• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Ақпан, 2021

Азаматтық алудың әлегі

1010 рет
көрсетілді

Күнделікті нәпақасын осы жерден тауып, күнде таңы осы жерде атқан соң, Асқарбай Элмурадов пен оның егіз ұлы Асан мен Үсен Рудный қаласының тұрғыны болып саналады. Әйтпесе, еш мемлекеттің де азаматы емес, құжатсыз қалған Асқарбай мен Асан-Үсен құдайдың ғана есебінде бар, адамның есебінде жоқ сияқты. Өзі Өзбекстаннан қоныс аударған қандасымыз.

Қол қимылдамай, ауыз қимылдамайды. Асқарбай сақылдаған сары аязда, көн етігін қонышынан сүйретіп, екі ұлын ертіп, қай жерден жұмыс табылып қалады, кімнің ауласының қары күрелмепті, кімнің тасылмаған жүгі бар екен деп көшеге шығады. Қансонарда із кескен аңшыдай, болмашы жұмыс табылып, алақанына бірер мың теңге түссе, ол күнді біразға дейін ұмыта алмай жүреді. Үйде үпір-шүпір немерелері, қан қысымынан зардап шегетін әйелі Гүлнар күтіп отырады. Отбасының бүгінгі көрген күні осы.

Өзбекстаннан атажұртым, тарихи Отаным деп аңсап келген ағайынның көші тоқтаған Рудный қаласының отыз жыл ішінде мәні де, сәні де өзгеріп сала берді. Қазір мұндағы қандастардың саны 16 мыңға жетіп жығылады. Ол үш мыңнан аса отбасын құрайды.

Өзбекстаннан алдымен Тараз қаласына көшіп келген Элмурадовтар онда он бес жылдай тұрған соң, Рудный қаласына қоныс аударды. Тарихи Отанына келіп тәлкекке түскені, осынша жылдар бойы күйзелгені болмаса, олардың Рудныйдағы өзге үш мың қандастар отбасынан еш айырмасы жоқ. Олар да көп балалы отбасы, еңбекқор, ұлтының дәстүрін, тілін, дінін атасының құранды еріндей қасиеттеп, сақтап келеді. Өзбекстаннан келген этностық қазақтардың «апалап, көкелеп» тұратын кішіпейілділігі және көп балалы болуы оларды өзгелерден ерекшелендіріп тұрады. Тағы бір ерекшелігі – Өзбекстаннан көшті атажұртқа бастағандар – аға буын өкілдері емес, жастар. «Түйе ботасына ереді» дегендей, ата-аналар балаларынан қалмай келді. Қалаға қандас ағайындар келгелі қара домалақтар көбейіп, отыз жыл бұрын қазақ мектебінің қандай болатынын білмейтін кеншілер қаласында қазір оқушы саны аузы-мұрнынан шыққан 3 қазақ орта мектебі, Рудный қаласына қарасты Қашар кентінде тағы бір қазақ мектебі, оның сыртында бастауыш сыныптары мемлекеттік тілде білім беретін екі аралас мектеп бар. Алла қолдаса, бұл екі аралас мектеп те болашақ қазақ мектебінің тамыры болып соғып тұр. Айналдырған екі бөлмені бала-шағасымен жалдап тұрып жатқан Элмурадовтар отбасы да осы мектепке, кеншілер қаласының ұлттық реңін қалыптастыруға үлес қоспайды деп кім айта алар?

Енді Элмурадовтардың неге пәруана күйге түскенін баяндайық. 2004 жылы мамыр айында Өзбекстанның Науаи облысының Үшқұдық ауданынан марқұм Самат Элмурадов ақсақал бүкіл әулетімен Тараз қаласына көшіп келеді. Әулеттің ішінде бес баласымен Саматтың келіні Гүлнар да бар еді. Ал Гүлнардың күйеуі Асқарбай ол кезде істі болып, темір тордың ар жағында отырады да, бұл көшке ере алмай қалады. Гүлнар Тараз қаласына қарасты Аса ауылына тіркеледі, өзімен бірге бес баласын да тіркейді. Бірақ Өзбекстанда қалған туыстарына, күйеуіне барып тұруға қолайлы болу үшін бес жылға дейін Қазақстан азаматтығын алуға асықпайды. Тек 2011 жылы Аса ауылындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш беріп, оған Өзбекстан азаматтығынан бас тартатыны туралы, сотталмағаны жөнінде анықтама секілді құжаттарды дайындайды. Өзі жазған өтініштің астына Гүлнар 1998 жылы туған Балнұр және 2002 жылы туған егіз ұлы Асан мен Үсенді тіркейді. Бұл уақытта оның үлкен қызы Гүлнұр тұрмысқа шығып кеткен болатын. Ал 1992 жылы туған Азамат 19 жасқа толуына байланысты анасымен бірдей өтініш тапсырып, Қазақстан азаматтығына қол жеткізеді. Гүлнардың өзі де азаматтық алып, қуанып жүріп жатады. 2014 жылы қызы Балнұр 16 жасқа толуына орай жеке бас куәлігін алуға барғанда Гүлнар үш баласының да өзіне тіркелмегенін бір-ақ біледі. Балаларын өзіне тіркеп жазғаны есінде болса да, азаматтық алған кезде келген анықтамада балалары тіркелетін тордың бос тұрғанына Гүлнар «солай болуы керек шығар» деп ойлап, мән бермейді. Балнұрға екі елдің де азаматы емес деген анықтама арқылы Қазақстан азаматтығы алынады да, он екі жастағы егіз ұлы – Асан мен Үсен анасына тіркелмеген күйі қалып қояды.

