Соңғы жылдары еліміздегі ірі су бассейндерін қоректендіруші далалық өзендер арналарының күрт төмендеп, бұл тұтас экожүйеге кері әсер ете бастауы Ақтөбе облысының тұрғындарын да алаңдатып отыр. Ор, Ембі, Жем, Ойыл, Ырғыз, Елек, Сазды өзендерінің суы мүлдем азайып, ағыстары да баяулады.
«Қазгидромет» РМК мәліметіне қарағанда, бүгінде бастауын Мұғалжар тауынан алатын Жем өзенінің орташа жылдық ағыны 201 млн текше метрге (58%), Ойыл өзені 233 млн текше метрге (25%) төмендеген. Ал «Қазгидрометтің» Ақтөбе филиалы мамандарының дерегіне қарағанда, Ойыл өзені аумағындағы су ағынының бесжылдық орташа көрсеткіші 127 миллион текше метрге тең болыпты. Таратып айтқанда, 2018 жылы осы көрсеткіш 118 млн текше метрді көрсетсе (92,9 пайыз), 2019 жылы 18,3 млн текше метрге (14,4%) күрт азайып кеткен. Бір жылдың ішінде су ағыны мөлшерінің 118 млн текше метрден 18 миллион 300 мың текше метрге күрт түсуі өте алаңдатарлық жағдай болып отыр.
Былтыр Ойыл өзені тасыған жоқ, ал Жем ортасынан бөлініп қалған шалшық суға айналып барады. Негізінен, қар суымен қоректенетін екі өзеннің мұндай жағдайға жетуіне ылғалдың аз түсуі деген құзырлы мекемебаянлердің жауабы дайын. «Қазгидромет» мекемесінің жергілікті филиалының қорытындысынан аңғарғанымыз, Ойыл өзені айналасындағы атмосфералық жауын-шашынның түсу көрсеткіші мен өзендегі су деңгейінің көлемі бір-біріне сәйкес емес. Мәселен, Ойыл өзені айналасында 2019 жылы түскен жауын-мөлшері 62%-ды, 2020 жылы 57 %-ды құраған. Бір сөзбен айтқанда, қыста қар жеткілікті жауып, мұз қатса да, көктемде өзенде су өте аз болды.
Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Жақсығали Иманқұловтың хабарлауынша, Ақтөбе облысының аумағынан ағып жатқан далалық өзендердің гидрогеологиялық режімін зерттеу мен реттеу бағдарламасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу күн тәртібінде тұр. Жақын уақытта дала өзендерінің мәселесін көтеріп жүрген табиғат жанашырларымен, ауыл азаматтарының қатысуымен бірлескен жұмыс тобы құрылатын болды.
Өкініштісі сол, дала өзендерінің ахуалын зерделеу жұмыстары 10 жыл бұрын басталуы керек еді. Ол уақытта өзен бойында дәл қазіргідей бейберекет болған жоқ. Қазіргі уақытта су белдеуі әркімнің жекеменшігіне айналғандай. Қаптаған шаруа қожалықтарын көшіру, егіс егетін суармалы шаруашылықтарды аластату ұзаққа созылатын әрі құқық қорғау органдарының араласуынсыз бітпейтін түрі бар. Бүгінде ешкім де өзен бойынан еркімен кетуге ықтияр емес.
Жақсығали Иманқұлов өңіріміздегі далалық өзендер арнасының күрт азаюының бірнеше себебін атады. Ол жақында Ойыл, Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарына барып, ауыл азаматтарымен кездескенде, жұртшылық Ойыл арнасының азаюына, су сапасының нашарлауына әкелген бірнеше себепті көрсеткен. «Біріншіден, өзенді қоректендіретін жауын-шашын мөлшері өте аз болды. Екіншіден, Су кодексіндегі жағалауда 50 метрге дейін құрылыс болмауы керек деген ереже сақталмайды. Үшіншіден, кейбір шаруа қожалықтары елсізде, су арнасының тартылған тұстарында қоршау жасап, мал ұстайды. Төртіншіден, өзен бойындағы кей ауыл тұрғындары қыстан шыққан күл-қоқыстарын өзенге тастайды. Ал Ойыл өзенінің бойында 20-дан астам елді мекен орналасқан. Малдың қиы, ауылдағы үйдің күлі – ағыны әлсіз өзенге үлкен жүк. Бесіншіден, шаруа қожалықтары өзеннің кез келген тұсын малдың суат көзіне айналдырған. Табиғат жанашырлары Ойыл өзенінің кішігірім салаларының бойында заңсыз тұрғызылған бөгеттер болуы мүмкіндігін жоққа шығармайды. Сол үшін көктем шығып, жер қарайған кезде өзен бойын түгел зерттеп, заңсыз бөгет тұрғызған тұлғаларды анықтау керек. Алтыншыдан, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ауыл шаруашылығы басқармасымен бірлесе отырып, мал суаруға өзеннің белгілі бір тұсын белгілеуді жоспарлап отыр. Бұл жерде құдығы жоқ, не ұңғымамен су шығару мүмкіндігі болмаған шаруа қожалықтарына ғана өзеннің белгілі бір тұсынан мал суаруға рұқсат етіледі. Өйткені өзен бойын шабындыққа пайдалануға болады, бірақ малдың суатына емес. Жетіншіден, табиғат жанашырларының айтуынша, ауыл малының өрісі – өзен жағасы. Көп ауылдың малы бүгінде бейберекет жайылады, өйткені бақташы жоқ. Біздіңше, су белдеуі ала жаздай малдың тұяғымен тапталмас үшін ауыл әкімдері көктем шыға жеке тұрғындардың малын бағуды ұйымдастыруды өз қолдарына алған жөн. Жаз бойына әр елді мекенде аналық малды қалдырып, басқаларын ауылға жолатпау керек. Осындай жолмен өзенге түсетін салмақты азайтамыз», дейді Жақсығали Иманқұлов.
