Project Syndicate жобасы аясында «Egemen Qazaqstan» басылымы төменде жариялаған мақалалар топтамасында коронавирус дағдарысымен күрес мәселелері сөз болады.
Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Ангела Меркель, Сенегал президенті Маки Салл, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишель, Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйеннің авторлығымен шыққан «Жаһанды қалпына келтірудегі көпжақты әріптестік» атты мақалада дағдарыспен күрестегі маңызды мәселелер сөз болады.
Мақалада пандемиядан кейінгі әлемді қалпына келтіру үшін жаһандық әріптестік қажет екені айтылады. Сондай-ақ әлем көшбасшыларының ортақ мәмілеге келуінің маңызына тоқталған.
Гарвард университетінің Джон Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебінің халықаралық саяси экономика профессоры Дани Родрик өз мақаласында Африкадағы және кедей елдердегі технологиялық дилемма жөнінде ой қозғайды. Автордың айтуынша, аз жұмыс күшін қажет ететін, бірақ көп өнім шығаратын заманауи технологиялар табысы төмен елдерге тиімсіз болып отыр.
Айта кетейік, әлемдегі маңызды да өзекті тақырыптар жөнінде бірегей контент әзірлейтін Project Syndicate жобасы мақалаларын жариялау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жарық көріп отыр.
КЭМБРИДЖ. Экономикалық даму жыл сайын көбейетін жұмыс күші үшін өнімді жұмыс орнын құруға негізделген. Әдетте, мұндай қадам кедей елдерде индустрияландыруға серпін береді. Зауыттарда жұмыс істеу керемет болмауы мүмкін, бірақ бұл фермерлердің жұмысшыға айналуына жол ашады. Осылайша, экономика мен қоғам да өзгереді.
Африкадағы және әлемнің басқа түкпіріндегі табысы төмен көптеген ел болашақта осындай жолмен жүруден үміттенеді. Ешкім олардан Қытайдың немесе Шығыс Азия «жолбарыстарының» жетістігін қайталауды күтпейді. Бірақ әлемдік деңгейге сай индустрияландыру мен интеграция арқылы жедел экономикалық өсуге қол жеткізу керек. Сондай-ақ коронавирус пандемиясынан кейінгі жағдайды қалпына келтіруі қажет. Бұдан бөлек, Африкадағы жастарға арналған жұмыс орындарын көптеп ашу да маңызға ие.
Пандемияға дейін Африка елдері индустрияландыру бойынша біраз жетістікке жетті. Эфиопия қытайлық және еуропалық инвесторлардың көмегімен экспортқа бағытталған тігін және аяқ киім секторын құрды. Танзания ішкі және аймақтық нарықтарға қызмет етуге бағытталған ресурстарды көп қажет ететін өндіріс саласын жандандырды. Жақында жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, құрлықтағы индус- трияландыруды ерте тоқтату аймақтағы экономиканы 2000 жылдардағы деңгейге түсіруі немесе тұралатуы мүмкін.
Дегенмен, Африкадағы өндірісті жандандыруда бірқатар қиындық бар. Индустрияландырудың тамыры тереңге кетсе де, заманауи өнімге негізделген өндірістік салаларда құрылған жұмыс орындары аз.
Расында, ресми түрде ашылған жаңа жұмыс орындарының саны тоқтап тұр. Өйткені жұмыспен қамту негізінен шағын, бейресми кәсіпкерлер есебінен өсті. Бұл жағдайдың Шығыс Азиядағы Тайвань (1960-1970 жылдары) немесе Вьетнам (жақында) секілді жедел индустрияланған елдерден айырмашылығы өте үлкен. Себебі аталған мемлекеттерде өндірістік саладағы жұмыс орындары ресми кәсіпорындар есебінен көбейген-ді.
Деректерді сөйлетсек, мұндай парадокс арта түседі. Тафтс университетінің зерттеушісі Маргарет Макмиллан, Халықаралық азық-түлік саясатын зерттеу институтының қызметкерлері Синшен Диао мен Миа Эллиспен бірлесіп жүргізген зерттеуімізде үлкен және шағын кәсіпорындар жұмысында таңғаларлық дихотомияға кезіктік. Эфиопияда да, Танзанияда да ірі фирмалардағы өнімділік өте жоғары. Бірақ ондағы жұмыс орындары айтарлықтай кеңейтіле бермейді. Ал шағын бизнес кәсіпкерлері көп адамға жұмыс бергенімен, оларда өнімділіктің артқаны байқалмайды. Нәтижесінде, жұмыс орындары көптеп ашылса да, өнімділік, негізінен, өндірістің аз саласына жүктелген.
Әдетте бұл дихотомияны ешкім ескере бермейді. Жұмыс орындарының аз құрылуы бизнеске қолайсыз жағдаймен түсіндірілуі мүмкін. Бірақ кәсіпорындардағы өнімділіктің көбеюі себебін көрсете алмайды. Әдетте, Африкада өнімділікке шаққанда жалақы жоғары деп саналады. Бірақ Танзанияда да, Эфиопияда да жалақы қорларының жалпы көлемі тауарға қосылған бағаның үлесінен едәуір төмен екенін байқаймыз. Ендеше, еңбек шығындарының шектеулі болуы мүмкін емес. Сонымен қатар кәсіпорындардың құрылу, күйреу, кеңею процесінің баяу жүруі экономикаға араласудың бағасы қымбат екенімен тікелей байланысты.
Бұл парадоксты түсінуге мына ерекшелік көмектеседі. Ірі өндірістік фирмалар көп капиталды қажет етеді. Эфиопия мен Танзания секілді табысы төмен елдерде жұмысшылар көп. Ал капитал (машиналар мен жабдықтар) аз, демек қымбат. Стандартты экономикалық теория мұндай жағдайда өндіріс көп еңбекті қажет ететін әдістерге қарай ауысады деп болжайды.
Біліктілігі төмен жұмысшылар көптеп саналатын (бұған білікті жұмыс күшін қосыңыз) мемлекеттерде кәсіпорындардың капиталды артығымен пайдалануы қисынсыз көрінуі мүмкін. Бірақ олардың таңдау мүмкіндігі қаншалықты екені белгісіз. Өндіріс технологиялары уақыт өткен сайын біртіндеп тозып, шеберлікті қажет етеді. Осылайша, экономикасы дамыған елдермен бәсекелесу қиындай түседі. 1950 немесе 1960 жылдардағы технологиялар көп жұмысшыны қажет етуі мүмкін. Дегенмен, африкалық кәсіпорындардың әлемдік нарықта бәсекелес атануына көмектесе алмайды. Бүгінде әлемде қолданылып жүрген озық технологиялар біліксіз жұмысшылар үшін тиімді емес.
Бұл Африка экономикасын екіұдай жағдайда қалдырады. Құрлықтағы өндірістік кәсіпорындар неғұрлым өнімді және бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік мол. Екінші жағынан, жұмыс орнын көптеп ашуға жағдай да жасалған. Алайда екеуін де бір уақытта қамтып, жасау өте қиын. Тіпті мүмкін емес сияқты көрінеді.
Дани РОДРИК,
Гарвард университеті Джон Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебінің халықаралық саяси экономика профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org