Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі қырық жылға жетер-жетпес тарихында 13 мыңға жуық экспонат жинаған болса, ең көне жәдігері 1870 жылы іргетасы қаланған Шалқар қаласы тарихымен, «Орынбор-Ташкент» шойынжол құрылысымен байланысты. Елу мыңға жуық тұрғыны бар ауданның өткені мен бүгінін жалғастырған мәдени-тарихи мекеме мамандары ескі ғимараттың іші-сыртын күтіп ұстап, қордағы дүниені жарқыратып көрсетіп отыр.
Тірнектеп жиналған қор
Қордағы жәдігерлердің электронды базасы жасақталып, тұрғындардың тарихи ескерткіштер картасын QR код арқылы жүктеуіне мүмкіндік бар. Онлайн экскурсия жұмысы да жақсы жолға қойылған. Сондай-ақ музей жанында өлкетанушылар және жас тарихшылар клубы жұмыс істейді. Ырғыз, Қазалы аудандарындағы әріптестерімен, «Ырғыз-Торғай» резерватымен тығыз байланыс орнатқан. Ауданның өткенін бүгінгі заманға жеткізген мекеме облыста бірнеше рет «Үздік музей» атағын алды.
Жаз бойы түрлі жеміс ағаштары мен гүлдер жайнап тұратын шарбағында малта тас, түйе арба, ауыр соқа, қол диірмендер мен түйе ботасының ізі түскен табиғи тас қойылған. Жан-жағы қырланған, ауыр-ауыр екі бөліктен тұратын малта тас ертеде бидай дәнін уатып, ұн алуға қолданылған. Бұл – тұтас ауыл астық бастыратын диірмен. Беткі тасты түйеге байланған ағаш кеспелтекпен қозғайды. Ғимараттың кіреберісіне отыздан астам келі-келсап қойылған. Бірі үлкен, бірі кіші, бірі ешкі терісімен қапталған келі-келсаптар тары түюге арналған. Әжелеріміздің ағаш келілері бүгінде қолданылмайтын болған соң музей экспонатына айналыпты. Оның үстіне, музей директоры Нағима Шенеқұлқызы ауылда жатқан келі-келсап көрсе, бірден музейге алып кетеді екен.
Шалқар ауданы мешіт ұстап, медресе ашқан дін адамдары, ағаш шеберлері, ұсталар, зергерлерімен танымал. Аудан тұрғыны Қуанышбай Әлмұратов тапсырған ағаш шебері, қолөнерші Айдос Мұратов (1881–1970) жасаған кереует көз тартарлық мүлік. Бас-аяғы көтеріңкі етіп жасалған, жақтауларында гүл өрнектері бар кереуеттің қызылды-жасылды бояулары алпыс жылдан бері өңін бермеген.
Этнография залындағы күміс сырға, алқа, өңіржиек, шолпы, білезік, сақиналардың қасындағы сөреге ұстаның көрігі қойылған. Ертеде ұсталар көрікті құйманы суытуға, пешке ауа үрлеуге қолданған. Халқымызда ұстаның құралдарына қатысты ырым-тыйым көп. Өмірден өткен соң оның ісін жалғастырар ұрпағы болмаса, құралдары шәкіртіне, не басқа шеберге беріледі екен. Ұстаның көрігі бос тұрмау керек деген ырымның мәні зор.