Бұл жағынан ауыл әкімдері Әйтеке би ауданының Аралтоғай ауылдық округінен шеберлік сабақтарын үйренсе де, артық етпейді. Ол жақта мал бейберекет жүрмейді, көктем туа бойдақ малдың бәрі қырда бағылады да, ауылда тек сауын сиырлар қалдырылады. Аралтоғай кооперативі осы шаруаны тап-тұйнақтай етіп ұйымдастырған.
Ендігі жұмыс еліміздегі ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе, су арналарын гидрологиялық және гидрохимиялық кешенді зерттеуді кешіктірмеу керек. Далалық өзендердің неге құрып бара жатқандығының бір ұшы осы кешенді зерттеуден анықталады. Жобалау жұмыстарын жүргізу алдында оның техникалық негіздемесін әзірлеу қажет. Жем мен Ойыл неге тартылды деген сұрақтың негізгі жауабы – Орал-Каспий бассейні мамандарының тікелей жауапкершілігінде болуы тиіс.
Жазық өзендердің жағдайын реттеу оларға құйылатын шағын өзендерді қалпына келтіруден басталады. Мәселен, Ойыл өзенінің арнасын толтыратын шағын өзендер – Шағырлы, Құмды, Бабатай, Кенжалы, Шиелі, Жарлының құрғап жатқан арнасына қар тоқтату мен айналасына ағаш отырғызу арқылы су келтіруге мүмкіндік бар. «Далалық өзендердің шағын арналарына қар тоқтату жұмыстарын тұрақты жүргізу керек. Өйткені ағаш көп болса, жаз шыққанша көлеңкесінде қар жатады, оның тереңдеген тамыры суды ұстайды. Жасыл желек белдеуін көбейтсек, құрғаған арналарға су толады. Осы жағынан Мұғалжар, Темір аудандарының жеріне ағаш түрлерін көптеп отырғызуға болады», дейді орман шаруашылығының ардагерлері.
Осы жағынан бастауын Мұғалжар тауларынан алатын Ырғыз өзенінің ахуалы да Ойылдан асып кеткен жоқ. Ырғыз өзенінің биыл ағысы болмады, арналары тым жіңішкеріп, өзен түбі тайызданып кетті. Бастауын Мұғалжар тауынан алатын Ырғыз Торғай өзеніне қосылатын тұста, Жайсаңбай елді мекенінің жанында Қыл деген бөгеттен өтіп, Құрдымға барып жоғалады. Бұл – Ырғыз-Торғай резерватына тиесілі аумақ, ежелден құстардың көш жолы. Сібірден әрі-бері ұшқан құстар көктем мен күзде осы маңдағы көлдерге аялдайды. Бұл жақта бір-бірімен жерасты суымен жалғасқан ұсақ-ұсақ 80 көл бар. Өлке табиғатының ерекшелігі сол, сансыз көлшігі көктемде толып, күзде тартылады. Бірер жыл бұрын Құрдымға баратын жолдағы суды ұстап қалу үшін Қылдың түбіне бөгет салынды, бірақ су бөгеттен айналып, қайтадан Құрдымға құйылып жатыр. Су бәрібір өз арнасын тауып ағады деген осы. Қылдың жыры бір бөлек. Жергілікті тұрғындар Құрдымға барып құритын суды ұстап қалу үшін бөгетті Қылдан жоғарырақ, көктемде толып, күзде солып қалатын шағын-шағын көлшіктер тұсына салу керек деген ұсыныс айтқан. Құстардың көш жолындағы осы көлдер толса, тіршілік жанданады, балық та болады, су жайылған жерге өсімдік те шығады.
Ақтөбе облысының тұрғындары далалық өзендердің тартылуы аймақтың экожүйесіне ауыр соққы әкелетінін жақсы сезінеді. Бұл жерде адамның табиғатқа шын жанашырлығы мен атқарылатын істердің сөз жүзінде қалып қоймауы өте маңызды болып тұр.
Ақтөбе облысы