Алматыда жыл сайын ақпан айында өтетін «Digital Almaty 2021» форумы аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңес (ЕҮАК) отырысы өтіп, оған Премьер-Министр Асқар Мамин қатысты. Үкімет басшысы Қазақстанның 2021 жылы ЕАЭО-ға төрағалық етуіне байланысты негізгі міндеттерді нақтылап, басымдықтар бойынша жұмысты күшейтуге шақырды.
Премьер-Министр Асқар Мамин Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы тұсында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға жаңа серпін беруге, өзара саудадағы кедергілерді жоюға, трансшекаралық көлік артериялары мен логистикалық хабтардың әлеуетін толыққанды пайдалануға ерекше назар аударылатынын атап өтті.
– Біздің міндетіміз – одаққа мүше елдердің бәсекелестік әлеуетін толық іске асыру, жаппай цифрландыру жұмыстарын күшейту, жаңа жағдайларда экономикалық, өндірістік, сауда, институционалдық құрылымын жедел трансформациялау. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын толық қайта қарап, жаңартуымыз қажет, – деп атап өтті Премьер-Министр.
ЕЭК және ЕАЭО мүше елдердің экономикасын цифрландыру жөніндегі жұмысты бірнеше есе күшейту мәселесі былтырғы форумның да маңызды тренді болған. Осы ретте Үкімет басшысы Қазақстан ұсынып отырған жұмыс бағыттары ЕАЭО елдерінің ортақ мүдделеріне толық сәйкес келетінін атап өтті. «Мен тараптарды Қазақстанның төрағалық ету кезіндегі бағдарламасын бірге іске асыруға шақырамын және елдеріміздің өндірістік әлеуетін арттыру және азаматтарымыздың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы ортақ мақсаттарымызға бірлескен күш-жігермен жететінімізге сенемін», деді А.Мамин.
Пленарлық жиындар арасында форумға қатысушылар журналистермен онлайн байланысқа шығып, сұрақтарына жауап берді. ЕЭК өкілдері металл сынықтары нарығын реттеу жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы төрағасының көмекшісі Ия Малкина осы құнды шикізаттың жоғалуына жол бермеу үшін мемлекет мүшелері өздеріне барлық қорғаныс шараларын қабылдауға шешім қабылдағанын айтты. Ресей Федерациясы қазірдің өзінде осындай қадамдарға баруға дайын. Ия Малкинаның дерегінше, ЕАЭО-да тұтастай алғанда өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы металлургияның үлесі 2020 жылдың қаңтар-қарашасында шамамен 27,8% болған. Ресей, Қазақстан және Беларуссия – металл сынықтары жиналатын және сатып алынатын ЕАЭО-дағы негізгі елдер.
– Біз қазір Ресейді Беларуське металл сынықтарын экспорттайтын ел деп айта аламыз. Ал Қазақстан Ресей Федерациясына экспорттайды. Жалпы, қара және түсті сынықтардың айналымы мәселесі әрқашан өзекті, – деді И.Малкина.
Ал Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың түсіндіруінше, бүгінде ЕАЭО елдерінің барлығы қара металл сынықтары мен қалдықтарының экспортын шектеудің түрлі шараларын қолға алған. «Мысалы, Беларуссияда сынықтарды экспорттау үшін Үкіметтің арнайы рұқсатын алу керек. Армения мен Қырғызстан металл сынықтарын жарты жылға шығаруға тыйым салды», дейді ол. Министрліктің мәліметі бойынша, Мәскеу өз сынықтарын үшінші елдерге экспорттауға тосқауыл қоя бастады: 31 қаңтардан бастап 180 күнге дейін сынықтарды экспорттауға экспорттық кедендік баждың жоғарылатылған ставкасы іске қосылды, бұл саланың экспорттық тартымдылығын төмендетуге тиіс.
Баспасөз мәслихатында пальма майын қолдануға байланысты да мәселе өрбіді. Сарапшылар Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары өнімде қолданылатын пальма майына қойылатын талаптарды қазірден бастап қатайту керектігін алға тартты. Бұл туралы сөз қозғаған алқа мүшесі, техникалық реттеу министрі Виктор Назаренко
– Мәселе – майдың түрінде емес, осы майларда қандай химиялық заттардың бар екенінде, әсіресе май қышқылдарының глицидил эфирлеріне қатысты. Сондықтан ЕАЭО-да осы химиялық контаминанттардың құрамын реттеу туралы түпкілікті шешім қабылданды. Қолға алынған алғашқы қадам – бірыңғай санитарлық ережелерге еуропалық талаптарға ұқсас талаптарды енгізу, – деді ол
ЕЭК министрі бүгінде май өнімдеріне арналған техникалық регламентке тиісті талаптарды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын, жақында май өнімдеріне арналған техникалық регламентке өзгерістер Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауына енгізілетінін айтты.
Журналистер сондай-ақ ЕАЭО-ның бірыңғай валютасын енгізу жөніндегі жоспарын да нақтылады. Еуразиялық экономикалық комиссияның экономика және қаржы саясаты министрі Тимур Жақсылықов 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында мұндай жоспар жоқ екенін бірден айтты.
– ЕАЭО аясындағы бірде-бір шартта, ЕАЭО аясындағы басқа да құжатта бірыңғай валюта енгізу туралы сөз жоқ, бұл туралы айтылмаған және мұндай жоспар да жоқ, талқыланған да емес, – деді ЕЭК министрі.
Баспасөз-конференциясында ЕАЭО-ның қазіргі жағдайы мен даму қарқыны жайы да айтылды. ЕЭК интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев: «Біз бұл жұмысты он жылдан астам уақыттан бері жүргізіп келе жатырмыз, бірінші кезеңде кедендік шекараларды алып тастағанда, біз бірден өзара сауданың қарқынды өсуіне қол жеткіздік деп айта аламын. Сауда екі жыл ішінде бір жарым есе өсті, өйткені кедендік шекарадан өтуге байланысты шығындарды алып тастау тауарларды жеткізуді ынталандырды, әсіресе шекара маңындағы сауда өсті», деп атап өтті.
Соңында Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында елдеріміздің экономикасы үшін маңызды шешімдер қабылданғанын айтты. Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріндегі макроэкономикалық жағдай туралы есеп және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша тиісті ұсыныстар мақұлданған. «Алдын ала мәліметтер бойынша 2020 жылдың соңына қарай ІЖӨ-нің аздап төмендеуі күтілуде. Ал қазіргі уақытта ол 3,9%-ды құрайды. Сонымен бірге комиссия жасаған болжамдар 2021 жылдың сәтті болатындығын көрсетеді», дейді М.Мясникович.