Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай экономикалық кеңістік құру мен ынтымақтастығын дамытудың күн тәртібіне мүше елдердің басшылары 2016 жылы қол қойған болатын. Бүгінде әлемдік экономикадағы заманауи қарқынды үдерістер одаққа мүше елдердің ықпалдастық аясын кеңейту мәселесінде цифрлық мүмкіндіктердің жаһандық тренд ретінде өзекті болып отырғанын көрсетеді. Осы орайда Digital Almaty форумы аясында үкімет басшылары цифрлы трансформациядағы таяу келешек мүмкіндіктері аясындағы маңызды қадамдармен бөлісті.
Ендігі кезекте ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикасын цифрландыру – 2025 жылға дейінгі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселенің бірі. Цифрлы трансформация – сапалы, революциялық өзгерістердің көрінісі, бұл тек жекелеген цифрлы түрлендірулер ғана емес, сонымен қатар принципті түрде де экономика құрылымының өзгеруі, күнделікті өмір, іскерлік орта және мемлекеттік басқару, сонымен қатар цифрлы үрдістерді біріктіретін кеңістік, өзара іс-қимыл құралдары, ақпараттық ресурстар, реттеу нормалары, ұйымдастыру тетіктері негізінде жалғасын табатын болады.
Форум қатысушыларына бейнеконференция арқылы үндеу жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстанда мемлекеттік қызметтің 90 пайыздан астамы электронды форматта екендігін жеткізді. Дағдарыс кезінде 6,5 млн-ға жуық азамат цифрлы жүйелер арқылы мемлекеттің қолдауына ие болған. Ал сымсыз интернетті пайдаланушылардың саны 15 млн-нан асады. Осы форумда болашақтың заманауи технологиялар мен инновацияларда екенін жақсы түсінеміз деп атап өткен Президент бұл бағытта бәсекелестіктің жоғары екендігін атап өтті.
«Сарапшылардың пікірі бойынша, 2021 жылы сымсыз желілердің, ықшам есептеу жүйелерінің жасанды интеллектін дамытуға бағытталған техникалық, технологиялық және бағдарламалық шешімдер нарығы 35 пайызға өсіп, шамамен 12 млрд долларды құрайтын болады. Ал 2025 жылға қарай 5G технологиясы кәсіпорындарға өз деректерінің 70 пайызына дейін жиынтықты өңдеуді жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда тәсілдерді үйлестіру мен осы саладағы қызметтің жалпы үйлесімі қажет» деп атап өткен Президент осы орайда Назарбаев Университеті негізінде Нұр-Сұлтанда Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жасанды интеллектің ұлттық кластері құрылатынын жеткізді. Осы орайда Деректерді өңдеу орталықтары құрылып, 500 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланғанын, ЕАЭО және өңір бойынша әріптестерді шақыру көзделіп отырғанын жеткізген Президент салада блокчейн енгізіліп, салық органдары Ресеймен цифрландыру бойынша өзара іс-қимылды жолға қойғанын да атап өтті. Сонымен бірге «Дәрі-дәрмектерді таратудың ұлттық жүйесі, құжаттар базасын электронды форматта заңды түрде тану енгізіліп, мемлекеттік қызметтер проактивтілік, композиттілік қағидатын ескере отырып, яғни азаматтардың проблемаларын бір мезгілде шеше отырып жұмыс істейтін болады. «Тиімділік Ұлттық ақпараттық жүйелердің үйлесімділігіне, көршілер арасындағы ақпараттың үздіксіз ағымына байланысты. Бірақ интеграция қосымша дамуды қажет етеді. IT адамзат қауіпсіздігі мен дамуын ескере отырып, құқықтық шеңберде дамуы қажет. Жаңа технологияларға байланысты жұмыс күшінің бір бөлігін босату күрделі мәселе, шешімі әлі табылған жоқ. Бірақ мен жаңа технологиялар адамзатты кеңістіктен айырмайтынына сенемін», делінген Президенттің форум қатысушыларына жолдаған үндеуінде.
Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Берге Бренде осы орайда цифрлы ынтымақтастықтың артықшылық еместігін алға тартып, ендігі кезекте цифрлы инфрақұрылымға инвестиция салудың маңызды екенін жеткізді. Биыл Еуропа мен Орталық Азия елдерінде экономикалық өсім 3 пайызды құрайтын болады. Экономикалық өсім бизнес пен үкімет бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана тұрақты болмақ. Цифрлы байланыс дәулетті елдерге тән құбылыс емес, бұл міндетті шарт. Интернетсіз экономикада да өсім болмайды. Пандемия кезінде әлемде цифрлы теңсіздіктің орын алып отырғанын жеткізген Б.Бренденің айтуынша, қазір әлемде 3,6 млрд адам интернетке қол жеткізе алмай, офлайн режімінде отыр.