Енді Асқарбайдың «жырына» келейік. Әулеті көшкенде шекараның да, тордың да арғы бетінде қалып қойған ол бостандыққа шыққан соң, 2009 жылы Тараз қаласындағы Аса ауылында отырған бала-шағасына келіп қосылады. Отбасымен, туыстарымен табысып, мауқы басылған соң, Өзбекстанға қайта барып, сол елдің азаматтығынан шығып келеді. Бірақ тұрақты тіркеу үшін Қазақстан жағы талап ететін Өзбекстан азаматтығынан бас тартқаны және сотталған-сотталмағаны жөніндегі анықтамаларды алмайды. Бұл анықтаманы Өзбекстанда қалған туыстарының бірі кейінірек салып жіберген көрінеді. Бірақ дәл осы анықтама оның бүгінге дейін созылып отырған ауыр өміріне себеп болды. Өйткені Өзбекстаннан келген анықтама жалған болып шығады. Онымен Асқарбай еш жерге тұрақты тіркеуге тұра алмайды.

Пенденің басынан не өтпейді. Адасып, қате басқан кезі болса да, Асқарбай ар-иманын жоғалтқан жоқ. Ол еңбектен бас тартпайды, қой бағады, жалданады, жұмыс таңдамай, әйтеуір балаларының нәпақасын тауып береді, жұрт қатарлы жақсы өмір сүруді армандайды. Құжатсыз адамның дәрменсіз жағдайын иісшіл иттердей тез сезетін алаяқтар Асқарбайды қармаққа тез түсіреді. Әдетте, ұры-қары, жау алыстан келмейді. Сол Аса ауылындағы С. деген әйел Асқарбайдың бүкіл құжатын жасап беретінін айтып, мезгіл-мезгіл ақша алып, «енді болады» деп емексітумен бітіреді.

– Тұрақты тіркеуге тұрғызып, төлқұжат алып беремін деген соң, сұрағанының бәрін – ақшаны ақшалай, қойды қойдай, түйені түйедей бердік. Барлығын есептегенде, бір миллион теңгеге жетіп жығылады, – дейді Асқарбайдың әйелі Гүлнар. С.-ның жасаған тұрақты тіркеуі жалған болып шығады да, Элмурадовтар оның үстінен полицияға шағым түсіріп, қаматып та қояды. Бірақ балықтай сусып қолға тұрмайтын С. жылап-сықтаған болып, бұлардың сеніміне қайта кіріп, «еш ақысыз құжатыңды жасап беремін» деп, қолхат беріп, қамаудан қайта шығып кетеді. Қысқасы, Асқарбайдан түйе мінген С. құжат та жоқ, ақшада жоқ, бұларға қарасын көрсетпей кетеді. Енді Сарыағаштан А. деген әйел шығады. Ол да Асқарбайдың құжатын дұрыстап беремін деп, 450 мың теңгені қалтаға басып алған. Бірақ оңтүстікке қарап мойнын созған Асқарбай мен Гүлнар күдерін үзген. Элмурадовтардың отбасын теспей сорған әйелдер өздерін «делдалмын» деп таныстырады екен. Сонда ондай «делдалдардың бір жағында – Элмурадовтар, ал екінші жағында кімдер тұрды?» деген сұрақ өзінен өзі бас көтереді. Оны «делдалдар» мен Алла ғана біледі.

