Әр мектеп білім беру және тәрбие беру бағытында белгілі бір басымдықтарды таңдайды. Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Березовский ауылында орналасқан Ж.Аймауытов атындағы орта мектебі басым бағыттың бірі ретінде оқушылардың экологиялық дүниетанымын қалыптастыруды анықтады. Бұл бағытта оң нәтижелер мен жетістіктер де бар.
Алдағы уақытта жұмыс сапасын бұдан да жоғары деңгейге көтеру жоспарда бар. 300-ден аса оқушы білім алатын оқу ордасы 2013 жылы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы ұсынған шағын грантты жеңіп алып, поликарбонаттан көлемі 24 шаршы метр жылыжай салынды. Бұл жылыжайдың оқу процесіне, оқушылардың ғылыми жобаларына қосқан үлесі орасан. Олар энергияны үнемдеу, өсімдіктерді гидропоникалық және хемопоникалық тәсілмен өсіру бойынша жобаларын жүзеге асырып келеді. Мәселен, мектеп түлектері Д.Овчаров пен И.Орынбасаров биологиядан ғылыми жобалар қорғап, гидропоника және баламалы энергия көздерін зерттеу арқылы қолданбалы технология саласындағы жобаларымен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары атанды. Марапат ретінде Ұлыбритания мен Ресейдегі халықаралық жастар лагерьлеріне жолдама алды. Сондай-ақ Д.Овчаров 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтің жас дарындармен кездесуіне қатысып, өңір басшысынан сыйлыққа ноутбук алды.
Мектеп – экологиялық семинарлар мен түрлі шаралар өткізуге арналған таптырмас алаң. Республикалық әлеуметтік маңызды бастамаларды дамыту қоры мұндай фестивальдарды бірнеше рет өткізді. Оқушылардың қоршаған ортамен тығыз байланыста болып, жан-жануарлар, құстар мен өзге тірі ағзаларды күтіп-баптауына да жағдай жасалған. Мектепте арнайы бұрышта құстар, балықтар тіршілік етеді. Жануарлар әлемінің басқа да өкілдері бар. Экологиялық үйірме мүшелері оларға қамқорлық танытып баптайды.
Мектеп оқушыларын табиғатты қорғап қана қоймай, энергия көздерін, шикізатты тиімді қолдануға жастайынан тәрбиелеу аса маңызды. Экологиялық сауат дәл осы мектеп қабырғасында қалыптасады. Олардың макулатура мен пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеуге өткізуі осы бағыттағы жетістіктердің бірі деуге болады.
Экология мәселесінің өзектілігін жіті түсінген жастар болашағын биологиямен байланыстырып жатады. Түлектер өз тәжірибесін өзінен кейінгі оқушыларға беріп, бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Жылыжайда гидропоника әдісімен өсімдіктерді топырақсыз, жасанды әдіспен өсіретін стартапты жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Ж.Аймауытов атындағы мектеп Березовский ауылында табиғаты тамаша жерде орналасқан. Әр көктем сайын оқушылар мектеп пен қайыңды тоғайдың айналасын қоқыстардан тазартады. Өкінішке қарай, кейбір демалушылар мен ауыл тұрғындары жауапсыздық танытып, ауыл айналасын қоқысқа толтырып кетеді. Жас экологтар қоршаған ортаны ластайтын бұзақыларды анықтау үшін дрон сатып алуды да жоспарлап отыр.
Аймақтағы өзге де мектептерді өскелең ұрпақ арасында экологиялық сауаттылық мәселесін қолға алып, оқушыларды жастайынан қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелесе екен дейміз.
Қабділришат ҚАРАХАНОВ,
мұғалім
СЕМЕЙ