• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2010

ТАҢҒЫ ШЫҚ ЕЛІНДЕ

872 рет
көрсетілді

Қазақстан Републикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына сапары айрықша табысты болып, екі елдің барлық саладағы байланыстарында жаңа кезеңді бастап берді. ТАҢҒЫ ШЫҚ ЕЛІНДЕ Қазақстан-Корея қарым-қатынастары стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарылды Жолың түскелі тұрған ел туралы о жер, бұ жерден мәлімет сүзе бастайтын журналистік дағды бойынша осы жаққа жүрерде “Народы мира” деген кітапқа көз салғанымыз бар. Корейлер жайында біле түссек дейміз ғой баяғы. Кейінгі кезде корейлердің түбі осы жақтан екен деген әңгіме жиірек айтылатын болып жүр. Алтайдан шыққан деп те жатамыз. Жаны бар сөз. “Очевидно, в формирова­нии корейцев принимали участие 3 группы племен: палеоазиатская, алтай­с­кая и австронезийская, ведущая роль принадлежала проалтайским племенам” – академик Ю.В.Бромлейдің бас ре­дакторлығымен шыққан жаңағы анық­тамалық (М., “Советская энциклопе­дия”, 1988, 229-бет) осылай дейді. Тіл деген, дін деген замана желімен, тарих тезімен бірнеше ғасырдың ішінде-ақ өзгере беруі мүмкін, ал түр деген, тұрпат деген кем қойғанда мыңжылдықтарда болмаса құбыла қоймайтын құбылыстар қатарына қосылады. Осы тұрғыдан қарағанда корейлердің антропологиялық жағынан қалыптасуында алтайлық қан­ның үлесі үлкен екені көзге бадырайып көрініп тұр. Кей корейді, әсіресе қызда­рын бір көргенде қазақтан ажырата ал­май қалатынымыз да бар ғой. Ана жылы Таиландқа барғанымызда олардың да түбіміз Алтайдан тараған дейтінін есті­ген­біз, кезінде газетке жазғанбыз. Ал жа­пондардың қазіргі қоныстанған аралда­ры­на Оңтүстік Кореядан барғаны бар­шаға белгілі. Оларға дейін аралдың негізгі халқы айндар болған. Сексен жылға жуық уақыт бұрын Қазақстанға алғаш табан тигізген корейлердің біздің ұлтпен соншалықты етене араласып кетуінде де осындай бір сыр жатқан сияқты. Ли Мён Бактың өткен жылдың ма­мырында Қазақстанға үш күндік мемлекеттік сапармен келгені есімізде. Кездесулер кезінде мемлекеттер басшы­лары екі елдің қашанда бір-біріне қолдау көрсетіп  жатқанын разылықпен атап өткен болатын. Сапар қорытындысында Нұрсұлтан Назарбаев пен Ли Мён Бак екі мемлекеттің Бірлескен мәлімдемесіне қол қойған. Бара жатқан еліміздің басшысы біз жайында не айтқан екен деп  сайттарды ақтарып өткенімізде Ко­рея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың “Хабар” арнасының биыл­ғы жаңа жылғы топтамасына салынған: “Корея Қазақстанмен кең ауқымды ынтымақтастықты кеңейтуге әзір. Сіздердің елдеріңіз Орталық Азиядағы белді мемлекет болып табылады, ал Нұрсұлтан Назарбаевты мен әлемдік деңгейдегі көшбасшы деп білемін. Оның басшылығымен Қазақстан дамудың қайран қаларлық биігіне көтерілді. Сіз­дер тіпті әлемдік күйзеліс жағдайында да өсуді жалғастырып, бүкіл дүниеге жақсы үлгі көрсетіп отырсыздар. Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасы өте жоғары бағаға лайықты деп санаймын” деген сөзін оқыдық. Бұл – биік баға. Жалпы, бағалау – салыстырмалы кате­гория. Бар мәселе бағаны кімнің беруін­де. Біреудің “керемет” дегенінен біреудің “жаман емес” дегені бағалырақ болуы да мүмкін. Сондықтан дағдарыстан шығу­дың қиын жолдарын тауып жатқан әлем­дегі аз елдің бірі саналатын Корея­дай дамыған елдің басшысының аузымен айтылғанда бұл сөз тіпті бөлекше сал­мақты естіледі. “Тауып жатқан” дегенді сақсынып сөйлеп тұрмыз, әйтпесе, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының