында оның күші мен жұмбақ сиқырын жеткізе алады.
Біздің алдымызда Шамалған тауларының ғажап көріністері көсіліп жатыр. Таудың суреті кенеп бетін түгелдей жауып, биікке ұмсынады. Суреттің тек төменгі жағынан салт аттылар жүріп бара жатқан жіңішке жолды көреміз. Олар таудың әсем көріністерінің әсерінен байқалмайды да. Сол кішкентай бейнелер көшпелі қазақтың өмірінен сыр тартатындай.
Оқырман бұл сұлулықты бірінші пландағы қошқыл түстермен боялған тауда тұрып бақылайды. Содан кейін біз жасыл түспен көмкерілген тау бөктерінің тізбегін көреміз. Ал самал жел соғып тұрған шыңдары тастақты жыныстарымен түксиіп тұр. Картина бойымен сәл жоғары көтерілсеңіз, солардың арғы жағынан көз жауын алатын аппақ қарлы тау шыңы шыға келеді. Қарлы шыңдар бірінші және екінші пландағы тауларға мүлде керағар орналасқан. Олар көгілдір аспан астында ауада салмақсыз қалықтап тұрғандай. Бұлар – қатып қалған тап-таза мөлдір мұз қабаттарының сақтаушысы.
Әубәкір Ысмайылов өз картинасында таудың құдіретін, олардың бойындағы құпияны және өзіне қарап тұрған адамды сендіретін шексіздік пен мызғымастық сезімін жеткізген. Суретші кейінгі ұрпақ үшін тұмса табиғаттың аспанмен астасып жатқанын ұғындырып, жер мен көктің тұтастығын кенеп бетіне жазып, қалдырып кетті. Мұндағы ой – қазақтың дарқан даласының әр бөлігі жанға шуақ, көңілге қуаныш сыйлайтынын дәлелдеу.