ЕЭК коллегиясының төрағасы Т.Саркисянның айтуынша, ЕАЭО жаһандық экономикадағы позициясын алдағы онжылдықтарға айқындай отырып, цифрлы күн тәртібінің басым бағыттарына сәйкес цифрлы бастамаларды әзірлеу мен іске асырудың бірлескен тәсілдерін жаңартып, күшейтуі тиіс. Ол нарықтағы бәсекелестіктің күшеюі жағдайында үшінші елдермен және интеграциялық бірлестіктермен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту жөніндегі жұмысты күшейтумен қатар Еуроодақпен, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығымен, әлемнің неғұрлым серпінді экономикаларын біріктіретін өңірлік әріптестік диалогтары бойынша жүйелі жұмыс керектігін алға тартты.
Ал Қазақстан Үкіметінің басшысы А.Маминнің айтуынша, экономиканың барлық саласын цифрландыру қарқыны жеделдеді. «Экономика мен халық өмірінің барлық саласын цифрландыру қарқынын бұрын-соңды болмаған жеделдету пандемияның аса маңызды трендтерінің бірі болды. Цифрлы технологияларды кеңінен енгізу әлеуметтік шектеулер, өндірістік үдерістер мен көлік ағындары кідірістерінің артуы жағдайында жеке секторды бизнесті жүргізуге бейімдеудің негізгі тетіктерінің бірі болды. Мемлекеттік институттардың цифрлы шешімдерді жедел енгізуі физикалық қатысудың шектеулі мүмкіндігі жағдайында халықты мемлекеттік қызметтермен қамтамасыз ету қажеттілігіне жауап болды. Жұмыс пен оқытудың қашықтағы форматтарының кеңінен таралуы қоғам функцияларын тұрақтандыруға септесті және халықтың табысы мен өмір сүру сапасы деңгейінің құлдырауына жол бермеді. Нәтижесінде, біз цифрлы экономика көлемінің бұрын-соңды болмаған өсімінің куәгері болдық», деді А.Мамин.
Gartner мәліметі бойынша, 2020 жылы IT-технологияға шығындар көлемі 3,9 трлн АҚШ долларынан асқан. 2023 жылға қарай күрт жылдамдатылған динамиканы ескере отырып, көрсеткіш 623,3 млрд долларға жетеді. Сонымен қатар, әлемдегі цифрландыру қарқыны біркелкі болмағандықтан, бұл БҰҰ мен ДЭФ-тің дамыған және дамушы елдер арасындағы «технологиялық алшақтықтың» туындауына алаңдаушылықты күшейтті.
А.Маминнің айтуынша, байланыстарды жолға қою ЕАЭО тауарлары мен қызметтерінің сыртқы нарықтарға шығуына және экономикаларды құнды қалыптастырудың халықаралық өндірістік тізбектеріне интеграциялануын күшейтуге жағдай жасайды. Қазіргі дағдарыс аясында қалыптасқан және күшейіп жатқан трендтер, оның ішінде ондаған жыл бойы қалыптасқан өндірістік және көлік тізбектерінің ығысуы мен жойылуы, жаппай цифрландыруға баса назар аудару, капитал мен өткізу нарықтары үшін бәсекелестікті күшейту қысқа мерзімді жұмыс емес екенін түсіну керек. Бұл жаһандық нарықта көптеген жылға алдын ала жағдай тудырып, жаңа экономикалық шынайылық негізінің бір бөлігіне айналады.
Форум аясында ERG кеңесінің төрағасы А.Машкевич 2025 жылға қарай цифрландыруға 2 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция салу ниеті бар екенін жеткізді.
– Цифрлы платформа одақ шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің бірыңғай нарығын қалыптастыруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға ықпал етеді. Бұл ұлттық мүдделерді ескере отырып және біздің ақпараттық жүйелерімізді біріктіре отырып құрылуы тиіс. Тек осылай ғана біз экономикамызды бірге дамыта аламыз, – деді өз сөзінде Ресей үкіметінің басшысы М.Мишустин. Оның айтуынша, цифрлы платформаны құру және үлкен деректер экономикасының артықшылықтарын алу үшін бірқатар мәселені шешу қажет. Ең алдымен, бұл құқықтық мәселелер, одақтағы маңызды электрондық құжат айналымының аспектілері, дербес деректермен алмасу және оларды қорғау.
Беларусь Премьер-министрі Р.Головченконың айтуынша, ЕАЭО-дағы азаматтар мен бизнестің бірыңғай сәйкестендіргіштері, деректерді қорғау, электронды цифрлы қолтаңбаны өзара тану және цифрлы инфрақұрылым сияқты бес жаһандық мәселе шешілмей, цифрлы жобаларды іске асыру мүмкін емес.
АЛМАТЫ