Алматы облысында 26 ұрлық жасап, жәбірленушілерге жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам шығын келтірді деген күдікпен жергілікті тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ескелді ауданының полицейлері Алматы облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп, арнайы бөлімшенің көмегімен облыс аумағында жасалған бірқатар ұрлықтарға қатысы бар деген күдікпен Қарабұлақ кентінің 36 жастағы тұрғынын ұстады.
– Ұсталған адамды криминалдық базалар бойынша тексерген полицейлер оның Алматы облысының аумағында жасалған 26 ұрлыққа қатысы бар екенін анықтады. Ол жымысқы әрекеттерін Қарабұлақ, Шымыр, Бақтыбай, Балпық би, Талдықорған және т.б. елді мекендерде іске асырған. Ол қылмыстарының барлығын тапатал түсте жасаған, жеке үйлерге пластикалық терезелерді сығымдап ашу арқылы кірген. Дәлелденген эпизодтар бойынша жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын 15 миллион теңгеден асады. Ұсталған күдіктінің осыған ұқсас басқа да ашылмаған қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде, – деп хабарлады Ескелді ауданы полиция бөлімінің бастығы Қайрат Баймұханов.
Күдікті негізінен алтын бұйымдар мен ұялы телефондарды алып кетумен айналысқан.
– Айғақ заттары аз қылмыстарды ашу барысында қылмыскерлердің қол іздері арқылы ғана кінәліні анықтау сарапшы-криминалистердің асқан шеберлігін талап етеді. Криминалист мамандардың оқиға орнынан мұқият жинаған дәлелдерінің арқасында оның бірқатар қылмыстарға қатыстылығы әшкереленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты жарияланбайды,- деді Қайрат Баймұханов.