Пандемия басталғалы әлемде демалысты шетелде өткізетіндер саны күрт азайған. Оның себебі түсінікті. Жабық шекаралар мен қатаң қауіпсіздік шаралары саяхатшылардың жоспарын түбегейлі өзгертіп жіберді. Ендігі үміт – алдағы жаз айларында. Тіршілік бұрынғы қалпына келіп, шетел асып, қыдыра аламыз ба деген сұрақ көпшілікті алаңдататыны анық.
Жақында Ұлыбританияның көлік министрі Грант Шеппс тұрғындарға ел ішінде немесе шетелде демалуға алдын ала жоспар құрмауды ескерткен еді. Оның бұл пікірін халық бірден іліп әкетіп, дүрліге түсті. Бір жыл бойы вакцина табылса, бәрі ретке келеді деген оймен отырған адамдарға бұл ауыр тиген секілді. Кім де болса жағдайдың тұрақталып, қалыпты тірлікке тезірек оралуды армандайтыны сөзсіз. Оның ішінде еркін саяхаттап, ел аралауды аңсайтыны қаншама. Елдің премьер-министрі Борис Джонсон ай басында жазғы демалысқа дейін қауіп сейіледі деген оптимистік пікір айтқанымен, қазір қайта сенімсіздік танытып отыр. Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штаммы пайда болып, елдегі эпидемиялық ахуалдың күрт өзгерді. Әлем елдері британдықтарды шекарадан өткізуге үзілді-кесілді қарсы болған-ды. Жағдай жақсарып, жаппай вакцина салынып жатқанымен, қауіп толығымен жойыла қоймайды. Сол себепті мамандар Еуропа мен Ұлыбританияға бағыт алған саяхатшылардан әлі де болса асықпауды сұрайды.
Ал туристік ұйымдар үмітін үзер емес. ABTA туристік қауымдастығының өкілі Шон Типтон ахуал біртіндеп болсын жақсарып келе жатқанын алға тартады. Бұл пікірдің негізінде халықтың жаппай вакцина алып жатқаны түсінікті. Өйткені Ұлыбритания әлемде алғашқылардың бірі болып вакцинаға рұқсат беріп, тұрғындарға екпе сала бастады. Еуропа одағына мүше елдер кеш те болса осы көшке қосылуды мақсат етеді. Қаншама даудан кейін ЕО мемлекеттері де жазға дейін халықтың басым көпшілігіне вакцина салуды жоспарлап отыр. Бұл – соңғы жылы туризм секілді тұралап қалған салаларды қайта дамытуға бағытталған шаралардың бірі. Еуропаға демалысқа шақыратын тұлғалар да дәл осы вакцинаға сенім артып отырғаны белгілі. Мәселен, Ryanair әуе компаниясының басшысы осы жазда вакциналаудың арқасында Еуропа жағажайлары демалушыларға толы болады деген болжам жасады. Әуе тасымалы мүмкін болмағандықтан, компания былтыр 1 млрд еуро табысынан айырылған екен. Дағдарыстың салқыны тиген авиа саласының өкілдері шекаралардың қайта ашылып, туризмнің қалпына келуін дәл осы жаппай вакциналаумен байланыстырып отыр. Ұлыбритания 50 жастан асқан азаматтарына наурыздың соңына дейін, ал Еуропа елдері маусымға дейін COVID-19-ға қарсы вакцина салуды көздейді.
Одан бөлек, осыған дейін туризм саласында қызмет еткен кейбір компаниялар мен мамандар бағытын өзгертіп, қонақүйлердің ауруханаларға айналып кеткені қаншама?! Мұның барлығы туризм индустриясының алдағы жаздағы дайындығына әсер етпей қоймас. Десе де табысын осы саладан көріп отырған мемлекеттер турист қабылдауға сақадай сай болуды, ал тұрғындар емін-еркін саяхаттауды асыға күтеді.
Түркия секілді табысы көбіне туризм саласынан түсетін елдерде демалыс ертерек басталып кетті. Індеттен тайсалмаған жұрт жағажайда жатыр. Қазір ел ішінде вирус жұқтырғандар саны тұрақталғанымен, шетелдерден науқастанып келіп жатқандар бар. Аустралия, Жаңа Зеландияда жергілікті науқастар бірнеше күн қатарынан анықталмай келеді, оның орнына шетелден келіп карантинге жабылған азаматтардан індет белгілері табылғаны хабарланды. Бұл елдердегі эпидемиялық жағдай тұрақталғанымен, шекарасын ашып, демалушыларды қарсы алуға дайын емес. Аустралия үкіметі осыған дейін биыл да ел шекарасы жартылай жабық болатынын хабарлаған-ды.
Байқағанымыздай, үкіметтердің туризм саласына қатысты ұстанымдары әртүрлі. Түркия, Африка, Мальдив аралдары секілді климаты жылы танымал демалыс орындары қазірден ашық. Ал Еуропа елдері жаппай вакцина салынғаннан кейін, жаз айларында турист қабылдауға дайын болса, Аустралия індеттің қаупі толығымен сейілмей саяхатшыларға есік ашпайтын секілді.