бағалауы бойынша, Оңтүстік Корея осы ұйым елдері арасынан дағ­дарыстан шыққан алғашқы мемлекет саналады. Бұл ұйымға әлемдегі менмін деген ең әлеуетті қырық шақты ел (ара­сында АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Бразилия сияқты мықтылардың бәрі бар) кіретінін еске сала кетейік. Солардың арасынан суырылып шығып отырған ел осы Корея. Оңай іс емес. Дағдарыстың ауыртпашылығын сезін­бесек мына біз сезіне қойған жоқпыз. “Daewoo”, “Samsung”, “LG”, “Hyundaі” дегендей брендтерімен әлемге әйгілі бол­ған Оңтүстік Кореяңыздың өзін тәлті­ректетіп жібере жаздаған бұл дағдары­сы­ңыз. Елдің ішкі жалпы өнімі 2008 жылғы 929,2 миллиард доллардан 2009 жылы  902 миллиард долларға кеміп, ІЖӨ-нің жан басына шаққандағы мөлшері  2007 жылғы 20 мың доллардан 2008 жылы 18,3 мың долларға, ал өткен жылы  16,5 мың долларға түсіп кеткен. Осындай ты­ғырықтан шыққандарына қуанып, биылғы бірінші тоқсанның қорытын­дысы бойынша ІЖӨ былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда 1,2 пайызға өсетінінің өзіне шүкіршілік етіп отыр бұл ағайындар. Біз мына мәліметтерді өзіміздегі барды бағалай білу қажеттігі тұрғысынан айтып жатырмыз. Сәрсенбінің сәтінде басталған сапардың бірінші күнінде біз Астанадан таңертең ерте ұшып шыққанымызбен, әуедегі алты сағаттық уақыт бар, үш сағаттық айырмашылық бар, Елбасы ұшағы Сеулдің “Соннам” авиабазасына келіп қонғанда кешкі алты болып қалған еді. Қонақүйге орналасып үлгермей жа­тып, Хоам өнер орталығына тіке тарт­тық. Президенттер ол күні Қазақстанның Кореядағы жылының ашылу салтанаты­на қатысып, Қазақстан өнер шеберлері­нің концертін тамашалады. Сеулде осы күндері Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед бастап келген қомақты шы­ғармашылық топтың құрамында газет бас редакторының орынбасары Жұмагүл Қуанышбекқызы жүргендіктен мына репортажда ол концерттің жай-жапсарын жазудан шектеле тұрмақпыз. Әйтсе де, қазақстандықтардың тамаша өнері дәс­түрлі мәдениетке де, классикалық мұраға да бірдей биік талғаммен қарайтын корейліктерді  тәнті еткенін ауызға алмай тағы тұра алмаймыз. Салтанат кезінде алдымен Елбасымыз сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлының сөзінде Қазақстан мен Кореяның тарихи байланыстарының тамыры тереңде жат­қаны,  қазақ және корей халықтарының арғы тегі олардың ортақ түпотанына – Алтай мен Орталық Еуразияға барып тірелетіні айтылды. “Сталиндік жолсыз жаза жылдарында қазақ жері мыңдаған жер аударылған корейліктерді қабыл алды. Олардың отбасылары сол бір қиын кезеңде қазақ халқының, Қазақстанды мекен еткен өзге де жұрттардың қолдауы мен көмегінің арқасында аман қалды. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанда корей ұлтының өкілдері жүз қырық этноспен бірге бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тату өмір сүріп жатыр. Олар қазақстандық бизнесте, білім беру, меди­цина мен мәдениетте берік орын ием­ден­ген”, деді Елбасымыз. Маңдайға бас­қан бес-алты миллиардеріміздің бірінің Ким екенін де білесіз, оның кім екенін де білесіз. Президентіміз Қазақстандағы корей қауымының екі елдің арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Қазақстан жылы Корея Республика­сы­ның барлық азаматтарына біздің еліміз­дің мәдениетімен, өнерімен, тарихымен және қазіргі өмірімен танысуға мүм­кіндік беру арқылы қызғылықты да пайдалы болатынына сенім мол. Корея Республикасының Президенті Ли Мён Бактың сөзі де әсерлі