Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы төменде жариялаған мақалалар топтамасында коронавирус дағдарысымен күрес мәселелері сөз болады.
Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель, Сенегал президенті Маки Салл, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйеннің авторлығымен шыққан «Жаһанды қалпына келтірудегі көпжақты әріптестік» атты мақалада дағдарыспен күрестегі маңызды мәселелер сөз болады.
Мақалада пандемиядан кейінгі әлемді қалпына келтіру үшін жаһандық әріптестік қажет екені айтылады. Сондай-ақ әлем көшбасшыларының ортақ мәмілеге келуінің маңызына тоқталған.
Гарвард университетінің Джон Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің халықаралық саяси экономика профессоры Дани Родрик өз мақаласында Африкадағы және кедей елдердегі технологиялық дилемма жөнінде ой қозғайды. Автордың айтуынша, аз жұмыс күшін қажет ететін, бірақ көп өнім шығаратын заманауи технологиялар табысы төмен елдерге тиімсіз болып отыр.
Айта кетейік, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
ПАРИЖ. 2000 жылғы қыркүйекте әлемнің 189 мемлекеті жаңа дәуірде ортақ мақсаттарға жету жолындағы халықаралық әріптестік принциптері қамтылған «Мыңжылдық декларация сына» қол қойды. Біз «қырғи-қабақ» соғысты бастан өткергеннен кейін аштық, кедейлік, қоршаған ортаның нашарлауы, індет, экономикалық қиындықтар мен кикілжіңдердің алдын алу секілді мәселелерді шешуге қабілетті көпжақты тәртіп орнатуға шамамыз жетеді деп сендік. 2015 жылы қыркүйекте әлем мемлекеттері ғаламдық мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екенін тағы да растады. Бұл жолы күн тәртібіне БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму жөніндегі бағдарламасы қойылды.
Әлем ғаламдық әл-ауқат артқан сайын теңсіздік те күшейетін қарама-қайшы үдерісті басынан өткерді. Ұлтшылдық және протекционизмнің жандануымен бірге демократияның да шекарасы кеңейді. Кейінгі он жылдағы екі дағдарыс қоғамды қиратып, бәрімізге ортақ саяси шекараларды әлсіретіп, қиындықтарға қарсы күресу, мәселенің түпкі себебін жойып, болашақ ұрпаққа жарқын келешек қалыптастыру қабілетімізге күмән келтірді. Сондай-ақ бұл дағдарыстар біздің бір-бірімізге қаншалықты тәуелді екенімізді көрсетті.
Түйткілді дағдарыс болашақты өзгертуге қабілетті табанды мақсат қоюды талап етеді. Бұл тиімді әріптестік, ынтымақтастық пен бірлесіп әрекет ету арқылы көпжақты қарым-қатынастар мен заң үстемдігіне негізделген халықаралық тәртіп туралы келісімді қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді деп сенеміз. Сондықтан қазіргі және болашақта болуы мүмкін ғаламдық мәселелерді шешу үшін БҰҰ, өңірлік ұйымдар, G7 және G20 сияқты диалог алаңдары және арнаулы коалициялармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.
Кезек күттірмейтін мәселенің бірі – денсаулық. Covid-19 дағдарысы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан ғаламдық ынтымақтастық үшін ең үлкен сынаққа айналды. Осылайша, бізге бір мәселені аңғартып өтті. Пандемия кезіндегі денсаулық қауіпсіздігінің деңгейі ең әлсіз денсаулық сақтау жүйесімен пара-пар. Covid-19 барлық елдегі адамдарға, экономикаға қауіп төндірді.
Пандемия кезінде иммунитет қалыптастыру бәрінің қолы жететін қоғамдық игілік деп танылды. Сондай-ақ тестілер, екпелер мен емдеу шараларын тез таратуға көмектесетін халықаралық бірлескен іс-қимыл жүргізуді талап етіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, былтырғы сәуір айында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен G20 серіктестері іске қосқан Access to COVID-19 Tools (ACT) Accelerator ғаламдық платформасын толықтай қолдаймыз.
ACT-Accelerator өз миссиясын орындауы үшін оған саяси және қаржылық қолдау керек. Біз сондай-ақ серіктестер арасында еркін дерек алмасуға және интеллектуалды меншікті ерікті түрде лицензиядан өткізуге көмектесе аламыз. Қазіргі пандемиядан сабақ алып, болашақ індеттерге дайындалу үшін дағдарысқа қарсы шараларымыздың тиімділігін анықтайтын ұзақ мерзімді тәуелсіз әрі жалпылама бағалау қажет. Бұл процесте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы негізгі рөлге ие.
Төтенше жағдайдың экологияға да әсері бар. БҰҰ-ның биылғы қарашада Глазгода өтетін климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясына (COP26) дейін экономикамыздың тұрақтылығын арттырып, климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды күшейтуіміз керек. 2021 жылдың басында әлемдегі парниктік газ қалдықтарының 65 пайызын шығаратын елдер көмірқышқыл газы бойынша бейтараптылық міндеттемесін мойнына алады деп күтіліп отыр. Барлық ел үкіметі, кәсіпорындар, қалалар мен қаржылық мекемелер Париж келісіміне сәйкес атмосферадағы CO2 көлемін нөлге дейін төмендету жөніндегі ғаламдық коалицияға қосылып, нақты жоспарлар мен саясатқа көшуі тиіс.