Батырдың бес қаруы
Экспозицияда қару-жарақтардың түр-түрі бар. Соның ішінде ерекше құйылған қайқы қылыштар сармат қаруын еске түсірсе, жиде ағашы діңінен жасалған шоқпар да өңін ермеген. Оқшантай, мылтық, найза, сүңгі, бәкінің иелері осы өлкеде өмір сүрген батырлар. Есет Көтібарұлының мылтығы, Қарағұл Серікбайұлының қылышы, Әзберген Мұңайтпасұлы найзасының ұшы, Құжыр батырдың қылышы талай жорықтың куәсі. Тағы бір құнды жәдігер – батыр, мерген Жарас Пұсырманұлының мылтығы әзірше ұрпақтарының қолында. Осы топырақтан өніп, әр кезеңде батырлығымен ел құрметіне бөленген Тілеу Айтұлы, Жарас Пұсырманұлы, Бақтыбай, Жылқаман Отыншыұлы, Қаражігіт Бектауұлы, Көтібар Бәсенұлы, Есет Көтібарұлы, Бекет Ерназарұлы, Қайдауыл Едігеұлы, Ақайұлы Ақтан, Арыстан Тінәліұлы, Байқазақ батырлар туралы аңыздар да жазулы. Соның бірі – Қарағұлдың ерлігі. Бүгінге «Қарағұл қылышын суырса, қанға боямай салмайды» деген тәмсіл жеткен. Кішкентай бойлы, қарасұр, сұсты келген батыр жорықтан сауытының өңірін ашып келе жатса – жеңгені, кеудешесін ашпай, түнеріп келе жатса – жеңілгені екен. Тағы бір аңыз оның қарындасы Сұлуға қатысты. Батыр қарындасын ауыл молдасы әрі оқытушысы Мәдірейімге ұзатпақшы болғанда, бойы бір тұтам, ұсқынсыз жігітті қыз ұнатпайды. Бірақ ол заманда аға әміріне қарсы шығу жоқ. Сұлу молда жігіттен құтылмақшы болып, ағасы жорықта жүргенде Мәдірейім отырған үйдің сыртынан от қояды. Киіз үй лезде жанып кеткенде, Мәдірейім аман шығады. Осы хабар жолда келе жатқан Қарағұлға жеткенде, ол қылышын суырып алып, ауылға шаба жөнеледі. Қаһарынан қорыққан жұрт оның алдынан анасын жібереді. Шешесі батырды сабасына түсіргенімен, қынаптан суырылған қылыштың қанға боялмай салынбайды десетін. Сол мезетте батыр өзімен бірге еріп жүретін сүйікті тазысын шауып түсірген. Қарағұлдың жайлауы Шалқардың Көкала деген жерінде болған.
Мешіттер мен медреселер
Бозой ауылынан 60 шақырым жердегі Құландының жанында 1830–1840 жылдары салынған Әбдіғалым ахунның қазақы мешіт-медресесі сақталған. Саз кірпіштен өрілген, шағын терезелі ескі мешіт-медресе қабырғалары сол күйі тұр. Бұл жақта мешіт ұстап, медреседе бала оқытқан Жанаман ахун Сейітімұлы (1884–1968), Аманғали Итесұлы (1884–1936), Шалқар мешітін басқарған Мәтей Қоқанұлы (1886–1971) – Бұхара медреселерінің түлектері. Бүгінде аудан орталығындағы ескі мешіт Жанаман ахун атында болса, кейінгі жылдары салынған мешіт Мәтей Қоқанұлының атында. Музей экспозициясындағы құнды дүниенің бірі – Жанаман ахунның кенептен тігілген жейдесі.
Музейде «Шалқар» аудандық газетінің 1932 жылдан басталған тігінділерін ертеде редакторы Тілеужан Шойғарин тапсырған. Осы басылымды ұзақ жыл басқарған Тауман Төрехановтың 27 жыл бойы пайдаланған жазу мәшіңкесін журналист Қыдыралы Әлин кейін әкелген.
Сынтас. Киелі жерлер
Ұлы Борсық құмының оңтүстік-шығыс беткейінде он шақырым аумақта қазан шұңқыр, аңғарлар бар. Бұл – аудан орталығынан 90 шақырым Алағозы жеріндегі өзгеше алқап. Қазан шұңқырдың қақ ортасындағы төбе басында қыз мүсіні сияқты ерекше тас алыстан көзге түссе, жан-жағын шөккен түйе сияқты іркес-тіркес тастар қоршап жатыр. Аңызы Кергебай деген байдың қызы Қырмызыны ұзатуына байланысты туындаған. Көп дүние-мүлікпен ұзатылып бара жатқан қызы әкесінің мініс атын сұрайды. Малының киесі болған күреңді бай бермейді. Қырмызы «босағам борлаусыз, сырығым сырлаусыз қалды» деп ренжіп, керуеннің соңынан еріп бара жатқанда, қатты ашулы әкесі оны «сынтас бол» деп қарғайды. Күннің суығында қозғалған керуен сол күйі тас болып мәңгіге қалыпты. Осындай бейнелі тастар Ақтөбе облысының Хромтау, Мәртөк аудандарында кездеседі. Бәрінің де атауы – сынтас. Аңыздары да ұқсас. Негізгі желісі айттырылған жеріне бармай, ұнатқан жігітімен қашып кеткен, не жасауына көңілі толмай әке қарғысына ұшыраған қыз...