шықты. “Біз Қазақстан Президентімен туысқан-бауыр болып алған сияқтымыз. Президент Назарбаевтың бұл жөнінде не ойлай­ты­нын мен білмеймін, әйтеуір өзім солай ойлаймын”, деген Ли Мён Бак залдағы Елбасымыздың райлана күліп, бас изе­генін көрген соң орысшалап “Спасибо” деді де сөзін әрі қарай жалғап кетті. Корея басшысы корей мен қазақ тіл­дерінің бір тілдік топқа – урал-алтай тобына жататынын еске салып, сахна төрінде отырған “Отырар сазы” оркестрі өнерпаздарының ұлттық костюмдерінің әдемілігін де лайықты бағалап өтті. “Қазақстанның Кореядағы жылы екі мемлекет қарым-қатынастарының та­рихын­дағы ең жарқын оқиғаға жатады. Келесі жыл Кореяның Қазақстандағы жылы болмақшы. Біздің елдеріміз туыс­қан мемлекеттерге айналуда”, деді Ли Мён Бак. Концерттен кейін Нұрсұлтан Назар­баев пен Ли Мён Бак бейресми кешкі қонақасы кезінде тағы кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады. Мақаланың ба­сында айтқанымыздай, екі ел басшылары өткен жылдың мамыр айында ғана кездессе де, сол сапар барысында іскер  топтар өкілдері сантүрлі мәселелерді талқыласа да, одан бергі бір жылдай уа­қыттың өзінде қарастыратын тақырыптар қордаланып қалыпты. Оңтүстік Корея – Қазақстанның сыртқы экономикалық басымдықтар жүйесінде көрнекті орын алатын мемлекет. 2009 жылы Қазақстан мен Кореяның арасындағы сауда ай­налымы 505,6 миллион долларды құра­ған. Көп пе, аз ба? Аз да емес сияқты. Ал 2008 жылы осы көрсеткіш 754,1 миллион доллар болғанын ескерсеңіз, ойланатын жайлар бар. Әрине, бұл ара­дағы негізгі себеп дағдарысқа байла­нысты. Сыртқа шығарылатын шикізат­тың азаюына байланысты экспорттың да, импорттың да кемігенін көріп отыр­мыз. Бір елге ғана шығарылған экс­порттың көлемі осыншаға азайғанын оқырманға әдейі басын ашып айтуды артық көрмедік. Экспорттық түсімдер мұнша құлдырап кеткенде де елімізде халықтың әл-ауқаты сыр бермегенін, сыр бермегені былай тұрсын – жалақы да, зейнетақы да, шәкіртақы да дағ­дарысқа дейін мөлшерленген деңгейде өсірілгенін, дағдарыстан кейінгі дамудың негізі қаланып жатқанын біз әрқайсымыз есте ұстауға тиіспіз. Ал алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздегі ішкі жалпы өнімнің өсімі 6,5 пайыз болғанын біз осы жаққа жүретін күні шыққан нөмірде жазғанбыз. Қазақстан экспортының негізгі бөлігі шикізат материалдары – уран, ферро­қорытпа, қоспасыз болат пен темір про­каты, алтын, мыс. Бұлардан біз негізінен электроника, құрал-жабдық, мәшине жасау өнімдерін алып жатырмыз. Қазақстан Ұлттық банкі берген мәлімет бойынша, 1993-2009 жылдар аралығында бізге құйылған тікелей инвестиция­лардың жалпы көлемі 3,4 миллиард долларға жеткен екен. Қазақстанда корей капиталы қатысатын 300-ден астам бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Осының алдында ғана, 23-26 наурыз күндері Сеулге Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев келіп кеткен, Корея Республикасының Білім экономикасы министрімен, бірқатар компаниялардың басшылары­мен келіссөздер жүргізген. Корея іскер элитасының өкілдері екіжақты кездесу­лер кезінде корей капиталын Қазақ­станда белсендірек ете түсуге мүмкіндік бар екендігіне көптеген мысалдар келтірді. “Юсон метал” компаниясы мен Жамбыл облыстық әкімшілігі арасында кремний кенішін игеру жөніндегі келісімге қол қойылғалы екі жылдан астам уақыт өткен екен. “Юсон метал” Қазақстанда бір жылда өндірілетін кәдуілгі силикатты 800 мың тоннадан 1 миллион тоннаға, металл силикатты 80 мың тоннадан 100 