Шымкент қаласында оқушылар арасында COVID-19 індетін жұқтыру жағдайы тіркеліп, бірден 9 мектеп карантинге жабылды. Оған себеп, білім беру ұяларында санитарлық-эпидемиялық талаптар сақталмаған.
Естеріңізге салар болсақ, үшінші тоқсаннан бастап мектеп оқушылары дәстүрлі оқу форматына көшкен болатын. Жуырда қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті офлайн оқуды қайта бастаған бірқатар мектепті шұғыл тексеру кезінде көпшілігінде ғимарат ішінде бетпердесіз жүру жағдайын анықтады. Санитар дәрігерлер сынып бөлмелеріне кварц уақтылы қойылмағанын, құрғақ және дымқыл тазалау жұмыстарының өзі дұрыс жүргізілмегенін айтады.
Шаһарда осы жылдың 1 қаңтарынан 1 ақпанға дейін оқушылар арасында COVID-19 вирусының зертханалық расталған 39 дерегі тіркелген. Мамандар мұны мектептерде оқушылардың шамадан тыс көп болуымен байланыстырады. Ал 2020-2021 оқу жылының басынан бері мектеп оқушылары арасында коронавирус инфекциясының 64 жағдайы анықталған.
Салалық департамент індеттің барлық тіркелген дерегі бойынша эпидемиялық тексерулер жүргізу барысында 64 жағдайдың 18-і күндізгі режімде, қалған 46-сы онлайн форматта оқығаны белгілі болғанын жеткізді.
«Қаладағы №66, №23, №48 мектептермен қатар физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне де шара қолдандық. Назарбаев зияткерлік мектебі жуырда карантиннен шықты. Басқа да білім беру мекемелерінің карантин талаптарын қаншалықты сақтағанын күнделікті тексеріп отырмыз. Кемшіліктер бар. Бұл мектептерге тексеру қорытындысына сай әкімшілік шара қолданатын болады», дейді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Роза Аханова.
Зерттеу қорытындысы бойынша салалық департамент тәж тажалдың таралуын болдырмау мақсатында 13 мектепте дезинфекция жүргізіп, 14 күнге карантин жариялады. Бүгінде №18, №6, №66, №104, және №35 мектепте карантин жарияланған.
Соңғы мәлімет бойынша, Шымкентте коронавирус салдарынан карантинге жабылған мектептердің саны тоғызға жетті. Мамандар жұқпалы індеттің әрбір жағдайы бойынша эпидемиялық зерттеу жүргізуде. Мысалы, зерттеп-зерделеу кезінде шаһардағы №18 мектепте вирусты ең әуелі мұғалім жұқтырғаны белгілі болды. Осыдан кейін індет аталған білім ұясындағы тағы 4 оқушыдан анықталған.
Қазіргі таңда аумақтық басқарма мамандары тұрақты түрде қала мектептерінде санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
ШЫМКЕНТ