• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Таным 09 Ақпан, 2021

«Бақытым бар үшінші...»

254 рет
көрсетілді

Ақпан келе Аспантаудың аясына әдеттегідей қалың қар қонады. Мақсат-тілек жетпейтін зәу биіктен қалқып түскен ақ ұлпалар Қарасудың арнасын тасытардай алқынады келіп. Ертеде Елшенбүйрек етегінде тербеле аққан осы ерке өзенге терең көз салып, қара бала балық аулау­шы еді-ау. Тағдырына арқау, тектілігіне тіреу болған маңғаз топыраққа табаны талай қызған-ды. Хантәңіріне арқасын тіреп, Қарасазды қара өлеңмен әрлейтін сонда.

Ақиық ақын айдын көлге аққу болып оралған деседі. Дәл туған күнінің қарсаңында. Түн қысқарып, тұман сейілген шақта ақ қанатты құстар ақық жыр иесінің арманын арқалап келген Қарасазға. Қандай ғажап қойылым дескен мұқым қазақ. Ақжүрек ауыл жұрты бұл оқиғаны жақсы ырымға балап, Мұзбалақ ақынның «сәлемі» деп сүйінген сол сәтте. Байтақ дала қасиетті қара өлеңнің шалқар көші қарапайым Қарасазға қайта кідіргендей күй кешті. «Жетім көлді» жетімсіретіп кеткен киелі құстар Қарасуды айнала ұшып, қиқулап көңіл толқытқан-ды. Тоқсанға аяқ басқан алып ақынның мерейтойына Табиғат-ана тосын сый жасағандай, жүрегіміз бір елегізіп еді. Міне, бүгін сол мейірімді мезеттен жыл аттапты.

Қарасуды қойнына алып, қара өлеңге қайық байлап, жайлау жағасында екі ақын жататын еді. Көрген жанның әлі көкейінде сайрап тұр сол сурет. Сонда Мұқағали: «Әй, Еркін (Ібітанов) түбі осы ауылды мына жомарт жұрт менің есіміммен атайтын болады. Көрде тұр», деп көңілі шалқи сөйлеп, жырын жалғайтын. Сөзден есе жіберсе, жыр жүйрігі Еркін Ібітанов болар ма? Тауып айтатын әдетіне салып, аспай-саспай: «Мұқа, Мұқа саған-ақ сыйладым сол шағын ауылды. Маған ауданның атын берсе де жетеді» деп ора­йына жығып, ағасының алдын орап кетіпті. Қарасаздың қос перзентінің айтқаны айдай келді. Қазір «Қарасаз» ел арасында «Мұқағали ауылы» атанып кетті. Ал аудан аты Ібітановтың бабасына бұйырды.

Бүгінде сол ескі жұртта есі кір­ген баладан еңкейген қартқа дейін Мұқағали жырымен шөл басады. Тәрбиенің бір тармағы іспетті. Көшеден жолықтырған қыз-келіншекті тоқтата қалып сұрай қалсаңыз, ақын жырын жатқа айтуға бар. Шалкөденің әр төбесі мыңғырған мал, жаяу­дың аяғы батпас қалың ну, бұлақ бой­лаған түтін, бәрі-бәрі Мұ­қа­ға­ли жырлағандай мен­мұн­да­лап тұрады. Ауық-ауық аққуын жоқтаған айдындай, ашық аспан ғана ақынын жоқтап ән айтатындай...