Жер бедеріне қарағанда, Шалқардың Алағозысы топырағында темірі көп, күрең қызыл түсті, қиыршық тас араласқан, ежелгі заманда теңіз орны болған жер. Оның дәлелі, құм арасынан табылатын тас болып қатқан ұлу қабыршақтары. Алағозының Көкбұлақ деген жерінде екі метр тереңдікте темір кені бар. Аржағы қарақалпақ жеріне жалғасып кететін, Арал теңізінің суы кең жайылған заманның куәсі.
Бұл жақта ғылыми айналымға енбеген ескерткіштер өте көп. Көне керуен жолдары, Арал теңізін бойлай отырып Хиуаға баратын ескі сүрлеулер маңында қалған ежелгі қоныстар орны сақталған. Музей қызметкерлері жаз бойы елсіздегі ескі қоныстарға сапарлап, жәдігерлердің фото-бейне түсірілімдерін жасап, аңызын жинап келеді. Кейінгі жылдары Аққолқа бейіті, Балғасын, Тоқпан тамына экспедицияға барды. Аққолқа – өте қашық, көлік жолы да жайсыз, елсіз далада орналасқан кесене. Бұл жаққа жол талғамайтын көлік болмаса жету қиын. Тоқпан тамы, Арыстан-Тінәлі зираты Бозойдан әрі қарай елсізде орналасқан. Бұл жақтың жер атаулары тарихи оқиғалармен сабақтас. Қошқарата, Қыздар шыққан деген биік, қуыс-қуысы көп төбе бар. Музей мамандары бейнетаспаға түсірген екі күмбезді Аққолқа бейіті ел арасында «Бала бейіт» деп те аталады. Бұл күйдірілген қызыл кірпіштен тұрғызылған төрт бөлмелі бейіт. Ішін ою-өрнекпен безендірілген төрт ағаш есік бөліп тұр. Әрқайсысында шағын қабір. Бір ауқатты адамның төрт баласы бірдей өмірден өтіп, соған тұрғызылған мазар сияқты. Қазір ел тұрмайтын елсізде жиі кездесетін осындай кесенелерге қарап, кезінде бақуатты тұрмыс кешкен ауылдар болғанын аңғарамыз.
Ежелде Хиуамен арада Арал теңізін жағалай орналасқан қазақ ауылдары көп болған. Шалқар ауданындағы Ноғайлы заманының ескерткіші – Балғасын мұнарасының орны. 1950 жылдарға дейін қызыл кірпішпен салынған кесене іргетасы сақталып келген. Қазір жер атауы бар да, орны жоқ.
Тоғыз теміржол бекетіне таяу жердегі қырат Ойыншықтау деп аталады. Бұл аң-құс бейнелі ойыншық сияқты тастар үйілген жер. Жұрт қапшықтап әкеткен соң ойыншық пішінді тастар азайып кеткен. Музей ауласына қойылған ботаның ізі түскен тас Ақтоғай ауылдық округінен әкелінді. Шетырғыз ауылына барар жолда жер астынан қоймалжың балшық шығып жатады да, лезде қатып қалады. Ботаның ізі осылай түскен болар. Айшуақ елді мекеніне барар жолда күйші Қазанғап Тілепбергенұлының кесенесі қарсы алады.
Аудандық музейдің алты қызметкері облыс орталығынан шалғай, елсіз далалықта тарихын ішіне бүккен, тарихи айналымға енбеген ескерткіштерді аралап, ел арасынан аңыз, жәдігер жинап, өлке тарихын түгендеуге үлес қосып жүр. Табылған жәдігерлер мен ескерткіштерді терең зерттеу археологтер мен кәсіби тарихшылардың жұмысы. Әзірше Борсық құмдарындағы тарихи оқиғалар ізін уақыт көміп жатыр. Білетін адамдар азайған соң айтулы оқиғалар да ұмытылады. Қырғын шайқас өткен жерлер, белгілі батырлар ізінен ерген жауынгерлердің есімдерін түгендеу мүмкін емес. Өлке тарихы ауыл тарихынан түзелетінін ескерсек, Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі мамандары жинақтаған жәдігерлер мен ауызша тарих болашақ зерттеушілердің зерттеу нысанының өзегі болары анық.
Ақтөбе облысы