Пандемия Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен дағдарысқа әкеліп соқты. Қазір әлемдік экономиканы қалпына келтіруге басты назар аударылып отыр. Шын мәнінде, пандемия кедейлік пен гендерлік теңсіздікке қарсы жиырма жылға созылған күрес кезінде қол жеткен жетістіктерді жоққа шығаруы мүмкін. Теңсіздік әлеуметтік бірлікке нұқсан келтіріп, демократияға қауіп төндіреді.
Жаһандану мен халықаралық әріптестік, сөзсіз, миллиардтаған адамға кедейліктен құтылуға көмектесті. Бірақ әлем халқының жартысына жуығы әлі де қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Көп елде кедейлер мен байлар арасындағы алшақтық үлкен, әйелдер әлі де тең мүмкіндіктерге қол жеткізбеген. Адамдардың көбі жаһанданудан пайда барына көз жеткізгісі келеді.
Экономикамызға 1945 жылдан бері болған ең қиын рецессияны еңсеруге көмектесу арқылы ережелерге негізделген, инклюзивті, тұрақты өсімнің қозғаушы күші саналатын еркін саудаға басымдық беруді жалғастырамыз. Сондықтан Дүниежүзілік сауда ұйымын нығайтып, экономиканы қалпына келтіру үшін халықаралық сауда әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Сонымен қатар инновацияларға қолайлы жағдай қалыптастырып, экономикалық модельдің қақ ортасына қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау және әлеуметтік стандарттар мәселесін қойғанымыз жөн.
Біз ғаламдық жағдайдың қалпына келгенін әлемнің әрбір азаматы сезінуіне ықпал етуіміз керек. Дамушы елдерге, оның ішінде Африка мемлекеттеріне қолдау көрсеткен жөн. G20 ұйымының Африкамен әріптестігі және Қарыз бойынша қызмет көрсетуді тоқтату бастамасы аясындағы Париж клубымен бірлескен іс-қимылдар жеткіліксіз. Бұл қадам мемлекеттердің қарызын азайтуға көмектеседі. Халықаралық валюта қорының резерві, Арнаулы иелену құқығы (SDRs) секілді халықаралық қаржылық құралдардың көмегімен олардың экономикасын тұрақты қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Жаңа технологиялардың дамуы прогресс пен инклюзияның үлкен активіне айналып, қоғамның, экономика мен мемлекеттің ашықтығы мен тұрақтылығына әсер етіп, пандемия кезінде адамдардың өмірін құтқарып қалды. Бірақ әлем халқының жартысына жуығы, қыздар мен әйелдердің жартысынан көбі желіден тыс қалып, технологиялардың игілігін көре алмай отыр.
Жаңа технологиялардың негізгі бөлігі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеу, араздық туғызатын ақпарат тарату және қауіпті қылмыстар жасауға қолданылуы мүмкін. Қазіргі бастамаларға сүйеніп, мүдделі тараптарды интернетті тиімді басқаруға тартып, деректердің қауіпсіздігіне кепілдік беретін ашық әрі еркін цифрлы орта қалыптастырған жөн. Экономиканы цифрландыру және зиянды салық бәсекесіне қарсы күрес мәселесін шешудің пайдасын бірінші кезекте халықтың назардан тыс қалған бөлігі көруі тиіс.
Денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс миллиондаған баланың білім алуына кедергі жасады. Жалпыға бірдей білім беру туралы уәдемізде тұрып, келер ұрпаққа негізгі білім мен дағдыларды, әртүрлі мәдениетті түсініп, сөз бостандығы мен көзқарас еркіндігін қабылдауды үйретуіміз қажет. Балалар мен жастар – біздің болашағымыз, сондықтан олардың білімі өте маңызды.
Аталған мәселелерді шешу үшін қолданылатын көпжақты қарым-қатынас – кезекті дипломатиялық тәсіл ғана емес. Бұл – халықаралық қарым-қатынас құрудың әріптестік, заң үстемдігі, ұжымдық әрекет және ортақ принциптерге негізделген ерекше әдісі. Өркениетіміз бен құндылықтарымызды бір-біріне қарсы қойғанша, өзара ерекшелігіміз бен Адам құқықтары жөніндегі жалпыға ортақ декларацияда көрсетілген дүниелерді құрметтеп, инклюзивті көпжақты қарым-қатынас құруымыз қажет.
Covid-19 пандемиясынан кейінгі әлем бұрынғыдай болмайды. Бұл мәселелерді шешу үшін Париж бейбітшілік форумы секілді әртүрлі талқылау алаңы мен мүмкіндікті пайдаланған жөн. Сондықтан саяси, экономикалық, діни, интеллектуалдық сала көшбасшыларын ғаламдық талқылауға қатысуға шақырамыз.
Эммануэль МАКРОН,
Франция президенті,
Ангела МЕРКЕЛЬ,
Германия канцлері,
Маки САЛЛ,
Сенегал президенті,
Антониу ГУТТЕРИШ,
БҰҰ Бас хатшысы,
Кристалина ГЕОРГИЕВА,
Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры,
Шарль МИШЕЛЬ,
Еуропалық кеңес президенті,
Урсула фон дер ЛЯЙЕН,
Еуропалық комиссия президенті
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org