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Атом энергиясының бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынты­мақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімнің де көкжиегі кең. Оның үстіне Елбасымыздың жақында Вашингтонда өткен жаһандық саммитте Қазақстанның бейбіт атомды игеруі жөнінде бүкіл әлемге айтқаны тағы бар. Кеше таңертең Кореяның іскер эли­тасы өкілдерімен бизнес-форум ұйым­дастырылды. Түске дейін Президент Корей елінің ең ірі өнеркәсіп алпауыт­тарының басшыларымен кездесті. “Самсунг С T” компаниясының прези­денті Чи Санг Ха,  “ПОСКО” болат балқыту компаниясының президенті Чунг Джун Янг, “Эс-Ти-Экс групп” көп салалы концернінің президенті Канг Док Су, “Пунгсан Корпорэйшн” кең ауқымды мақсаттағы металл өндірісі жөніндегі компания басқармасының төрағасы Джин Рю, “Сеул Семикондак­тор” жарық диоды компаниясының президенті Ли Чанг Хунмен кездесті. Корея Республикасының Премьер-Министрі Чон Ун Чанмен жұмыс бабын­дағы түскі дәм кезінде де елдер экономикасына, атап айтқанда, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты көптеген жайлар  әңгіме етілді. Кеше түстен кейін Нұрсұлтан Назар­баев Корея Президентінің “Чонгвадэ” резиденциясында ел басшысы Ли Мён Бакпен аз адамдық аяда кездесті. Келіс­сөздер кезінде екіжақты қарым-қаты­настардың құқықтық негізі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына 1995 жылғы мамыр айындағы мемлекеттік сапары барысында қол қойылған Өзара қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы декларация болғаны разылықпен атап өтілді. Келіссөздер барысында екі жақты ынтымақтастық мәселелерінің кең кө­лем­ді ауқымы талқыланып, екі ел ара­сын­дағы стратегиялық әріптестікті бекіте түсуге бағытталған шаралар анықталды. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны ертеден келе жатқан достық, әріптестік қатынастар байланыстырады. Жоғары деңгейдегі қарқынды үнқатысу жалғасын табуда. Екі елдің сауда-экономикалық ынты­мақтастығының дамуы жедел қарқын алып отыр. Қазіргі кезде Қазақстанда корейлік капиталдың қатысуымен 300 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономи­касына салған тікелей инвестициясының жалпы көлемі 3,4 миллиард долларды құрайды. Екі ел арасындағы парламенттік ынтымақтастық та ойдағыдай дамып ке­леді. Қазақстан Парламентінде Оңтүстік Кореямен ынтымақтастық жөнінде топ құрылса, Корея Республикасының Ұлт­тық Ассамблеясында Қазақстанмен дос­тық қауымдастығы құрылған. Сондай-ақ Үкімет, министрліктер мен ведом­ство­лар, іскерлік топтар деңгейіндегі келі­сім­дер ойдағыдай жүзеге асу үстінде. Жа­қында ғана бұл елге мемлекетіміздің көш­басшы партиясы “Нұр Отан” Төр­аға­сының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин бастаған делегация келіп қайтқанынан оқырман қауым хабардар. Қазақстан мен Корея мемлекет басшыларының қатысуымен бірқатар екі жақ­ты құжаттарға – Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі  мен Корея Үкіметі арасында Корея дипломатиялық өкілдік­те­рінің ғимараттары үшін Астана қала­сында жер телімдерін беру жөніндегі келісімге Қазақстан жағынан еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, Корея жа­ғы­нан Сыртқы істер және сауда министрі Ю Мён Хван, Қазақстан Республи­ка­сы­ның Индустрия және жаңа техно­ло­гия­лар министрлігі мен Кореяның Білім экономикасы министрлігі арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жайындағы меморандумға Қазақстан жағынан Премьер-Министрдің орынба­са­ры – Индустрия және жаңа техноло­гия­лар министрі Әсет Исекешев, Корея жағынан  Білім экономикасы министрі Чой Киан Хва, “Қазатомпром” мен “Korea Resources Corporatіon” және “Korea Elektrіk Power” арасындағы ын­ты­мақтастыққа қатысты өзара түсіністік туралы меморандумға Қазақстан жағы­нан “Қазатомпром” президенті Вла­ди­мир Школьник, Корея жағынан “KEPCO” президенті Ким Сан Су қол қойғаннан кейін, елдер басшылары журналистер үшін баспасөз  мәслихатын өткізді. Өз сөзінің басында: “Біз бір бірімізге керек әріптестерміз” деген Ли Мён Бак: “Қазақстанның қарымы қай­ран қалдырады, ана жылдары елде­ріңіздің ІЖӨ-нің жыл сайынғы 9-10 пайыздық өсіміне қол жеткізгендеріңізді білеміз”, деп атап айтты. Баспасөз мәслихаты кезіндегі сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея басшысымен бұл кездесуі соңғы екі жылдың ішіндегі үшінші кездесуі екенін, өз сапарының басты мақсаты елдер ара­сындағы сауда-экономикалық ынтымақ­тас­тықты кеңейтіп, тереңдете түсу болып табылатынын атап айтты. Биыл Қазақ­стан үдемелі индустриялық-инновация­лық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға кіріседі, ол жоспарларды орындау барысында біз корейлік әріп­тес­терімізбен кең көлемді ынтымақтастыққа үміт артамыз және соған дайынбыз, деді Елбасымыз. Нұрсұлтан Назарбаев қол қойылған іскерлік келісімдердің арасы­нан мұнай-газ және мұнай-химия өнер­кәсібі, мәшине жасау, атом энергетикасы мен уран өндіру салаларындағы өзара іс-қимыл жөніндегі уағдаластықтардың аса маңызды екенін ескертіп өтті. Президент сөзінен Кореяға қазақстандық 2 миллион тонна астық экспортталатынын, ауыл шаруашылығының басқа да салаларында ынтымақтастық арта түсетінін естіп, ішіміз жылып қалды. Кейінгі жылдарда мол өндірілген бидайдың базары қусырылыңқырап тұрғанын бәріміз де білеміз. Келіссөздер барысында Қазақстан мен Корея Республикасының халықара­лық аренадағы өзара іс-қимылы мәсе­ле­лері де кеңінен талқыланыпты. Біз өңір­лік саясаттың түйінді мәселелерін – Корея түбегі мен Орталық Азиядағы жағ­дайды, ядролық қарусыздандыру мен таратпау проблемаларын, Ауғанстан тақы­рыбын қарастырдық, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Айтқандай, баспасөз мәс­ли­хатында Оңтүстік Корея басшысы сөздің ретін пайдаланып, Солтүстік Кореяның ядролық проблемасы келіссөз жолымен шешілуге тиіс деп санайтынын да аң­ғарта кетті. Жалпы, кешегі Вашингтон сам­митінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев­ты бүкіл әлемде қарусыздану үдерісінің аса көрнекті қайраткері деп бағалау бір­жола орныққанын қазір анық көріп отыр­мыз.  Өңірлік проблемаларды ше­шу­ге үйлестірілген көзқарас екі елдің мүд­делеріне сәйкес келеді. Мұның өзі Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығын, Қазақстан мен Кореяның АӨСШК және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтастығын ескере келгенде өте маңызды. Ел басшыларының жа­һандық қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарларын еңсеру және дағдарыстан кейінгі дамудың негізін қалау жөніндегі көзқарастары да бір арнада тоғысқаны баспасөз мәслиха­тында анық байқалып тұрды. Ең маңыздысы – Қазақстан Президенті екіжақты келіссөздер біздің мемлекеттеріміздің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге – стратегиялық әріптестік деңгейіне шығарып бергенін қадап айтты. Таңғы шық еліндегі екі күндік сапардың басты қорытындысы да міне, осы. Сауытбек АБДРАХМАНОВ “Егемен Қазақстан” – Сеулден.