Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылы 5 қаңтарда жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында еліміздің өткені мен бүгініне шолу жасап, алдағы мақсаттарымызды айқындай түсті. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін мемлекетіміздің әр саладағы жетістіктерін саралай келе, алдағы уақытта атқаруға тиіс кезек күттірмес шаруаларды арқау етті.
Әлемдік дағдарыстарды еңсеріп, алмағайып дәуірмен тайталаса дамып келе жатқан еліміздің басынан өткерген тарихи сәттер ашық айтылып, әрбір онжылдықта атқарған істерді сараптап, лайықты баға берді.
Қазақ халқының әлем елдеріндегі архивтер мен кітапханаларда, мәдени орындарда, тіптен жеке тұлғалардың қолында сақталып, тарыдай шашылған тарихын жинақтап, елге алдыру мақсатында жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына ерекше тоқталып, «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тарихымызды түгендедік», – деген тұжырымы сол құнды қазынаны сақтап отырған архив саласына берілген оң баға деп түсіндік.
Архив – бұл еліміздің Ұлттық архив қорын толықтыру, заңды және жеке тұлғалардың тарихына қатысты құжаттар мен мұраларды жинақтап, сақтаушы мекеме болғандықтан өз қорындағы құжаттар мен материалдарға есеп жүргізіп, зерттеушілердің ғылыми тұрғыда пайдалануын қамтамасыз етеді.
Ал ғылыми-зерттеу жұмысы зерттеу және тәжірибе жүргізу арқылы заманауи білім алу мен бар білімді дамыту мақсатында ғылыми тұжырымды анықтау, заңнамаларды орнату, ғылыми қорытынды беру, ғылыми негіздеу әр сала ғалымдары тарапынан атқарылатын жұмыс түрі. Осы себепті еліміздің тарихындағы айтулы оқиғаларға зерттеу жүргізу арқылы ғылыми негіздеу мен қорытынды беру жұмысы тарих ғалымы тарапынан жүргізілуге тиіс.
Бұл мәселені қозғап отырғанымыз, Президент өз мақаласында тарихымыздағы ашылмаған ақтаңдақтарға айрықша тоқталып, тәуелсіздік алған кезден бері әділ бағасын ала алмай жатқандығын баса айтуы. Оның бірі – елдің тарих парағында ауыр зұлмат ретінде қалған ашаршылыққа мемлекет тарапынан тиісті баға берілмеуі және ғалымдар арасында ашаршылық құрбандарының нақты санының болмауы.
Тәуелсіз Қазақстандағы алғаш заңның бірі – 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң болды.
Бұл заң аясында архившілер мен ғалымдар бірлесіп, архивтерде сақтаулы құпия белгісі бар қор құжаттарына құпиясыздандыру жұмысын жүргізді.
Дегенмен бұл заңда ашаршылық зұлматы бөлек тақырып ретінде көрсетілмегендіктен, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылы 31 мамыр – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып бекітіліп, ашаршылық бөлек мәселе ретінде танылды.
Әрине, бұл тақырыпта қазақ халқының басынан өткен бірнеше зұлмат тұрғаны мәлім. Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы бойынша әрбір ақтаңдақ бет жеке-жеке тарихи бағасын алып, жіті қарастырылуы тиіс.
Мәселен, осы тұста мемлекеттік архив қызметкерлері жыл сайын саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында ЖОО студенттері және магистранттарының қатысуымен көрме ұйымдастырып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Мақалада Президент: «...миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді...», – деген тұжырымды пікір білдірді.
Осы тұста архивтерде сақтаулы тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді зерделеп, зерттеп, ортақ ғылыми тұжырым жасайтын тарих ғалымдары болуы тиіс. Бұған Президенттің «...Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс»,– деген пікірі дәлел бола алады.
Ашаршылық мәселесіне қатысты архив құжаттарының басым бөлігі құпия белгісімен кеңестік кезеңге тиесілі. Өкінішке қарай, зардап шеккен қазақ халқының тізімдік деректері жоқ. Тек жапа шеккендер жайлы жалпылама ақпарат бар.
Ашаршылық болған кезде кеңес билігі қазақ халқынан тартып алған азын-аулақ малды ірі қалаларды етпен қамтамасыз ету үшін алып кетіп отырды. Халқымызды отырықшыландырып, ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру жұмысын жүргізіп, тіптен халық санын есепке алған жоқ. Бұл жайтты архив деректерінен байқауға болады.
Ашаршылық жылдары ата-анасынан айырылған жетім балалар саны күрт артып, нәтижесінде балалар үйін ашуға мәжбүр болған. Сонда да балалар үйіне сыймай, аш-жалаңаш тентіреп жүрген балалар жайлы деректер Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архивіндегі қор құжаттарында көптеп кездеседі.
1993 жылы архив мамандарымен «Архив айғақ», «Алаш Мирас», ал 2014 жылы Президент архивінен құжаттар негізінде жарық көрген «Трагедия казахского аула. 1928-1933 гг» атты құжаттар мен материалдар жинағына ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпиясыздандырудан өткен кейбір деректер енді.
Қазіргі таңда ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобы архивте сақтаулы құжаттарға зерттеу жасап, қалған тұлғаларды анықтауға тиіс.
Сонымен қатар Орталық мемлекеттік архив қорында ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге қатысты құпия белгісі бар материалдарға заңнама талаптарына сай сол қордың заңды иегерлерінің шешімімен және архив мамандарымен біріге отырып, құпиясыздандыру жұмысы жүргізілуге тиіс.
Осы себепті алғашқы жұмыс тобы архив құжаттарына заңды иегерлермен бірлесе отырып, республика, облыс және аудан деңгейдегі архивтерде құпиясыздандыру жұмысын жүргізуі керек.
Қорытындылай келе айтарымыз, еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында баяндалғандай ашаршылық зұлматы қамтылған Қазақстанның қысқаша тарихын жазу – отандық ғалымдар үшін кезек күттірмейтін жұмыс болмақ.
Ұлы Дала елінің ғылым, мәдениет, архив саласындағы дамуына тың серпін беретін Президенттің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртатын сүбелі еңбек.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Мәдениет және спорт министрі