Жоғарыда Асқарбайдан басқа оның биыл 19 жасқа толатын егіз ұлы Асан мен Үсеннің де қазақстандық азаматтығы жоқ екенін айтқанбыз. Бұл жөнінде Рудный қаласы ІІБ бастығының міндетін атқарушы А.Байзақовтың 2020 жылы қаңтар айында жазған хатына Жамбыл облысы ІІД ҚҚҚБ бастығының орынбасары А.Тұрдалиев Г.Элмурадова Қазақстан азаматтығын 2011 жылы 22 қарашада алғанын, ал балаларының азаматтыққа өтпегендігін хабарлаған. Балалар анасына неге тіркелмей қалған? Осы жөнінде Рудный қалалық көші-қон қызметінің бастығы Біржан Аманбаевтан сұрағанбыз.

– Әрине, оның бір негізі болуы мүмкін, егер ешқандай негізі болмаған жағдайда, Гүлнар Элмурадованың құжаттарын қабылдаған Тараз қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының салғырттығынан басқа не болушы еді? – дейді Біржан Қайыржанұлы. Расында, азаматтардың толтырған құжатының дұрыс-бұрыстығын тексеріп алмаса, маман ол жерде несіне отырады? Мұны айтып отырған себебіміз, Гүлнар өзіне азаматтық алуға құжат толтырғанда үш баласын бірге көрсеткенін айтады.

Асан мен Үсеннің ата-анасы Өзбекстаннан олардың екі жасында көшіп кетсе де, екі ұл неге осы күнге дейін Өзбекстан азаматы болып саналатындығын әу баста оларға ешкім түсіндіріп айтпағаны таңғалдырады. Әдетте, құжатсыз қалған жандар «алды жалын, арты мұз» болып, есеңгіреп қалады. Мұндайда жергілікті құзырлы органдардың мамандары еліміздің заңдарын білмейтін қандастарға жете түсіндіру жұмысын жүргізуі ләзім еді. Бірақ көбіне олай болмайды. Осы орайда, қарапайым, ауылда өскен Асқарбайдың алаяқтарға талануына таңғалуға да болмайды. Міне, Гүлнар Элмурадова да Қазақстан азаматтығын алғанымен, Өзбекстан президентінің атына сол елдің азаматтығынан шығу туралы жазған арызына мемлекет басшысы қол қоймайынша, Өзбекстан азаматы болып санала беретінін енді біліп отыр.

Тағы бір айта кететін жағдай, Өзбекстан елшілігінің Алматыдағы консулдығына жоғалтқан Өзбекстан төлқұжатын қалпына келтіруге арыз берген Асқарбай бара-бара аяғынан тозып, шаршаған. Қос ұлы осындай шым-шытырық құжаттық іс ағынымен тарихи Отанының толыққанды азаматы бола алмай әлек. Егіз ұл қазір ауылда да, қалада да қат болып саналатын токарь мамандығын меңгерген. Бірақ оларды ешқандай кәсіпорын жұмысқа алмайды, есіктің сыртынан қайтарады.

Он жылдан бері құжатсыз күйзелген Элмурадовтар отбасын құжаттандыру ісіне қазір «Отандастар» қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы көмекке келді. Қазір тиісті жұмыс басталды.

Бір айта кетерлігі, Қостанай өңіріне қоныс тепкен қандастар арасында құжатын жоғалтып алған немесе аралас некедегі отбасылардың азаматтық ала алмауынан жұмысқа тұра алмай, балаларының нәпақасын тауып бере алмай, кедейшіліктің шеңгеліне іліккендер баршылық. Әсіресе, Өзбекстаннан келген ағайындар оның зардабын қатты тартып жүр.

 – Тек Өзбекстаннан ғана емес, бізден Беларусь, Украина, Ресей, тағы басқа елдерден келіп, құжатын жоғалтып алған, қиын жағдайға тап болған мигранттар көмек сұрайды, бірақ олардың мәселесі оңай шешімін табады. Өйткені Өзбекстаннан басқа елдердің елшіліктерімен, консулдықтарымен жұмыс істеу жеңіл, – дейді Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының Қостанай облыстық филиалының директоры Махаббат Ахметбекова.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдауды» тапсырды. «Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе» деп қадап тұрып ескертті. Атажұрт деп аңсап келгенмен, Қазақстанның қай шалғайы болса да сырттан келген қандастарымыз үшін жаңа жер, олар оның ой-шұқырын біле бермейді. Заңдар мен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру механизмдерінің әлсіздігінен алыстан келген ағайындар бетпе-бет келіп отырған әлеуметтік мәселелер аз емес. Құжаттарын түгендеудің қиындығынан қандастардың құқығы тапталып, тағдыр тәлкегінде қалып отыр. Арқасын ер қажаған аттай ығыр болғандардың рухы түспесін деңіз...

 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

журналист

ҚОСТАНАЙ