• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 15 Ақпан, 2021

Суреткердің көркемдік әлемі

645 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент – Елбасының жаңа музейінде елімізге еңбек сіңір­ген қай­раткер, белгілі суретші Камиль Муллашевтің шығармалар ката­логы­ның тұсаукесері және жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Өнерсүйер қауымға декоративтік мәнері айрықша «Сүйімбике», «Ғаб­долла Тоқай», «Бозоқ аруы» сынды айтулы туындыларды тарту еткен сурет­шінің 30-ға тарта жұмысы көп­шілік назарына ұсынылды.

Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат қылқалам шеберінің айшықты қолтаңбасы турасында айта келіп, қазақ бейнелеу өнері тарихындағы орнын ерекше атап өтті. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берген вице-министр Нұрқиса Дәуешов суретшінің ел мәдениетіне, соның ішінде көркемсурет өнеріне қалтқысыз қызмет еткені үшін алғы­сын білдірді.

Көрмеге Аустрия, Беларусь, Нидерланд, Германия, Ресей, Жапония, Үндістан, Чехия, Қырғызстан, Кувейт, Солтүстік Маке­дония, Татарстан елшілері мен басқа да дипло­матиялық корпустың өкілдері, галереялар, музейлер мен мәдени орталықтардың басшылары, көрнекті суретшілер, өнертанушылар және өнер қайраткерлері қатысты.

«Камиль Муллашев – ерекше көзқарасы бар адам, нағыз кескіндеме шебері. Ол суретті өте нәзік салады, сонымен бірге анық әрі шынайы. Барлық шығармаларында оның жан-дүниесі сезіліп тұрады. Менің ойымша, бұл шебердің картиналарын көргендердің бәрі автор шығармашылығынан ләззат алып, талантына тәнті болады», деп атап өтті Ни­дер­ланд Корольдігінің Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Андре Карстенс.

Кеш соңы автограф-сессиямен жалғасып, автор бүгінгі жастарға жанр, стиль тұрғысынан ұлттық өнердің ендігі беталысы жайында әңгімелеп берді. К.Муллашевтің каталогы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен «Астана» халықаралық университетінің қолдауымен басылымға шыққан. Көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады.