Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев коронавирус инфекциясына қарсы екпе салу сынды маңызды іс-шараға үлкен дайындықпен келгендерін айтады. Бүгінде өңірде арнайы құрылған 35 арнайы вакцина орталығында 115 екпе бөлмесі ашылып, жұмыс істеп тұр.
Сонымен қатар вакцинаны көлікпен жеткізуді дұрыс ұйымдастыру және оны талапқа сай сақтау үшін мұздатқыш қондырғылар, рефрижераторлар және термоконтейнерлер сатып алынған.
– Екпе салу ісінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін біз бұрын болып көрмеген іс-шараларға бардық: әрбір екпе кабинетіне ол жерде болған жағдайды онлайн режімде көрсетіп отыратын бейнекамералар орнаттық. Мұның өзі біздің және азаматтарымыздың вакциналау барысының қауіпсіздігіне деген сенімін күшейтеді. Яғни керек болған жағдайда бізде екпе салынғаны туралы фактінің растығын дәлелдеуге мүмкіндік бар. Және бұл бейнетүсірілімдер жылдың соңына дейін сақталады, – дейді облыстың бас дәрігері.
Қарағанды облысында вакциналау көлемі ай өткен сайын ұлғая бермек. Жергілікті денсаулық сақтау басқармасы жыл аяғына дейін өңірдің 700 мыңға жуық тұрғынын екпеден өткізуді жоспарлаған. Әзірге кейбір мәліметтерге қарағанда, медицина саласындағы 600-ден астам қызметкер вакцина салдырыпты.
Еске салар болсақ, еліміздегідей Қарағанды облысында да вакциналау іс-шарасына алдымен медицина қызметкерлері тәуекелге бел буып, үн қосты. Жалпы жоспар бойынша коронавирусқа қарсы екпені бірінші кезекте инфекциялық ауруханалардың, медициналық жедел жәрдем мен жансақтау бөлімшелерінің, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің, қабылдау бөлмесінің, санэпидқызметтің 100 мыңдай қызметкері алады деген болжам бар. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтері және медициналық қызмет көрсету саласының өкілдерінен тұратын 150 мыңға жуық адам вакциналанбақ. Ал үшінші кезеңнің үлесіне мектеп-интернаттың, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің педагогтерін, студенттерді, созылмалы аурулары бар тұрғындарды қосқанда барлығы 600 мың адам келеді деген жоспар бар.
Қазіргі таңда «жасыл аймаққа» қайта оралған Қарағанды облысындағы эпидемиялық ахуал тұрақталып келеді. Мысалы, инфекциялық стационарларда 500 пациент ем алып жатыр. Бұл бар болғаны жалпы төсектік орын қорының 11%-ын ғана құрайды.
Дәрігер мамандар коронавирус инфекциясы вакцинаға бағынатын сырқат түріне жатады деп есептейді. Сондай-ақ олар еліміз бойынша салынып жатқан вакцина түрлерінің қатаң тексеру-сұрыптаудан өткенін, сол себепті де препараттардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне күмәнмен қарамау керек екенін айтады. Сондықтан мамандар жұртты мессенджерлердегі неше түрлі күмәнді ақпараттардың жетегінде кете бермей, ресми дерек көздерінің шынайы мәліметтеріне ден қоюға шақырады.
Осы орайда айта кету керек, облыста алғашқы күндері екпе салдырған медицина қызметкерлерінің ыстығы көтеріліп, ол 37,8 градусқа дейін жеткен болатын. Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің жетекшісі Бибігүл Төлегенова мұны жақсы көрсеткіш деп бағалайды. «Неге десеңіз, – дейді ол, – температура көтерілген сайын антидене белсенді түрде қалыптасып, иммундық жүйе жақсы жұмыс істей бастайды».
Сондай-ақ маман вакциналаудың пандемиядан сақтап қалатын жалғыз ғана жол екенін айтады. «Екпе салдыру науқаны туралы жағымсыз пікірлер тек әлеуметтік желілерде ғана айтылып жүр. Ал емханалардағы жағдайға қарасақ, адамдар күнде хабарласып, мүмкіндіктеріне қарай екпе салдыруға ниетті болып жатыр», дейді облыстағы қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің жетекшісі.
Жасыратыны жоқ, қазір қоғамда «Неге тек ресейлік «Спутник V» ғана?» деген пікірлер айтылып қалып жүр. Бұл жерде мамандар келтірген уәж бен дәлелге назар аударсақ, жағдай шынында да күрделі екен. Мәселен, кейбіреулер айтқандай, америкалық Phizer компаниясының өнімін сатып алғанымен, оны елімізге жеткізудің жолы тіпті де оңай емес көрінеді. Ол препаратты тек қана -80 градус температураны қатаң сақтай отырып тасымалдау керек. Шетелдік вакцинаны амалдап жеткізген күннің өзінде оны пайдаға жарату үшін тек Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ғана орталық ашу мүмкіндігі бар екен. Басқа өңірлерге жеткізу әзірге қолдан келмейтін шаруа дегенді айтады мамандар.Вакциналауға қатысты тағы бір жаңалық: 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешенінде трансферттік технологияға арқа сүйеп өндірілген екпе конвейерден шығуы мүмкін. Ал алдымыздағы сәуір айында отандық QazCovid-in вакцинасы өндіріле бастайды деген дерек бар.
Қарағанды облысы